Карантиннің «қабырғасы қаусады»
Елімізде жағдай бірқалыпты болғандықтан, 1 маусымнан қалааралық блок-бекеттер алынды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек ТАЙЖАНОВ мәлімдеді. Сәйкесінше, ерекше карантиндік бақылауда болған Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде де шектеулер жеңілдеді. Алайда, «Сақтықта – қорлық жоқ» демекші, санитарлық талаптарды сақтауға міндеттіміз.
Жәнібек Тайжановтың айтуынша, ведомствоаралық комиссияның 1 маусымнан қалалар арасында блок-бекеттерді алып тастау шешіміне сәйкес, 5 маусымнан тасымалдау шараларын жандандыру жұмыстары жүзеге асырылады. Әкімдіктер жолаушылар тасымалы кезінде коронавирус инфекциясының алдын алудың тиімді шарасы бола алатын алгоритмге сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды.
Ведомствоаралық комиссияның отырысында халық мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып, аймақта шектеу шараларын жеңілдету бойынша қосымша шешімдер қабылданды.
Осыған сәйкес, 1 маусымнан Қарағанды облысы аумағындағы карантиндік аймақтардан блок-бекеттер алынып тасталды.
Мешіттер 30 адамдық діни рәсімдерді өткізе алады. Бірақ, санитариялық-дезинфекциялау шаралары толық сақталуы тиіс.
Облысаралық, қалааралық, қалаішілік, ауданішілік, ауданаралық жолаушылар тасымалы жұмыстары қайта жанданып, автовокзалдар мен автостанциялар да жұмыстарын бастайды.
Қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, ғимараттан тыс және ғимарат ішінде орналасқан азық-түліктік емес базарлардың жұмыс істеуіне рұқсат бар.
Теміртау қаласында, Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде де қоғамдық тамақтану нысандары, оның ішінде жазғы алаңдар 30 адамға дейін ғана тұтынушы қабылдай алады. Үстелдердің арақашықтығы 2 метрден кем болмауы тиіс. Той, банкет және басқа да ұжымдық іс-шаралар өткізілмейді. Санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейте отырып, әр үстелде төрт адамнан артық болмауы қадағаланады.
Балабақшалардағы кезекші топтар қызметі де ортақ тәртіппен жүзе асырылады. Әр топтың кіру-шығу есіктері бөлек болады. Топтардағы бала саны оннан аспауы, жатын орындарының арасы 1 метрден кем болмауы керек.
Әрқайсымыз індеттің алдын алу шараларын, атап айтқанда, бетперде кию, жеке бас тазалығы, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, қарым-қатынасты азайту талаптарын орындауға тиіспіз.
Жәлел ШАЛҚАР.