Сынып сағатының салтанаты

Аймақта 123 мыңнан астам оқушы қашықтан оқиды. Биыл облыс бойынша 1-сынып табалдырығын 21 571 бала аттады. Ал, өңірдің барлық білім беру мекемелерінде Білім күніне арналған сынып сағаттары өтті. Олар биылғы атаулы күндерге орайластырылды. Бірақ, дәстүрлі режимде оларды тек кезекші сыныптарда ғана өткізді.


Қарағанды облысының білім басқармасының нақты дерегі бойынша, өңірдегі оқушылардың жалпы саны 199 007 баланы құрайды, оның ішінде штаттық режимде 17 мыңнан астамы, кезекші топтарда 58 мыңнан астамы оқиды. Қашықтық форматта 123 102 оқушы білім алады.

Білім күні ҚР Конституциясының 25 жылдығына, Ұлы ойшыл Әл-Фарабидің 1150 жылдығына және Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған сынып және кураторлық сағаттар өтті. Бұл сабақтар қашықтан білім алушылар үшін онлайн-форматта, дәстүрлі түрде – штаттық режимде және кезекші сыныптарда оқитын балалар үшін өткізілді.

Қашықтан оқыту SDOT «Білімал», Daryn.online.kz және Edupage сияқты интерактивті платформалар арқылы өтеді.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек №103 мектеп-лицейде болып, білім ошағының жаңа оқу жылына дайындығымен танысты.

– Барлық мектептер оқыту форматына байланысты санитариялық құралдармен қамтамасыз етілген. Бүгінде оқулықтарды тиеу және жеткізу толығымен аяқталды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың оқушыларына роутерлер және модемдер әперілді. Сонымен бірге, бюджеттік қаражат есебінен мұқтаж адамдарға қаржылай көмек көрсетілді. Оқулықтар беру бойынша жұмыстар аяқталуда, – деді білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.
Оның айтуынша, мектептер ерекше оқытуды қажет ететін балаларды оқыту үшін де дайын.

Сондай-ақ, облыс әкіміне колледждерде оқу үдерісінің қалай жүргізілетіні баяндалды.

Санитариялық-эпидемиологиялық жағдайларды ескере отырып оқу процесі аралас режимде ұйымдастырылған. Штат режимінде 8 ауыл колледжі оқуын бастады, онда студенттер саны 200 адамнан аспайды. Қалған колледждерде оқыту қашықтық форматында өтеді.

Интернетке қолжетімділігі жоқ 1 350 студент үшін бөлмеде бір адам болу талабымен – жатақханада тұрып қашықтықтан оқыту ұйымдастырылады. Оларға тамақ асханадан беріледі.

Облыста 69 колледж жұмыс істейді. Осы оқу жылында барлығы 39 751 студент оқиды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мектеп оқушыларының және студенттерінің сапалы оқуын қамтамасыз етуді талап етті.

– Жаңа оқу жылы дәстүрлі емес форматта басталады. Бұл елге қиындау болады. Қала және аудан әкімдеріне білім басқармасымен бірлесіп жұмысты күшейту қажет. Санитариялық талаптарды сақтауды және қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алу керек, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Жәлел ШАЛҚАР.