Жаңалықтар

Түнде де жарық Түгіскен

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Садақа Алланың азабын сөндіреді және қайғылы қазадан қорғайды» деген. Яғни, Садақа – қолында азын-аулақ ақша болса да, бере беруге болатын абзал іс. Ал, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылының түлегі, «Әділ заңгер» заңгерлік кеңсесінің директоры, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, заң ғылымдарының кандидаты Мадияр ӘЛЖАППАРДЫҢ туған ауылына жасаған сыйы – қомақты.

Бүгінде Жамбыл облысының құрамындағы Сарысу ауданының тарихы осы Түгіскен топырағынан басталады. Аудан шаңырағы осы Түгіскенде көтеріліп, 1928 жылы үдере көшкен ел өзімен бірге мөрді ала кетіп, Байқадамға орныққан екен. Сөйтіп, Түгіскендегі Арап қырдың етегінде құрылған Сарысу ауданы сонда орнығып қалды. Биыл байырғы аудан өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Ауданның тарихи орнындағы Түгіскен де түлеп, күн сайын еңселеніп келеді.

Бірлігі бекем, ынтымағы ырысты осы ауылда осыдан бірнеше жыл бұрын Атымтай-Жомарт жігіттердің арқасында зәулім мешіт салынған. Аумағы абаттандырылып, жарқыраған шамдары іргелі ауылдағы имандылық ұясына еріксіз шақырып тұратын-ды. Алайда, орталық желіге қосылған электр жарығының шығынын қанағаттандыру, оның күтімін қамтамасыз ету мәселесі мешіт әкімшілігі үшін де, жергілікті бюджет үшін де әжептәуір салмақ болды. Қасиетті Құрбан айт мейрамы қарсаңында бұл мәселе өзектілігін мүлде жойды. Алтын бесігінің келбеті үшін де, келешегі үшін де алаңдап жүретін Мадияр Аймұрзаұлы күн сәулесінен қуат алатын қондырғы сатып әперіп, мешіт айналасын самаладай жарқыратып қойды. Қондырғының құнын жариялауға қарсы болған Атымтай азамат Алланың жолында сауапқа кенеліп, жерлестерінің шексіз алғысына бөленді.

Осылайша, Мадияр Әлжаппар өз ауылын түнде де жарық Түгіскенге айналдырды.

Ерсін МҰСАБЕК,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button