“Қазақтану” қазаққа не береді?
Ақпараттың алтын ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Ғаламтордың шығуы мемлекеттер арасындағы шекараны жойды. Жаһандану дәуірі жаңа көзқарастардың пайда болуына жол ашты. Құндылықтар өзгерген. Әлем елдері ұлттық болмысы мен дәстүрін сақтап қалу үшін барын салуда. Ұлы көштен біз де тысқары қалмадық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қабылдап, ата дәстүрімізді заманға сай жаңғыртуды қолға алдық. Елбасымыздың ұсынысымен «Қазақтану» тұжырымдамасы қабылданды. Бұл жобаның көздегені не? Ол қалай жүзеге асады және қазаққа не береді? Саралап көрсек…
«Қазақтанудың» көздегені не?
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында Елбасымыз керемет бастама көтеріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Қазақтану» тұжырымдамасын қабылдауды ұсынды.
Бұл жоба еліміздегі түрлі этнос өкілдеріне қазақтың тамыры тереңге жайылған тарихын, дәстүрін және адамгершілік қасиетін дәріптейді. Сонымен қатар, қазақстандықтардың ортақ мәдени коды – біртұтас құндылықтары мен жалпыұлттық тарихи сана негізінде халықтың бірлігін нығайтуды көздейді.
Қазақстан жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің құтты қонысына айналғалы қай заман. Халқымыз адамды діні, ділі, ұлтына қарап емес, адами қасиетіне сай бағалап, бауырға тартқан. Қазақ елінің дархандығы ұлттардың арасындағы байланыстың алтын көпіріне айнала білді. Ана сүтімен бойымызға дарыған осы бір асыл мінезді көздің қарашығындай қорғап, заман талабына сай кәдеге асыра білсек, ұлттық болмысымызды да сақтап қаламыз. Мұны Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да баса айтқан болатын.
«Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни, болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев.
«Қазақтану» жобасы ұлт пен ұлыс өкілдерін мемлекет құраушы қазақ ұлтының айналасына топтастырады. Қазақ жерінің асты-үсті бағалы қазынаға толы. Сол байлыққа қызыққан күштер ел тыныштығын ұрлауды, алауыздық отын жағуды аңсайды. Бұған тойтарыс беретін бірден-бір күш – ел бірлігі.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемге береке-бірлігі жарасқан мемлекет ретінде таныла білді. Алып империя ыдырап, жүздеген ұлт өкілдері тұратын жас мемлекет отау тіккенде болашағымызға күмәнмен қараған жандар көп болды. Бірақ, Елбасымыздың көреген саясатының арқасында татулық пен тұрақтылықты сақтай білдік. Әлемде баламасы жоқ институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ол елдегі татулық пен тұрақтылықты сақтап, аз ұлттарға туған халқының тілін, мәдениетін жаңғырту мүмкіндігін ұсына білді.
– «Қазақтану» – бұл қазақ мәдениеті, философиясы, тарихы, қазақ халқының орасан зор мұрасы. Қазақ халқы өз жағдайларының мүшкіл болуына қарамастан, қуғын көрген ұлыс өкілдерін бауырына басты. Үкімет «халық жауы» атанғандарға көмек көрсетуге тыйым салған болатын. Бірақ, қазақтар басын қатерге тіге отырып, көмек қолын созды. Елбасы айтқан «Ұлттық код» деген сол.
Мемлекет құраушы ұлттың түп-тамырын әрбір қазақстандық білуі тиіс. «Қазақтану» басқа ұлыстарға ғана бағытталған жоба емес. Өскелең ұрпақ ұлттың барша байлығын бойына сіңіруі керек. Оны жас ұрпаққа жеткізіп, сіңіретін зиялы қауым өкілдері болмақ. Ел бірлігі Ассамблея жұмысына ғана байланысты емес. Бұл жолда бәріміз үлес қосып, еңбек етуіміз керек. Экономиканы ілгерілету арқылы, дән егіп, береке өсіру арқылы, білім беріп, білім алу арқылы, бәсекелестікке қабілетті білікті болу арқылы үлес қосуымыз керек, — деді Ассамблея төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко.
Жоба қалай жүзеге асады?
