Сәкен бейнелі салиқалы басылым
1938 жыл. Сұңқар болмысты Сәкен тағдыры оққа байланып, жендет қоғамның желбезегі майланған уақыт. Ақпанда Сәкен атылды. Сәуірде «Жаңаарқа» газеті жарық көрді. 1929 жылға дейін Асан қайғы ауданы болып келген өңірге Жаңаарқа атауын қойған да Сәкен болатын. Жаңарған, жайнаған өлке бұдан былай Жаңаарқа болсын деді. Жазиралы Жаңаарқа атауының Сәкен есімімен қатар аталуы сондықтан.
Ұлт руханиятының қызғыш құсы Сәкен Сейфуллиннің туған жерінде бір газет ашуға шамасы келмеді дегенге сенесіз бе? Жоқ, әрине. Армандады. Қолға алды. Бастама көтерді. Алайда, «Жаңаарқа» газеті жарық көрерден тура екі ай бұрын (25 ақпан-25 сәуір) Сұңқардың қанаты қырқылды. Ендеше, бүгінде 80 жылдық тарихымен ақпарат айдынында еркін жүзген «Жаңаарқа» газетінде Сәкеннің арманы мен аманаты бар.
…Қара танығалы «Жаңаарқа» газетінің оқырманымын. Газеттің кезекті санын ғана емес, тарихын да талғам таразысына тартып, қызыға оқыдық. Мен білетін «Жаңаарқа» газеті – тағдырлы басылым. Алғашқы редакторы Нұрқайдар Тұрғанбаевтың Конститутция күніне арналған өлеңінен «саяси қате» табылып, тура сол 1938 жылы «халық жауы» болып ұсталып кеткен. Осыдан кейін-ақ, буыны бекіп үлгермеген газет Орталық Комитеттің «қырағы назарында» болып, цензура адымын аштырмаған жылдарды басынан өткерді.
Анықтама үшін:
Алғашында «Лениндік жол» атауымен жарық көрген газеттің одан кейінгі редакторлары – Қанат Әлімжанов, Әбдірахман Нұршин, Сүлеймен Әдаханов, Оразалы Жұмабеков, Әбсалам Тәкешов, Жанат Итқарин, Қыдырбай Бексейітов. Тың игеру жылдарында екі тілде жарық көріп, бұл кезеңдерде га зет тізгінін Н.Блудчий, Ғ.Әлжаппаров, И.Прокин ұстады. Ал, 1960 жылы «Жаңаарқа» атауымен жарық көре бастады да, орысшасы «Новая степь» болып отау шықты. Редакторы болып Қарағанды журналистикасында айшықты қолтаңбасы қалған Әбікен Бақтыбаев тағайындалды. Одан кейін басылымды қарымды қаламгерлер Бұқпа Әшімов, Қалиакпар Әбілдин, Ұзақбай Мұқышев, Амантай Нығатаев, Атымтай Оспанов, Күлше Оспанова, Дүйсенбай Жұмасейітов, Бақтияр Қожахметов басқарды. Қазіргі редакторы – Салтанат Ералина.
…Ауыл поштабайын асыға күтетінбіз. Ол кезде «Жаңаарқа» газеті әдебиет әлеміне жаны құштар біздер үшін «Қазақ әдебиеті» газетімен пара-пар болатын. Өйткені, бұл жылдары газет мазмұны жазушы Асан Жұмаділдиннің, ақындар.
