Ізгілік ізін суытпай

Қарағандыдағы «Әнет баба» мешітінде өткен басқосуда облыстық дін істері басқармасының басшысы Дулат ХАЛЕЛ мен ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА бірқатар қоғамдық қор мүшелері мен еріктілерді марапаттады. Яғни, қасиетті рамазан айында жасалған қайырымды істердің нәтижесін қорытындылап, сындарлы сәтте бірлесе жұмыс жасаған жанашыр жандарға алғыстарын білдірді.

Айталық, қала мешіттерінің «Зекет» корпоративтік қоры мен «Ана-Мама» қоғамдық қорының ынтымақтаса жұмыс істегенінің арқасында ырыс еселенді. Жақсылық жолында 3600 адамға ауызашар тағамы беріліп, 2300-ден астам отбасыға азық-түлік қоржыны жеткізілді. Осы игілікті істің басы-қасында болғандарға басқарма басшысы алғыс білдіріп, лебізін жеткізді.

– «Мен тарыдай жақсылық қылсам, адам атануға ұялмаймын» деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, әрдайым мұқтаж жандарға жанашыр сүйеу болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну – халқымыздың қанына сіңген ең ізгі қасиеттердің бірі. Қазақта «асар» деген сөз бар. Елге қол ұшын созу деген қазақтың бойында бар қасиет. Міне, сол еріктілер қиын кезде әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын беріп, мешіт – ізгіліктің ұясы екенін анық байқатты, – деді Дулат Қанышұлы.

Келесі сөз алған Өмірзақ қажы Қазкенұлы да жамағаттың бірлігіне ризашылығын білдірді. Және хадистерден мысал келтіріп, қайырымдылықтың қастерлі амал екенін жеткізді.

Шара соңында ізгіліктің ізін суытпай, еріктілер мен қоғамдық қорларға Алғыс хаттар, діни кітаптар табыс етілді.

Қасымхан ҒАЛЫМ.