Бас тақырып

Тұрғын үй сертификатындағы түйін шешіле ме?

Қарағандының баспана нарығы Нұр-Сұлтанмен үзеңгі қағыстырып тұр. Түсінікті тілмен айтқанда, Қарағандыдағы жаңадан бой көтерген үйлердің құны – астанадағы баспана бағасымен пара-пар. Өкшесін басып келеді. Бұған себеп – Қарағандының Нұр-Сұлтанмен қоңсы қонуы ма, әлде қарағандылықтар ғайыптан тайып байып кетті ме, беймәлім. Әйтеуір, жаңа үйлеріңіздің құны жалына қол салдырмайды. Мәселен, бүгінгі таңда Қарағандыдағы жаңа үйдегі 65 шаршы метрлі пәтеріңіз 20 млн. теңгенің арғы жағы мен бергі жағында. Нұр-Сұлтанда да баға осы шамалас. Мұны аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК алғаш әкім боп келген кезде ерекше атап айтқан-ды. Бірақ, солай екен деп, бағасы түскен баспана жоқ. Мемлекет тұрғын үй сертификатын берсе де, баспана ала алмай жүргендер бар…

ҚҰРЫЛЫСҚА ӨКПЕ ЖОҚ

 Баспана алу арманы бес-алты жыл бұрын тұрғындарға ұстатпайтын сағым секілді-тін. Қазір нақты әрекетті қажет ететін, өзіндік алгоритмі бар жүйе. Атап өту керек, түрлі мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде бүгінде баспана алу – бұрынғыға қарағанда біршама жеңіл. Кейінгі 5 жылдықта баспана нарығында таңдау мен талғам жоғары. Мұны Қарағандыда жаңа үйлердің көптеп бой көтеруі мен тұрғындардың жаңа үйге ұмтылысынан айқын көруге болады. Айталық, құрылыс басқармасының дерегінше, тұрғын үй құрылысының ауқымы биыл былтырғыға қарағанда еселеп өсті.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қарағанды облысы бойынша 2019 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 421 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – 3781 пәтер, оның ішінде, 1148-і арендалық және несиелік тұрғын үй. 2020 жылы пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін 630 мың шаршы метрге дейін, яғни, бір жарым, екі есе ұлғайту жоспарлануда. Мемлекеттік қаражат есебінен пәтерлер көптеп салынбақ.

Мәселен, қаңтар айында облыста 57.2 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Осы жылдың бірінші айында аймақта 10.3 мың шаршы метр жеке тұрғын үй және 34.4 мың коммерциялық тұрғын үй пайдалануға берілді. Тағы 13 мың шаршы метр – мемлекеттік сектордағы тұрғын үйге тиесілі.

 – Биыл құрылыс жұмыстарының жоспарлы көлемі 5 млрд. теңгені құрайды. Бұл көрсеткіштерге біз «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру және «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы есебінен қол жеткіземіз. Биылғы жылы Сәтпаев қаласында 5 бес қабатты тұрғын үй құрылысы жоспарланған, – деді экономика басқармасы басшысы Азамат Мұқанов.

ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫ НЕМЕСЕ «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫНА» НЕ КЕДЕРГІ?

Сонымен, 2019 жылдың 20 маусымында Тұрғын үй сертификаттарын беру ережесі бекітілді (Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің № 417 бұйрығы).

Тұрғын үй сертификаты – «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары бойынша берілетін ипотеканың алғашқы жарнасын жабу үшін берілетін ақшалай көмек. Тұрғын үй сертификатын облыстардың, қалалардың, аудандардың әкімдіктері береді.

Облыстардың, қалалар мен аудандардың мәслихаттары осы сертификат берілетін адамдардың тізімін жасайды. Бұл тізімде үш санат бар. Мүгедек балалары бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, алтын алқамен марапатталған көпбалалы аналар немесе көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар

Алайда, мұндағы талап – аймақтағы үй жаңадан салынған және құны 10 млн.теңгеден аспауы тиіс-ті. Екінші нарықтағы үйлерге рұқсат жоқ. Алайда, қала әкімі Нұрлан Әубәкіров бұл жөнінде жоғары тұрған құзырлы орындарға ұсыныстар жазылғанын айтады. Соның нәтижесінде, екінші деңгейдегі баспана алуға мүмкіндік туғанын жеткізді халық алдындағы есебінде.

Былтырғы жылы көпбалалы он отбасына бірінші рет 1 млн.теңгеден сертификат табысталды. Биыл бұл соманы 300 млн.теңгеге дейін арттыру жоспарда. Бұл орайда 300 отбасы сетрификат алады. Осыған байланысты облыс әкімінің қолдауымен заңнамаға өзгерістер енгізілді. Енді алдағы уақытта екінші деңгейдегі баспанаға «Бақытты отбасы» бағдарламасы негізінде сертификат арқылы алуға мүмкіндігі бар, – деді қала әкімі.

Жалпы, «Нұрлы жер» «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы былтырғы жылы кезекте тұрған 422 отбасы баспанамен қамтылса, оның 196-сы арендалық пәтер алған. 2 пайыздық несиемен 139 көпбалалы отбасы баспанаға қол жетізіпті.

КҮДІК ӘЛІ СЕЙІЛМЕЙ ТҰР

«Айқын» газетінің тілшісі, қоғамдық кеңес мүшесі Ләззат Қожахметова заң бекігенімен, оның ереже-қағидатының кешігуі мәселені шешуге кедергі екенін айтады.

 «Қарағанды қаласының әкімдігі де өз тарапынан баспана нарығына талдау жасап, ұсыныс жолдады. Осы ұсыныстар негізінде Парламентте заңға өзгерістер енгізілді, Президент заңға қол қойды. Алайда, жаңа өзгерістерді реттейтін ереже дайын емес, бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Қаншама отбасы заң шығаруда кеткен шалалықтың кесірінен уақытында баспаналы бола алмай отыр» дейді Ләззат Қожахметова. («Айқын» 24.01.2020ж.)

НҮКТЕ

 Не десек те, кейбір қиындықтардың адами фактордың әсерінен екенін жоққа шығара алмаймыз. Тұрғын үй сертификатындағы келеңсіздіктер де – соның салдары. Бір мәселенің түбегейлі шешілмей, оған қайта айналып соға берудің өзі – ондағы солқылдақтықты, шикілікті көрсетеді. Ал, оның арғы жағында адамның тағдыры тұрғанын ұғыну үшін қайтпек керек?!

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button