Ресми

Жастарға арналған жаңа жоба

Қарағанды облысында биыл 36 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Жұмыссыз жастарға көмектесу үшін «Алғашқы жұмыс орны» жаңа жобасы іске қосылды. Бұл туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем ЖҮНІСПЕКОВА онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте егжей-тегжейлі айтып берді.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасына жоғары оқу орындары мен колледж түлектері, сондай-ақ, 29 жасқа дейінгі NEET санатындағы жастар қатыса алады.

Кәсіпорын мен жұмыспен қамту орталығы арасындағы шарт бойынша кемінде екі жыл мерзімге жұмыс ұсынылады. Бірінші жылы жергілікті бюджет қаражатынан жұмыс беруші 20 АЕК (58 340 теңге) мөлшерінде ай сайынғы субсидия алады.

Әсем Жүніспекова хабарлағандай, жобаға бірінші болып Саран, Сәтбаев, Шахтинск қалалары және Абай ауданы қосылды.

Баяндамашының ақпараты бойынша, І тоқсанда «Еңбек» бағдарламасы бойынша 8 мыңға жуық тұрғын жұмысқа орналасты. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 10 мың жұмыс орны құрылды.

Қоғамдық жұмыстарға 2 563 адам орналасуға ниет білдірді. Жастар тәжірибесіне 203 адам жіберілді.

Жұмыссыздар мамандықты тегін игере алады. Курстар «1С» бухгалтері, механизатор, қазандық қондырғыларының машинист-операторы, маникюр шебері, массаж жасаушы, пішуші және тағы басқа мамандықтар бойынша жүргізіледі.

«Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқытылады. Онлайн режимінде бірінші лекке арналған курстар басталды. Биыл облыста барлығы 1 250 адамды оқыту жоспарлануда. Жоба түлектері үшін шағын несиелер мен гранттарға қаражат қарастырылған.

Жұмыспен қамту жол картасы бойынша биыл өңірге 22,8 млрд. теңге бөлінді. Білім беру, денсаулық сақтау, спорт және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында 19 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыспен қамту бойынша тапсырма берді. – Біз тұрғындарды жұмысқа орналастыру бойынша барлық міндеттемелерді орындауымыз керек. «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларының іске асырылуы тұрақты бақылауға алынған. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына барлық қалалар мен аудандарда қаражат бөлу қажет. Мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмысты жандандыру талап етіледі, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button