Менің Абайым
Прощай, немытая Россия, Страна рабов, страна господ, И вы, мундиры голубые, И ты, им преданный народ!
(М.ЛЕРМОНТОВ)
Абай – Алаштың Рентгені! Бәріміз де кеудемізді ашып соның алдында тұрмыз: кеудемізде қандай өрт? Көкірегімізде нендей дерт?!. Соның бәрі Абайдан айнаға түскендей көрініп тұр!
Мұхаммед ғ.с.с: «Менен кейін бұ дүниеге пайғамбарлар келмейді. Ақындар келеді!» – деген. Бұл енді адамзат қоғамдастығындағы пайғамбарлық миссияны ақындар атқарады деген сөз-ді. Пушкиннің «Пайғамбар» атты өлеңінде Тәңірі ел-жұртына бір ауыз лебіз айтсам деп, қолына қалам ұстаған адамның көкірегіндегі өлі етті суырып алып, оның орнына берісі – ұлтының, әрісі – адамзаттың асау рухы атойлаған асау жүректі ат ойнатып қоятыны хақында айтылған. Өлең емес – «Інжілдің» хикаясы бұл: Құдайдың осындай рухани операциясынан аман қалған адамның құлағына тірі жанға естілмейтін сиқыр дыбыстар шалынып, көзіне өзінен басқа жұмыр басты пендеге көрінбейтін құбылыстар көрінеді. Оның атын Поэзия дейді. Пушкиннің өзін пайғамбардай сезінетінінің түбі сол тәңірлік тезден төркіндейді. Қолына қалам ұстағанның бәрі жер бауырламай, өздерін Пушкинше ұстағанда, Алла адам баласынан дәл бүгінгідей теріс айналып кетпес еді… Пушкиннің «Пайғамбарының» тебіренісіне кенеліп, тереңіне бойлай алмаған пенденің қолына қалам ұстауға хақысы жоқ! Әуезов-Мағауиндер сол тұңғиықтың тереңіне жеткен соң телегей теңіздей тебіреніп, жазушының пайғамбарлық миссиясын атқарып кетті…
Абайдың жазған-сызғандарына қарасаң – бір-ақ том! Академиялық түсіндірмелерімен ғана әрең дегенде екі том болып тұр… Мен де шатып, инерциямен көп шимайлап тастаған екем, Абайды телміріп оқыған соң, енді есімді жиып отырмын. Жинақтап қарасам, әрқайсысы 20-25 баспа табақтан 7 томдай дүние шықты. Алпыс алты жыл жазғаным екен – іштен шыққан шұбар жылан; үш том – өлеңдер мен поэмалар, бір том – қара сөзді қалдырып, қалғанын компьютерден жойып жібердім! Көз алдыңда тұра берсе, алаңдап, ақырында қимай қалады екенсің. Мұның өзі де көп, тіпті… Біз Абайдан кері, кейін шегініп барамыз! Біздікі бос әуре екен, әттең, Қасым, Мұқағали, Жұмекенді де осылай бір сүзіп шығатын біреу болса? Өлең жазудың техникасын меңгеріп алып, бұрқыратып жаза беретін профессионалдық ақындықтың да айықпас бір дерт екенін Александр Блок баяғыда-ақ айтып кетіпті. Алдымызда Абайдай – ұлы үлгі тұрғанда мұнымыз не?! Енді ғұмырым жетсе, өз Абайым (М.Цветаеваның «Мой Пушкині» секілді) туралы бір кітап жазып кетсем, арманым болмас еді? Енді, Алла жазса соған отырам! Дүниеде екі кітаптан қорқып, оларға онша тереңдемей, анда-санда, атүсті оқушы едім, біреуі – Құран, екіншісі – Абай. Құран мен Абайды ертеректеу оқығанда өлең жазбай кетуші едім, ақымақтығымнан өлең жазып жүр екем!.. Құдайдың жөні осы еді! Қазір есіл-дертім – Абайда. Құранға ғұмырым жетпес! Поэзия – бекзада жанр. Ресей – Совет өкіметі Пушкинді миллион тиражбен таратып – оңбай қателесті… Ресей түгілі, бүкіл дүние жүзінде Пушкиннің жырынан рухани ләззат алатын миллион тұрғын жоқ қой?! Абайды 16 миллион қазақтың қаншасы түсінеді?
