Жастар үшін Республика күні ерекше мәнге ие
25 қазан – әрбір қазақстандық үшін ел тәуелсіздігін айқындайтын айрықша күн. Еліміздің болашағы – жастар үшін Республика күні ерекше мәнге ие.

Бүгінгі таңда жастар – ел дамуының басты күші, жаңашылдық пен өзгерістердің қозғаушысы. Олардың білімділігі, бастамашылдығы, цифрлық сауаттылығы мен белсенді азаматтық ұстанымы ертеңгі Қазақстанның келбетін айқындайды.
Қазіргі заманда цифрландыру үрдісі мен жаһандық өзгерістер білім мен кәсібиліктің маңызын бұрынғыдан да арттыра түсті. Терең ойлай білетін, сараптай алатын, талдау мен шешім қабылдауда жауапкершілік танытатын жас буынды қалыптастыру – бүгінгі уақыт талабы. Ұлттық құндылықтарды инновациялық ой-пікірмен, дәстүр мен прогресті, азаматтық жауапкершілікті жаһандық көзқараспен ұштастыра білген жастар – Қазақстанның болашағының кепілі.
Республика күні – тек мемлекеттік ұғым ғана емес, азаматтық кемелдіктің, елге үлес қосудың белгісі. Мерекені атап өту – тарихқа тағзым ету ғана емес, болашаққа сенім білдіру. Бұл – әділетті, қуатты және өркендеген мемлекетті бірге құруға атсалысатын жас ұрпақтың мерекесі.
Айжан ҚИЯСОВА,
Қарағанды облысы әкімінің
гендерлік теңдік мәселелері бойынша
штаттан тыс кеңесшісі



