Қарағандыда тағы 4 адам коронавирус жұқтырған

Бүгін Қарағанды облысында 4 адамның  COVID-19 инфекциясын жұқтырғаны расталды. Олардың барлығы індетке қарсы қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, арнайы бокстарға оқшауланған. Тиісті ем-дом шаралары жасалуда. Сондай-ақ, олармен байланыста болған адамдарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауру ошақтарына дезинфекция жасалды. 

Жалпы алғанда, аймақта 61 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Олардың біреуі қайтыс болды. Өзгелері емдеу курстарынан өтуде. Бұған дейін жансақтау бөлімінде болған екі науқастың денсаулығы жақсарып, палатаға ауыстырылды. 

Бұдан бөлек, 1 200 адам үй карантинінде жатыр. Ал, 795 науқас тәулік бойы бақылауға алынған.  

Қарағанды облысы бойынша індетпен күресуге 690 медициналық қызметкер тартылды. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда қосымша 1 125 дәрігер, әскери лазареттен 6 маман және 12 орта медициналық қызметкер мен  балалар санаторийлерінің жұмысын уақытша тоқтату есебінен 40 маман жұмылдырылады.

Пневмония мен ЖРВИ күдігі бар науқастарды емдеу үшін пульмонологиялық госпитальдар ашылды. Вирустық инфекциямен ауыратын науқастарға мамандандырылған жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді. ЖРВИ-ның алғашқы белгілері пайда болған кезде бірден телефон арқылы учаскелік дәрігерге (емханаға келудің қажеті жоқ) немесе жедел жәрдемге қоңырау шалу қажет.