Хамит Жаманов пен Хамит Дәрібаевтың, Қалиакпар Әбілдин мен Сайлаухан Нәкеновтің, Ғалым Жайлыбай мен Бақтыбай Аманжоловтың жауһар дүниелерімен маңызданып, көркемдік деңгейімен көш бастады. Ара-тұра Алматыдан жолданған Ақселеу көкемнің жазбалары жарқ ете қалады. Белгілі аудармашы Марал Хасеннің фельетондары мен Ұзақбай Мұқышевтің көркем очерктері, Қашқынбай Сейсекеевтің тосыннан түсірілген фотолары тәрбиеледі біздің буынды. Осылардың ішінде Ұзақбай, Бақтыбай, Ғалым ағаларымнан басқаларының бәрі келместің кемесімен мәңгілікке сапарлап кеткен. Қолтаңбалары – газеттің мұрағаттағы тігінділерінде. Өмір-ай, десеңші… Есімі аталған қаламгерлердің барлығы қазақ әдебиетінен өз орындарын ойып алған тұғырлы тұлғаларға айналды. Бір ғана Асан Жұмаділдинді алыңыз. Сонау 60-шы жылдары қазақ әдебиетінің бүгінгі классигі Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» атты шығармасын әдебиет әлемінде тұңғыш мойындап, лайықты бағасын берген қаламгер. Асекеңнің ол мақаласы біздің «Орталық Қазақстанда» жарияланған. Сайлаухан Нәкеновтің сыршылдығын Тұманбай мойындап, көшелі пікірімен тұмарлаған екен. Сүйегіне сөз сіңіп, жүрегіне жыр дарыған Қирабай әулетінен шыққан Хамит ақсақал әдебиеттегі жолын бауыры Серік Қирабаевқа беріп, өзі ауылда қалған. Қалағаңның (Әбілдин) төрт тағандары тиген жерін ошақтың орнындай опырып кететін тұлпар тұяғындай еді. Әлем әдебиеті классиктерін (Нобель сыйлығы лауреаттарының шығармаларын) тәржімалаған Марал (Хасен) ағаның публицистикасы парасат патшалығындай еді. Алаш жырының ардакүреңі атанған Ғалым Жайлыбайды оқырманға таныстырып жатудың өзі артық. Кейін «Алматыға Арқадан көшіп келгем» деп жыр толғаған Ғалекеңнің Арқасы осы «Жаңаарқа» газеті болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді.
…Өз басым аудандық Мәдениет үйінің ту сыртында орналасқан газет редакциясының табалдырығын 8 сынып оқып жүргенде имене аттаған едім. Асекең, Қалағаң бастаған қаламгерлер шахмат ойнап жатады. Қолымдағы оқушы дәптеріне қырағы Қалағаңның көзі бірінші түсуші еді. «Мына бала жай келген жоқ. Қолтығындағы дәптерде қомақты дүниесі бар-ау деймін» деп, редактор Ұзақбай Мұқышевтің кабинетіне бастап баратын да Қалиакпар ағам. Ұзағаң да ерекше ықыласпен қарсы алып, жазған-сызғандарымды қарап шығады. Қарапайымдылықтан бастау алып тұрған даналықтары қанаттандырып жібереді ғой. Осылайша, газеттің белсенді авторы болып шыға келгенмін. Мектеп өмірінен жазылған тырнақалды дүниелерім де, жауқазын жырларым да осы «Жаңаарқа» газетінде жарияланды. Көкірегімде «Журналист боламын» деген арман оянды. Талпыныс тамырланды. Сөйтіп, бұл «Жаңаарқа» газеті мені әдебиет әлеміне алып келді.
…Сөз басында «Жаңаарқа» газетінің тағдырлы басылым екенін айтып өттім ғой. Иә, алғашқы редакторы «халық жауы» болып ұсталған газеттің өзі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «аудан бюджетінің масылы» болып жабылып қалған кездері де болды. Қаржы тапшылығынан есігіне қара құлып ілінген редакция ғимараты да «ұстағанның – қолында, тістегеннің – аузында» кетті. Өмірге қайта келіп, ормандай оқырманымен қауышқан кезіндегі жаңаарқалықтардың қуанышын көрсеңіз… Жаңа заманның ақпарат айдынындағы жаңарған «Жаңаарқа» газетінің дәуірлеу кезеңі марқұм Дүйсенбай Жұмасейітовтің редакторлық еткен жылдарына тиесілі. Азаматтығы мен ақындығы қыранның қос қанатындай болған Дүйсенбай аға басшылығы тұсында газет тынысы кеңіп, оқырманы көбейді. Бірінші бетіне Сәкеннің суреті қойылып, қайраткер тұлғаның қанатты қағидасы айдар етілді. Сөйтіп, Сұңқар болмысты Сәкеннің арманынан жаралған газет ХХІ ғасырға Сәкен бейнелі салиқалы басылым болып жетті.
Жазарың көбейіп, базарың тарқамасын, «Жаңаарқа»!
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»