Қарағанды – Коньков: Еділ-Жайық арасы – даңқ даласы

Еділшаһардың тарихы бағзыдан бастау алады. Бұдан бұрынғы әңгімемізде қазіргі қала орнынан 60 шақырым жерде Алтын Орданың астанасы – Сарай Берке орналасқанын айттық. Іргетасын, шамамен, 1260 жылы Берке хан қалаған. Ал, XVI ғасырдың орта шенінен біртіндеп орыстың ықпалына түсіп, Царицын атала бастады. 1589 жыл – шаһардың құрылған жылы болып саналады. Ғасырлар бойы қолдан-қолға өтіп келген қала 1925 жылы Сталиннің құрметіне Сталинград аталды. Кейін, Сталин қайтып, жеке басқа табынушылық айыпталып жатқан тұста қалаға Волгоград атауы берілді.

(Соңы. Басы өткен сандарда).

Павлов үйі мен Гергардт диірмені

Волгоград – Батыр қала. Волгоград облысының орталығы. Былтырғы мәлімет бойынша 1,1 млн. адам өмір сүреді.

Байқағанымыздай, қалада туристер қарасы қалың. Ішкі туристерден бөлек, Еуропа мен Азияның түпкір-түпкірінен келген, мұхит асып, өзге құрлықтан арнайы жеткендер баршылық. Әрине, Еділшаһарда оларға ұялмай ұсынатын, мақтанышпен көрсететін жәдігер жетеді.

Мәселен, Павлов үйі. Бұл үйге бекінген 31 жауынгер 58 күн бойы жауды қарша бораған оқтың астында ұстаған. Қорғанысқа жараланып қалған аға лейтенант Иван Афанасьевтің орнына аға сержант Яков Павлов басшылық еткен. Міне, содан үй Павловтың есімімен аталады.

«Үйдің жертөлесінде солдаттармен бірге отыз шақты тұрғындар да болған» дейді. Маңайды фашист әскері қоршап алғанда олар үйді тастап кетіп үлгермеген.

Қорғаныс 1942 жылдың 23 қыркүйегінен 25 қарашаға дейін созылыпты. Осы уақытта 31 жауынгердің үшеуі оққа ұшыпты. Кеңес әскері қайта шабуылға шыққанша жауды Еділден бері бастырмаған ерлердің ерлігіне әлі күнге дейін туристер таңдай қағып кетеді.

Павлов кейін Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Үш мәрте РСФСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Волгоград қаласының Құрметті азаматы атанды. 1981 жылы қайтыс болып, Новгородта жерленді.

Бұл жауынгерлердің арасында қазақ жауынгері де болған. Қаламбай Дүйсенов – Жамбыл облысындағы Мерке ауылының тумасы. Ол да 58 күн бойы от пен оқтың ортасында үйді қорғауға қатысқан. Қаламбай ардагер бертінде, 2006 жылы көз жұмыпты.

Үйдің өзі өткен ғасырдың 30-шы жылдары салынған. Сәулетші Сергей Волошиннің сызбасымен. Кәсіпорындар мен партия басшылығы тұрған.

Үйді қалпына келтіру жұмыстары соғыс бітпей тұрып басталған екен. Іргесіне мемориалды қабырға тұрғызылады. Бұл қабырғада сол қанды қоршауда қалып, жан алып, жан беріскен жауынгерлердің есімі жазылған.

Павлов үйіне қарсы бетте Гергардт диірмені орналасқан. Ерекшелігі сол, бұл ғимарат соғыс кезіндегі қиранды күйінде қалдырылған.

Диірменді кәсіпкер Александр Гергардт тұрғызған. Александр 1864 жылы Штрауб колониясында – қазіргі Саратов облысы Татищев ауданы Малая Скатовка ауылында туған.

Волга бойы немістерінен тарайтын ол Саратовтағы мектепті бітіріп, 1883 жылы өз атасының серіктесі болады. Кейін Царицында сауда үйін ашып, онысы «Ағайынды Гергардттар» акционерлік қоғамына айналады.

Билік алмасқанда Гергардттың да бизнесі құрдымға кетеді. 1917 жылы Германияда тұтқындалған кеңестік саясаткер Карл Радек үшін кепіл ретінде қызылдардың қамауына алынады. 1933 жылы тағы да МСБ-ның (ГПУ) құрығына ілініп, сол жылы көктемде абақтыда қайтыс болады.

Диірменге, қайта оралсақ… 1899 жылы Александр Гергардт Еділ жағалауындағы 346 номерлі жер учаскесінде диірмен тұрғызуға рұқсат алады. Келесі жылы диірмен іске қосылады. Бұл – сол кезеңдегі ең табысты кәсіпорындардың біріне айналады.

1907 жылы белгісіз себептермен мұнда өрт шығып, ғимарат түгел жанып кетеді. Гергардт 1908 жылы жаңа ғимарат тұрғызады. Диірмен деп аталғанымен, мұнда балық қақтау, май шайқау цехтары, наубайхана орын тебеді.

