Covid-19

«Жасыл құжат» жаңа мүмкіндік пе?

Вакциналау басталғаннан-ақ арнайы құжат туралы айтыла бастады. Вакциналау паспорты немесе «жасыл құжат» вакцина алған адамға пандемияға дейінгі мүмкіндіктерді қайтарады. Қозғалыс еркіндігін, тіпті, шет елдерді аралауға болады. Қазірдің өзінде Қытай, Израиль, Исландия сияқты елдерде қолданыста. Алайда, әлем елдері жаңа құжат турасында бір шешімге келген жоқ. Қазақстан бұл мәселеде қандай пікірде?

Әлемде бірыңғай құжат қолданылса да, қолданылмаса да елде вакцина алғандар туралы ақпаратты көрсететін вакциналау паспорты беріледі. Ол вакцинаның екінші компонентін алғаннан кейін egov платформасында шығады. Елдің денсаулық сақтау министрлігі ұсынған деректер бойынша, аталған құжатта вакцина туралы деректер беріледі.

– Вакциналау паспорты бойынша жұмыстарды әрбір мемлекет өз жағдайына қарай бейімдеп, халықтың арасындағы егу жұмыстарының динамикасын көру мақсатында белгілі бір талаптарға сай ұйымдастырып, жүргізіп жатыр. Екпе алған күн, сондай-ақ, сериясы, егілген мөлшері жазылады. Бұдан бөлек, вакцина алған сәттегі адамның физикалық жағдайы да тіркеледі. Сертификат соңғы рет жеке куәлігіңізге түскен суретіңізбен, ағылшынша, орысша және мемлекеттік тілде ұсынылады, – деді министрліктің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева.

Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «жасыл құжатты» құптамай отыр. Оның да бірнеше себебі бар. Бастысы – вакцина алғандар мен оны ала алмағандар арасында алалау пайда болуы мүмкін. Бұған қатысты ДДҰ төтенше жағдайлар бойынша бағдарламалар директоры Майкл Райан: «Вакцина алу мүмкіндігі мен ол мүмкіндікті бере алмайтын мемлекеттер бар. Сондықтан, бұл адам құқығын шектеу болып саналады», – деді.

Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен одаққа кіретін елдерді вакциналау паспортын жасатуға шақырғанымен, Франция, Германия сияқты бірқатар елдер ондай құжат енгізу ерте деген пікірде. Олар вакцинаның нақты әсерін ғалымдардың өзі нақты айта алмай отырғанда вакциналау құжатын қанша мерзімге беруге болатынын келісе алмай жатыр. Сондай-ақ, оған енгізілген мәліметтердің сақталуы мен қорғалуына да күмәнмен қарайтындар бар.

Вакцина алмай вакцина құжатын сату ықтималдығын да естен шығармаған жөн. Ол туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов кезекті брифинг барысында «Ондай жағдай жекелеген қызметкердің әрекетінен туындауы мүмкін», – деп айтқан болатын.

Қалай десек те, вакциналау паспорты қалыпты өмірге жасалған қадам екені рас. «Жасыл құжаты» барлар дәмхана, музей, мейрамханаларға еркін кіріп-шыға алады. Сонымен қатар, спорттық жарыстарды, концерттерді кедергісіз тамашалай алады. Коронавируспен ауырған адаммен байланыста болса да ол карантинге жіберілмейді. Негізінен, бұл құжатты қолданысқа енгізуді экономикасы туризмге байланған елдер енгізуге мүдделі. Дегенмен, әр мемлекетте жасалып жатқан құжат тек ел ішінде ғана жарамды. Әлемнің барлық елдері үшін қолданылатын құжат жоқ болып тұр әзірге. Оның үстіне, туристерді қабылдайтындар қатары да бірен-саран.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button