Абайдың томын ашқан сайын өзімнің ақымақтығым мен дарынсыздығымды аңғара бастағандаймын (бас қойып оқымайтыным – содан!), мына опасыз дүниеден көресініңді көрген сайын Абайдың кітабын жаңа ашқандай боласың! Басына күн туғанда ғана Алласын еске алатын өлімге бола туған маңдайы қушық пенде құсап, мен де тағдырдың тәлкегіне түскенде Абайдың қара томдарына үңілемін, сонда ол сол сәттегі көңіл күйді тап басады! Дертіме одан басқа дауа таппай барамын: «Абай 1902 жылдан кейін өлең жазған жоқ» – дейді Мұхтар Әуезов. Ол сонда елу төрт жаста екен. Алпыс сегіз жаста мен де бұрқыратып жазып жатырмын. Не тындырдым?! Қаламдастарыма қарасам, өзіме деген бір қанағат сезім лып етіп, Абайға қарасам… көкірегім сыздап, көңілім құлазып кетеді – екі оттың ортасында жүрмін мен! Оны оқыған сайын өзгелерге ғана емес, өзіме өзімнің көңілім толмай, көкірегім қарс айырылып барады… «Негізі, шын ақындардан гөрі нашар ақындар көп. Ақын көп болмайды ғой. Абайдың тұсында, Мағжанның, Қасымның тұсында қаншама ақындар болды. Абайдың тұсында да қора мен қопсының айналасындағы ақындар болған. Бірақ, Абай бір өзі тарихта қалды. Негізі шын ақындардан гөрі нашар ақындар көп. Оның бәрін уақыт сұрыптайды.
Мәселен Мұқағали, Жұмекен, Қадыр, Тұманбай дегеннен кейін сен өзің тосылып қаласың. Сол сияқты уақыт бәріне төреші» – дейді ХХІ ғасырдағы тегеурінді ақын Темірхан Медетбек (БАҚ.кз. берген сұхбатынан).
Пенде атаулыдан көңілі қалған қайран Абай «Ғақлиясының» 38-ші сөзінде тек Тәңірі хақында ғана ой толғап, «Алланың өзі де – рас, сөзі де рас» – деп, ХІХ-шы ғасырдың соңы, ХХ-шы ғасырдың басында Аллаға жеткен еді.
Бүгін Алаш Алланың алдына келіп тұр – кеудесіне Ата Заңын ұстап! ХІІ-ші ғасырда Оған: «Құлдарыңды Құдайына қараған, Сұқбан Ием, сақта, пәле-жаладан!» – деп, Қожа Ахмет Яссауи барған. «Айтар болсаң – Алланы айт!» – деп, ХVІІІ-ші ғасырда Бұқар жырау – Көмекей әулие барған-ды. ХХшы ғасырда: «Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, Сұм өмір абақты ғой саналыға. Қызыл тіл – қолым емес – кісендеулі, Сондықтан, жаным күйіп, жанады да. Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң, Толғанып қарауым сол баяғыға… Ертегі уатпай ма баланы да, Сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да? Ақын да бір бала ғой Айға ұмтылған, Еркімен өзі-ақ отқа барады да; Жай тақтақ жабайыдан жол қалғанда, Қанды өрт боп ақын жолы қалады да; Ойлайды, күңіренеді, толғайды ақын, Күрсініп, көзіне жас алады да, Ақында адамзаттан дос болмайды, Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына!» – деп, Тәңірінің алдына Мағжан барған. ХХ-шы ғасырдың соңын ала Оған: «Я, Аллам! Жаратушы Жалғыз Ием, Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем; Хал сұрар, жай түсінер бір пенде жоқ, Жүрек – жүн, ойым – опат, жанды – жүйем, Я, Аллам! Жаратушы Жалғыз Ием!» – деп, Мұқағали келді!
Бүгін, міне, Алланың алдында Алаш жұрты тұр – кеудесіне Ата Заңы мен Абайын ұстап! Тарихтың сойқан-сүрен дауылдарында мың өліп, мың тірілген Қазақ елі небір «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұламадан – отаршылдық ойраны мен аштық, азап, революция, репрессиялардан аман өтіп, Атыраудан – Арқа – Алатау – Алтайға дейінгі ұлан-ғайыр аймақты көзінің қарашығындай сақтап қалғанын айтып тұр. Адамзаттың біреуін де алаламай, Абайша бауырына тартқанын айтып тұр. Тарихта атаусыз құрып кеткен ел-жұрт қаншама?! Қазақ болса:
«Ей, тәкәппар Дүние!
