Жаһанға үн қатады жырыменен
Қазақтың ардакүрең ақыны, жампоз ұлдарыңыз Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ әлемдік «WORDTRIP» жобасында. Бұйырса, бүгін әлемдегі 51 мемлекеттің шығармашылық тобы өкілдерінің арасында ақынның жаһандық індетті өзек еткен «?» («Сұрақ белгісі») поэмасы оқылатын болады.
Қазақ поэзиясындағы қабырғалы ақындардың бірегейі, шығармалары әлемнің бірнеше тіліне тәржімәланған Ғалым Жайлыбайдың «Сұрақ белгісі» поэмасы қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында жақында ғана жарияланған. Оқырман тарапынан оң бағаланғаны тағы мәлім. Әлемді шарпыған каронавирус індетін негізге ала отыра, адамзат баласына түрлі ой салатын туындысы арқылы автор енді жаһан жұртшылығына үн қатады. Анығын айтқанда, 8 күн бойы, маусымның 1-8 аралығында Facebook, You Tube әлеуметтік желілерінде күніне 6-7 мемлекеттің өкілдері бүкіл әлемді сынаққа алған, пандемиялық сипат алған дертке қарсы барлық адам баласын ауызбірлікке шақырған шығармаларын ұсынады. Әлем жұртшылығына тарататын туындыларды «WORDTRIP» жобасы 51 мемлекеттен іріктеп алған екен. Солардың арасында алғашқылардың бірі болып 2 маусымда Қазақстан атынан шығатын ақынымызды көп болып қолдайық, ағайын! Сілтемесі мынау: https://www.parislitup.com/ wordtrip.
«Жүрегімде жаһанның мұң-наласы,
Шырақ-жырдың осы ма шын бағасы?..
Бір сөз айтып кетсем деп кейінгіге
Кірпік ілмей жүремін түн баласы» деген ақын кезінде. Шын жүйрік уақыттан озып жырлайтыны осыдан байқалса керек. Алаш ақынының жырлары әлем жұртшылығы алдында салтанат құра берсін!
Жәнібек ӘЛИМАН.