«Қазақтану» жобасы жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін жетілдіре түсуді көздейді. Осылайша, қазақ ұлты мен этнос өкілдері арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық құндылықтарды насихаттау, бабалар мұрасын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінген.
Жобаны жүзеге асыру барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы алаңдарында қазақ мәдениетінің, қоғам мен мемлекеттің қалыптасуында басты рөл атқаратын толеранттылық, өз ошағыңды құрметтеу, туған жерге деген сүйіспеншілік, сөз қадірі, қонақжайлылық пен достық, адамның ар-ожданы қағидаларына баса назар аударылған. Оны осы жоба қамтитын тақырыптардан-ақ байқауға болады.
Жобаны жүзеге асыру барысында келесі тақырыптар қамтылады:
1) Мықты елдің мықты адамдары;
2) Сөздің ұлы құдіреті;
3) «Үшкір бұрыштары жоқ шеңбер» өмірлік философиясы;
4) Туған жерім, отбасым – ошақ қасым, ана тілім;
5) Қазақ тәрбиесі жүйесіндегі ар-намыс пен абырой;
6) Жолаушылар – «жол балалары»: Ұлы даланың қонақты қадірлеу қасиеті;
7) Ұлы даланың ұлы ойшылдары;
8) Образ, ой, сөз (қазақ әдебиеті);
9) Мәңгілік Тәңірден Исламға дейін;
10) Рухани киелі жерлер – ұлы бабалар мұрасы;
11) «Бабадан-балаға/Ел аузынан» – қазақтың ауызекі дәстүрі;
12) Ғасырлар дәстүрлерін сақтау: қазақтардың мәдени коды және толеранттылық;
13) Атымтай жомарттар елі: қазақ қоғамы және қайырымдылық.
«Қазақтану» жобасы тек Қазақстан халқы Ассамблеясының мойнына жүктелген міндет емес. Еліміздегі барлық ұйымдар, білім ошақтары, кәсіпкерлер мен жеке адамдар жобаның сәтті жүзеге асуына өз үлесін қосады.
Қарағандыдағы қарекет қандай?
Бүгінде Қарағанды облысында сан түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Облыс орталығындағы сән-салтанаты келіскен «Достық» үйінде этномәдени орталықтар құрылып, ұлыстардың дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтау жолында жемісті жұмыс атқаруда. Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан «Қазақтану» жобасы бойынша ауқымды шаралар ұйымдастырылды
Мәселен, осы жақында ғана өткен «Мың бала» республикалық мәдениағарту жобасының облыстық кезеңі қорытындыланды.
Оның мақсаты – түрлі этникалық топтардың мектеп жасына дейінгі балаларға және мектеп оқушыларына қазақ тілі мен мәдени ортасына бой үйретіп, мемлекеттік тілді меңгеруіне, қазақтың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойына сіңіру мүмкіндіктерін ұсыну.
«Мың бала» жобасына қатысқан балалардың ұлты бөлек демесең, қазақ баласынан айырмасы жоқ. Қазақтың тілін, дәстүрі мен әдебін ерте жастан еркін меңгергендерін көрсете білді.
«Қазақтану» жобасының қарқынды жүргізіліп отырғанының тағы бір дәлелі ретінде Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойына арналған «Даланың дара данасы» байқауын да тілге тиек етуге болады.
Бұл байқаудың мақсаты – Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктерінің мүшелері арасында Бұқар жырау шығармашылығын насихаттауды күшейту. Бұқар жырау шығармаларын орындайтын ерекше таланттарды анықтап, қолдау көрсету, жырау шығармаларына жас ұрпақтың қызығушылығын арттыру.
Байқау қонақтарын Доскей ауылындағы өнер мектебінің ұлт аспаптар оркестрі музыкалық қойылыммен қарсыалып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Концерт залының қазақ танымына сай безендірілуі кештің шырайын аша түскендей әсер етті. Ұлы бабаның мұрасын насихаттауды мақсат тұтқан байқау облыстық деңгейде ұйымдастырылса да, оған қатысуға сонау Түркия мен іргедегі Өзбекстан азаматтары тарапынан да өтініш келіп түскен. Байқауға төрелік еткен профессор, ағылшын тілінің маманы Жаңбырбай Қағазбаевтың айтуынша, бұл қауанарлық жағдай. Бұқар бабамыз елді бірлікке, ынтымаққа шақырды. Қиын-қыстау заманда халықтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы жолында аянбай еңбек етті. Бүгін міне, сол бабаның ұрпақтары сан түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында ұйытып, береке-бірлікте тұрмыс кешіп жатыр.