Маған да бір қарашы,
Танисың ба сен мені,
Мен – қазақтың баласы!» (Қасым) – деп, жұмыр жердің үстінде аяғын нық басып тұр! Кешелі-бүгін Абайға келді! Енді Абайға барған халық Аллаға да барады!
Мемлекетінде меншіктеп армия ұстамаған ел – бұл. Әлемде ешбір елді баса-көктеп басып алмаған жұрт! Полиция, түрме дегенді ХІХшы ғасырда көріп, аң-таң қалған халық бұл: «Еңкейгенге – еңкей, ол – біреудің құлы емес, Шалқайғанға – шалқай, ол – Құдайдың ұлы емес!» – деген асқақ жұрт осы еді. Алла, сонсоң, осы күнге дейін аялап тұр оны!
Сонау Көк Түріктер заманында Көк Тәңірмен тілдескен, Ұлы Қағанат құрып, Шыңғысханмен бүкіл Еуро-Азияға әмірін жүргізген бұл жұрттың да шалыс басып, шалқасынан құлаған, бармағын тістеп, егіле жылаған кездері де аз емес. Неге? Құдайдың айтқанын, Құранның сөзін тыңдамаған кездері көпті – пенденің айтқанына еріп, айдағанына жүріп – қателесті… Алла не дейді? «Әй! Кәпір! – де – сен табынған дәлдүрішке мәңгіріп, Тәңірі барда Мен бас имен – Мәңгілік!» (Құран, «Мағұн» сүресі). Тәңірі бәрін көріп тұр: «Алла көнбес аярыңа не түрлі» – дейді Құранның «Мағұн» сүресі. Халықтың қазына байлығын көзін бақырайтып қойып ұрлап алып, коттедж-виллаларда ықылық атып отырғандар Құранның «Һұмаза» сүресін оқыса, не бетін айтады: «Өңшең тексіз! Сұм-зымиян! Қайда – қырт?! Малын санап, алған іші майланып! Күннің күні Хұтамаға түседі ол, Алла алдына келеді, қайтсе де бір айналып!»
Алаш Ата Абайы мен Ата Заңын кеудесіне басып, Алланың алдында тұр. Адамзатта маңдайы жарқыраған небір марқасқа ғұлама айтпаған сөзді біздің Абай айтқан: «Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетін пендеміз. Сол махаббат пен ғадалетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден-біреу анығырақ сезбекпен артылады». Пендеден – пенде ғана емес, мемлекеттен – мемлекет те бірінен-бірі Алланың хикметін анығырақ сезінуімен асып, асқақтайды. «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім» (Абай). Ата Заңында махаббат, ғаделет сезімі айқұлақтана көрініп тұрған мемлекеттер өркениет өріне бет алып барады. Біз де содан қалмауға тиіспіз. Сапарың сәтті болсын, Абайды алдына ұстаған Қазақ Елі! Осыдан он шақты жыл бұрын Ресей тағы бiр дүрлiктi. Алтай қыс ұйқыда жатқан орыс аюы орнынан қорбаңдап тұрған. Соңғы Президент сайлауына көңiлi толмаған орыс оппозициясы Мәскеудегi қарсылық акциясына қарай ағылды. Оппозиционер-блогер Алексей Навальный ереуiлшiлердi «Чистые пруды» бульварындағы «түсiнiксiз қазақ» – Абай ескерткiшi басына жиналуға шақырды. Сол-ақ екен, саяси шеруден хабардар болып, интернетке көз телмiртiп отырғандардың бiреуiнiң: «Ех, Алеша, Абайдың кiм екенiн бiлмегенiң атыңа ұят емес пе?! Нағыз от ауызды оппозиционер Абай емес пе?! – дегенi күллi жер-жаһанға жарық жылдамдығымен тарап кеттi. Содан бастап, Батыстағы «окупайуоллстрит» қозғалысына пара-пар «окупайабай» шеруi басталды да жөнелдi. Ресейдiң «Альпина нон фикшн» баспасы сол кезде Абай шығармаларын 330 данамен шығарды. «Өте ме, өтпей ме?» – деген күдiгi болған. Баспа директоры Павел Подкосов оның бiрiншi күнi-ақ сатылып кеткенiн аң-таң қалып айтады. Сонан соң iле-шала 3 мың тиражбен қайта шығарған. Ол да лезде жоқ болады! Күндердiң күнi ол 30 мың, 30 миллионға жетуi мүмкiн…
