Тарихты зерделеу – ұрпақ міндеті
Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Memory» жобасының жыл сайынғы «Тағзым эстафетасы» акциясы аясында, «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты онлайн кездесу өткізді. Шараны №134 негізгі мектептің ұстазы Ербұлан ХҰМАРБЕК тізгіндеді.
Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген еске алу күнінің маңызы жөнінде тереңірек айтылды. Мұның бәрі бізге, өткеннің ауыр сабақтарын сараптай отырып, адамзаттың бүгінгі және болашақтағы тарихында осындай зұлматты болдырмауды міндеттейтінін тілге тиек етті қонақтар. Долинка кентіндегі мұражай қызметкерлері – Әсем Жұмабаева мен Әйзере Омарбек Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің ұйымдастырылуы мен құрылымы, бөлімшелері, онда жазасын өтегендер туралы сұрақтарға жауап берді.
«Сталиндік режим 1937-1938 жылдарда Қазақстанда жүргізген үлкен террор» атты баяндамасын жұрт назарына ұсынған Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Нұртас Смағұлов тың деректерге тоқталды.
– Сол дәуір саясаты қандай мақсатта жүргізілсе де, қырғынға ұшыраған миллиондаған халықты қайта тірілте алмайтынымыз анық. Репрессия жылдары еліміз үлкен түзеу лагеріне айналды. Онда нақақ жаламен бүкіл кеңестік елдердің азаматтары отырды. Түрлі этнос өкілдері қудала нып, қазақ даласын паналады. Ал, қазіргі бейбіт өмірімізге шүкіршілік етуіміз керек, – деді Нұртас Бірлікұлы.
Онлайн-кездесуге Нұр-Сұлтан қаласынан қосылған «Құрмет» орденінің иегері, жайықтанушы Еркін Дәуешов тағдырлы жaзушы Жaйық Бектұpовтың өнегелі өміріне тоқталды. Оның айтуынша, Ж.Бектұровтың есімі Ақкөл ауданының №3 қазақ орта мектебіне беріліп, білім ошағында мұражайы ашылыпты. Орталық көше де жазушының атымен аталады. Сондай-ақ, ол Халық қаһарманы Жұмабек Тәшеновтің ерліктеріне де тоқталды.
Конференцияға қатысушылар зұлмат жылдардың қасіретін заман биігінен таразылап, ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың кесірінен мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасы төгілген тарихтың шерлі беттері хақында әңгіме өрбітті.
Қанқұйлы жылдардың жазықсыз құрбаны болған жандардың есімдерін ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек үңілу – бүгінгі ұрпақ парызы.