Жауапсыз мердігер жауапқа тартылады

Әр көктем сайын кенттен тыс қалу қаупі Доскей кентіндегі бір көшенің тұрғындарының мазасын алып тұр. Қос аралықты жалғаған көпірді су басуы әбден мүмкін. Бұқар жырау ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК бұл мәселені тездетіп шешуді тапсырды.

Аймақ басшысына Титов пен Әбілхасен көшелерінің арасындағы көпір арқылы еріген суды өткізу қабілетін арттыру, тюбингтерді ауыстыру, сондай-ақ, ұзындығы 1,2 шақырым жол учаскесін жөндеу қажет екендігі баяндалды

Жеңіс Қасымбек жөндеу қажеттігін қолдап, жұмысқа кірісуді тапсырды.

Сапар барысында аймақ басшысы бос қалған бес қабатты үйлерді қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар басталған нысанға да барып қайтты. Өткен жылы бір үй пайдалануға берілген. Кезекте тағы тоғыз үй тұр. Сондай-ақ, оларды қалпына келтіру және тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындар арасында бөлу жоспарлануда.

– Тұрғындар үшін ыңғайлы аудан болуы керек. Қалған үйлерге жобалық-сметалық құжаттама жасаңыздар. Жыл соңына дейін үш үйді тапсыру керек. Сонымен бірге, бір мезгілде абаттандыру жұмыстарына да кірісіңіздер. Мұнда футбол алаңы бар аула салу керек, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Теміртауда да болды. Атап айтқанда, оны «Белгісіз солдат» ескерткішінің жанындағы алаңды жөндеу жағдайы алаңдатты.

Қала әкімінің айтуынша, жауапсыз мердігермен проблемалар туындаған. Бірақ, қазір олар кемшіліктерді түзете бастаған басқа компанияны жұмысқа жұмылдырған.

– Алдыңғы компанияны міндеттерін адал атқармағаны үшін жауапкершілікке тарту керек. Әлеуметтік желілерде тұрғындардан олардың жұмысына қатысты жазылған сынды көп оқимын. Мамыр мерекелеріне дейін аумақты ретке келтіру керек, – деп тапсырды облыс басшысы.

Айта кетейік, биыл Теміртауда ескі қаладағы екі гүлзар абаттандырылады.

Металлургтер гүлзары жөнделіп, орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарықтандыру, ойын алаңдары орнатылады. Велосипед жолдары төселеді. Энергетиктер саябағында субұрқақтар, ескерткіш қалпына келтіріліп, автоматты суару жүйесі орнатылады. Қазірдің өзінде жасыл желектерге санитарлық жұмыстар жүргізілуде. Жақын маңдағы 15 тұрғын үйдің қасбетін жөндеу, жолды асфальттау кешенді түрде орындалатын болады.

Жеңіс Қасымбек Теміртауда бірқатар кәсіпорынды аралады. Атап айтқанда, Қазақстандағы арнайы мақсаттағы киім мен жеке қорғаныс құралдарының ірі өндірушісі болып табылатын Temirtau associates and ancillaries фабрикасына барды. Фабрика отандық және шетелдік өнеркәсіп алыптарын киіммен қамтамасыз етеді. Пандемия кезеңінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның барлық қызметкерін бір жыл ішінде қамтамасыз ете отырып, қорғаныс маскаларын шығаруды жолға қойды.

Сондай-ақ, облыс әкімі энергетикалық және мұнай-газ секторларына арналған құбыр арматурасын өндіретін «КазАрматура» зауытында болды.

№4 емханадағы вакцинация пунктінің жұмысымен танысты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.