Сыңсыған қалың орманның iшiнде аузы аққа жарымай, аш-жалаңаш, шытымыр аяз, азынаған жел өтiнде еркiндiк пен тоқшылықты аңсап өсiп, патшалық-советтiк империялардың темiр шеңгелiне түскен шерлi орыс жұрты Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Блок, Есенин, Евтушенко, Вознесенский сынды аузымен құс тiстеген арқалы ақындарын аттап өтiп, неге Абайдың басына келiп, ботадай боздап тұр? Орыс тарихының арғы жағына бармай-ақ, бергi жағын шолып өтсеңiз, бiрiмен-бiрi iркес-тiркес, қым-қуыт тарихи оқиғалар көз қарықтырады. 1917 жылғы Қазан төңкерiсi, жекеменшiктi жаппай тәркiлеп, бай-бағландарды жер аударып, атып-асу, қанды қасап репрессия, Ұлы Отан соғысы, халық шаруашылығын қалпына келтiру, қырғи-қабақ соғыс, соңынан Совет одағы секiлдi алып империяның шаңырағының ортасы түсуi – ормандай орыс жұртының жүрегiне зiлдей салмақ түсiрiп, қабырғасын қақыратып-ақ кеттi. Содан берi жиырма тоғыз жыл өткен екен. Бұл – ер жiгiттiң ат жалын тартып мiнiп, азамат атанар тұсы. Не өзгердi?
«Адамның адамшылығы iстi бастағанынан бiлiнедi, қалайша бiтiргенiнен емес» – дейдi Абай. Совет одағының заңды мұрагерi Ресей құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам құрудың алғы шарттарын да жасай алмай, феодалдық-патриархалдық, патшалық-советтiк, тоталитарлық-авторитарлық қоғамның ұрандарын ұстанып қалды. Ресейдiң тарих тақсыретi таңдайына әбден татыған мемлекет ретiнде соңынан ерген бiздей еншiсi бөлiнбеген елдерге үлгi-өнеге көрсетiп, өркениет өрiне қаймықпай қадам басатындай хақысы бар едi ғой? Ақыры не болды? Сахара ойшылының ХIХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында сын тезiне алған «сабырсыз, арсыз ерiншек, көрсе қызар, жалмауыз, өсек, өтiрiк, мақтаншақ, бекер мал шашпақтық» сынды антиадамзаттық мерез мiнездердiң ХХI ғасырдың басында Ресейде (бізде де) одан сайын ордаланып, ойнақ салып бара жатқаны орыс оппозициясының да өзегiне өрт түсiрiп, Абайдың басына жетектеп алып келдi. «Чистые пруды» бульварындағы шерудiң түп-төркiнi, мiне, осында жатыр!
«Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа, Аларында шара жоқ, алдамасқа. Табысына табынып, қалтаң қағып, Тойғанынан қалғанын берсе Алашқа. – Мал жияды мақтанын бiлдiрмекке, Көзге шұқып, малменен күйдiрмекке. Өзi шошқа, өзгенi ит деп ойлар, Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдiрмекке. Ақылды деп, арлы деп, ақпейiл деп, Мақтамайды ешкiмдi бұл күнде көп. Осы күнде мал қайда – боқ iшiнде, Алтын алсаң, бередi боғынан жеп. Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек. Еңбектi сат, ар сатып неге керек? Үш-ақ нәрсе – адамның қасиетi: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» (Абай). Бiздегi нарықтық экономиканың бүгiнгi сықпыты – осы! Адамзаттың сан ғасырлық шежiресiнде әбден сыннан өтiп, мойындалған, күнделiктi әдет-ғұрып, тұрмыссалтқа айналуға тиiстi адамдық-гуманистiк мұраттар аяқ астына тапталған! «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» жөнiнде әңгiме қозғаудың өзi – күлкiлi… Аспанмен таласқан, алтынмен апталып, күмiспен күптелген сарайларда халық қазынасына суық қолын салған ұры-қарылар тұрады! Аш-құрсақ халық – қараша үйлерде… Билiк – бiр жақта, халық – бiр жақта. Жұрт «бiрi қан, бiрi май боп екi ұрты, жақсы менен жаманды айырудан қалғаны» қашан?! «Аузымен орақ орған өңкей қырт, өз сөзiнен басқа сөздi ұқпайды!»; «бас-басына би болған өңкей қиқым елдiң сыйқын бұзып» бiттi!
(Жалғасы келесі санда).
Серік Ақсұңқар