1911 жылы кәсіпорында 78 жұмыскер жұмыс істейді. Бір жылда 1,2 млн. рубль табыс тапқан Гергардттар әулеті осы жұмыскерлеріне жылына небары 10342 рубль төлеген екен.

Кеңес үкіметі орнаған тұста диірмен мемлекетке өтеді. №4 диірмен деп аталады. Ал, 1929 жылы революционер Константин Грудининнің есімі беріледі. Грудинин – коммунист, кәсіпорында токарь болып жұмыс істеген. Қызылдар үшін тыңшылық еткен токарды жаулары 1920 жылы атып өлтірген.

Ғимаратты туристер Павлов үйімен шатастырады екен. Бүгінде саяхатшылардың сүйікті орындарының біріне айналған. Ғимараттан соғыстың ізін анық көруге болады.

Соғыстың «Куәгері»

Еділшаһардың әр бұрышы тарихтан сыр шертеді дедім ғой. «Волгоград» қонақүйі орналасқан Құрбан болған күрескерлер алаңының қақ ортасындағы терек алыстан көзге шалынады. Бұл – немістің ауыр артиллериясының астында қалып, қаланың бүкіл жасыл желегі қырқылып түскенде бір өзі қалқиып қалған ағаш.

Теректің жанына тақта қойылған. Сол тақтаға «Тополь этот пронёс жизнь свою через битву великую» деп жазылған.

Терек жасы ғалымдар арасында қызу талас туғызуда. Жергілікті тарихшылар «теректің соғыстан кейін де отырғызылуы мүмкін» деген болжамды айтады. Теректің жасын анықтау үшін бірнеше мәрте тексеріс жұмыстары жүргізілген. Таң қаларлығы, «теректің жасы бір ғасырдан асып кеткен» деген тұжырым жасаған. «Теректің өмір ұзақтығы сексен жылдың мұғдары десек, бұл ағаштың шынымен ерекше болғаны ғой» деген ой келді бізге.

Бүгінде бұл теректің бұтақтарынан алынған көшеттерді басқа Батыр қалаларда өсіру жұмыстары атқарылуда.

Атырау – қос құрлық қақпасы

Еділшаһардан сәрсенбі күні аттандық. Бес жүз шақырымды артқа тастап, шекараға жеттік. Сол көзкөрген Қараөзек-Котяевтегі аз-кем кідірістен кейін Атырауды бетке алдық. Шекара маңынан басталған жол құрылысы үш күнде бір-екі шақырымға жылжығандай. Шұрық-шұрық жолмен шоқырақтап, Атырауға таянғанда дала қара түннің құшағына енген еді.

Атырау – Қазақстанның ескі шаһарларының бірі. 1640 жылы орыс көпесі Гурий Назаров Жайық өзенінің бойында қоныстанады. Көпестің балалары – Михаил, Иван, Андрей әке байлығын еселеуді мұрат тұтып, балық шаруашылығы мен мұнай өндіруді қолға алады. Кейін қоныс ұлғайып, қала Гурьевтер әулетінің құрметіне Гурьев деп аталады. Ал, Атырау атауы Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрып, 1991 жылы 4 қазанда берілді.

Атырау – қос құрлықтың шекарасында жатқан қала. 2002 жылы УЕФА-ға кіргенде осы Атыраудың Еуропада жатуын алға тартқанбыз. Кәрі құрлыққа жақындығы ма, таза қала сияқты көрінді. Көшелері айнадай. Жайық үстінен көпір тұрғызуды мықтап қолға алынған екен. Біз барғанда алтыншы көпірдің құрылысы басталыпты.

Сабыртай жездеміздің үйінде жайбарақат жатқан жайымызды облыс әкімдігінен соғылған қоңырау бұзды. Нұрлан Ноғаев қабылдамақшы. Асығыс киініп, әкімдікке бардық.

Әкімнің бірінші орынбасары Серік Шапкенов бізді Нұрлан Асқарұлының кабинетіне бастап барды.

Жылы жүзбен қарсы алған әкім өңірдің тыныс-тіршілігінен сыр шертті. Біз де қолдауы үшін алғысымызды білдірдік. Сауапты іске үлес қосқан кісілік қасиетіне риза болдық. Әкім Нұркен батырдың тойына қатысуға шақырған Сағадат ағамыздың ұсынысына да алдағы уақытта тиісті жауап беретінін айтты.

Әкімдіктегі әсерлі әңгімеден кейін Жайықтың бойына бардық. Нұркен батырдың басына жол тартқан сапарда алғаш кесіп өткен арналы өзеніміз ғой. Бұдан кейін Еділ мен Дон бар. Сапар алыс болғанымен, сауабы мол. Бастысы – өзге жұртқа батырын іздеген ел екенімізді таныттық.

Біз Атыраудан Арқаға көтерілгенде күн төбеден ауған еді. Қарт Жайық жайымен көкжиекке сіңіп жатты…

Суретті түсірген автор.

ВОЛГОГРАД – АТЫРАУ – НҰР-СҰЛТАН – ҚАРАҒАНДЫ.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.