Дін-діңгек

Пікір алуандығынан ақиқат туады

Шындықты айтамыз деп шектен шығып барамыз. Ізденген – жақсы, бірақ тапқан шындығымыз Адамшылықты арттырмаса, Қазақтың береке-бірлігіне сызат түсіріп, көңіл мұздатса – бұндай шындықта қадір бар ма?! Қасиет бар ма?! Жалпы сол тапқанымыз – шындық па өзі?! Шындық шығар, бірақ ақиқат емес! Өйткені Хақ дүниеге ешкім таласпайды: көздегені басқа өзімшіл өрекпе біреу болмаса, таласпайды! Мысалы, «Талапты ерге нұр жауатынына» кім таласады? «Мақсат айқын болса – армандар орындалатынына» кім таласады? «Жақсылық қылсаң – өзіңе, жамандық қылсаң – өзіңе» екеніне кімнің дауы бар?!..

Қазіргі таласушы тараптар нені мақсат етуде? Ақиқатты, шындықты, Ұлт қамын! Онда неге артық сөз көп? Неге мұқату мен қорлау, қорқыту мен мазақтау басым? Осыған қарағанда біразымыз Мақсатымызды айқындап алмаған сияқтымыз.

Ақиқатқа ұмтылу – Хақ Тағалаға сапар шегу. Шындық – ақиқаттың бір қыры. Ұлтқа қызмет – сол жолдағы мұрат! Осы тұрғыда қам-қарекетімізге мән берейікші.

Мысқылдаумен, мазақтаумен, намысқа тиіп, балағаттаумен ешкімге жәрдем бермейміз, еш қазақтың ақылын арттырып, санасын нұрландыра алмаймыз! Ең дұрысы – «Дұрыс» деп тапқан дүниені жазып, ортаға салу керек. Әдеп сақтап, пікірімізді дәлелімен ұсынуымыз керек. «Әдепті бала – арлы бала» демей ме аталарымыз?! Ардан аттамайық! Аталарымыз айтпақшы: «Екі жаман таласса – кір шығады, екі жақсы таласса – сыр шығады!».

Әбу Ханифа (Ол кісіні Алла рақымына бөлесін!) шәкірт баласына пікір таластыруға тыйым салғанда, «Өздеріңіз ше? Сіздер, тіпті, апта бойы айтысып жатасыздар ғой!» деген баласына не деп еді? «Сендер «жеңсем» деген оймен таласасыңдар, ал біз (ғалымдар) «турасын тауып, ақиқат ортаға шықсын» деп айтысамыз!» деген. Міне мақсаттың айқындығы, ниеттің тазалығы деген осы!

Тәңірлік сенім – біздің тарихымыз; дәстүріміздің ішінде, тіліміздің құрамында, дүниетанымымыздың бойында жатқан түп тарихымыз. «Көкте – бір Тәңірі» ұғымы – «Жаратушы жалғыз Алла» танымына ұштасқан. Салиқалы салт-санамыз соңғы уахимен толығып, түлеп, кемелін тапқан! Сақ, ғұн, түркі жұртының (одан арғысын білмедік) мұрагері қазақты тану, түсіну – тұтас тарихты таразылағанда ғана дұрыстыққа жақындамақ. Әйтпесе Тәңірге табынған түп тегіңді мансұқтау немесе кешегі мыңжылдық (Ислам өрісіндегі) жолыңды сызып тастауға тырысу – жадыңды сызу, түпсанаңа зорлық жасаумен тең әрекет! Ақыл-есіңді есеңгіреткеннен басқа пайдасы жоқ!

Бізге бөлшектеу емес, біріктіру (синтез жасау) маңызды. Әркім өз «көзілдірігін» киіп алып, «мынау ақ, мынау қара» деп таласқаннан ешкім ұтпайды. Жерге сызылған «9»-дың екі жағында тұрып алып, айтысқан екі әпендіден айырмамыз болмай қалады!

Жаратушы – бір, адам баласы – бауыр, бүкіл елшілер бір дінді насихаттаған! Басы – Тәңірі сенімі болса (басқасын айтуға білім жоқ), аяғы – Ислам дінімен тұйықталған. Сондықтан көп құндылықтар – қазаққа ғана емес, бүкіл түркі жұрағаты мен барша адам баласына ортақ! Сол себепті дінге емес, Құдайға сыйынған пенде ақиқатқа жақын болмақ…

Фанатизмнің басы – «Елдің бәрі мендей ойлауға, мендей болуға тиіс» деген саяз түсніктен туындайды. Әр елдің, әр ұлттың – өз жазмышы, жүріп өтер жолы бар! Әр пенденің де – өз тағдыры, өз таңдауы, өз деңгейі бар! Сол үшін ешкім ешкімге төреші бола алмайды! Осы тұрғыда ешкім ешкімнен не артық, не кем емес! Өз жолында, өз деңгейінде, өз сынағында…

Өмір – өзгеріс; сол себепті танымда – ізденіс, іс-амалда – мейірім мен әдідік алдыңғы орында болуы керек. «Бәрін түсініп алдым» деген адам жаңылады! Ол жайлы дана қазақ: «Болдым деген сөз – солдым деген сөз» депті.

Иә, ақиқатқа жету – бір нүктеге барып тірелу емес, Хаққа жақындау, яғни, үдемелі үдеріс (процесс). «Арғы жағын Бір Алла біледі рас» (Абай).

«Жау жоқ деме – досыңда, дос жоқ деме – жауыңда» деген, «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақ қандай данышпан!

«Біріңді, қазақ, бірің дос Көрмесең,

істің бәрі – бос» деп кеткен Абай Хәкімнің сөзі қандай!

«Әр қазақ – менің жалғызым!» дегенді Сабыр Адай ағамыз қалай дөп айтқан! «Махаббат жоғалса – ұрпақ азады, достық жоғалса – қоғам азады» деген Пайғамбар (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өсиеті қандай!

Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің, 13-аятында: «Уа, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлт-ұлыстарға, ру-тайпаларға бөлдік. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуа (адамгершіл) болғандарың. Шәксіз, Алла – толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» деген ұлы жаратушының ескертпесі қандай!

Алғадай Әбілғазыұлы.

Kazislam.kz

Басқа материалдар

Back to top button