Қарағанды облысын атымтай жомарттардың елі деп айтуға да толық негіз бар. Кәсібін дөңгелетіп, экономикамызды өрістетуге атсалысып жүрген кәсіпкер азаматтардың қолы ашық, айналасына мүмкіндігінше қолдау көрсетуге әзір. Өткен жылдың қараша айында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен жаны жомарт жандардың клубы құрылды. Оған жомарттығымен аты шыққан 23 азамат мүшелікке қабылданып, түрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруға атсалысып келеді.
«Қазақтану» жобасының аясына «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобаларын да ерекше атап өткен жөн. Елбасымыз атап өткендей, оның Ассамблеяға тікелей қатысы бар. Құндылықтар мен көзқарастар түбегейлі өзгерген ХХІ ғасырда жастарға үлгі болатын, халықтың бейнесін айқындайтын жаңа тұлғалар қажет. Сондықтан, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын іске асырудың қадамдық алгоритмі әзірленді. Елелуі еңбегімен көптің қошеметіне бөленген жандардың кандидатуралары ұсынылды.
«Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» жобасының аясында да айшықты жұмыстар атқарылуда. Қарағанды облысында ұлт ұясы атанған Ұлытау, сұлулығымен талайды тамсандырған Қарқаралы, үш арыстың елі Ақтоғай тәрізді ұлт тарихында елеулі орын алатын орталықтар бар. Қарағанды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы тарапынан киелі жерлерді насихаттау аясында форумдар, дөңгелек үстелдер және сапарлар ұйымдастырылуда.
Жастар туған жердің тарихын білуі керек. Кітаптан оқу бір бөлек, көзбен көріп, ауасымен тыныстау мүлдем басқа әсерге бөлейді. Өскелең ұрпақтың бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілікті ояту мақсатында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен Жезқазғанда «Руханият» тарихи-танымдық этноауыл экспедициясы өтті. Алты күнге жоспарланған бағдарламада қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне қатысты шаралар қамтылды.
Бұл жұмыстар Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында соңғы айда атқарған шаруалары ғана. Бұған дейін де ауқымды акциялар мен танымдық тәрбиесі мол шаралар ұйымдастырылған еді. Олардың барлығы өскелең ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік қасиетті оятумен қатар, этнос өкілдерінің қазақ танымына жақын бола түсуіне жол ашады.
Түйін
Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жүзеге асып отырған «Қазақтану» жобасы ұлт үшін аса маңызды сұраққа жауап іздейді. Біз кімбіз? Қайда барамыз? Қайтсек керегесі кең, шаңырағы биік ел боламыз?
Әлем Қазақстанды татулық пен келісімнің өзіндік моделін жасаған ел ретінде таниды. Ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті тіршілік етуі дүниежүзілік қауымдастықтар тарапынан «Қазақстан феномені» деп бағаланды. Мұның барлығы тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістігіміз және ұлтымыздың қанына сіңген қасиеттің арқасы. Қазыбек бише айтқанда, «Досымызды сақтай білген елміз, Дәмі, тұзын ақтай білген елміз».
Қызыл террор кезінде қазақ көп қиындық көрді. Әсіре бесенділер малын алып, жанын саудаға салды. Қаншама қандастарымыз туған жерін тастап, жыраққа кетуге мәжбүр болды. Әйтсе де, қанға сіңген қасиет адалдық пен бауырмалдық өшкен жоқ. Депортацияланған ұлттарға пана болып, қанатымыздың астына алуымыздың өзі осыны айшықтайды.
Тағдыр қосқан, бауырмалдылық байланыстырған этностардың өзара араласып, ата дәстүрі мен өмірлік ұстанымдарын ұштастыра отырып, еңселі ел болуға ұмтылуы – заңды. Осы ретте, «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында жүргізілетін кешенді шараларға, танымдық лекторийлер мен экспедицияларға сәттілік тілейміз. Бәріміздің көздегеніміз бір мақсат – тыныштық пен тұрақты даму.
Нұрлыхан Қалқаманұлы,
«Орталық Қазақстан»