Коронавирус

Вакциналауда жоспар маңызды

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қалалық орталық облыста алғашқы болып вакциналауды бастаған еді. Қазір мұнда 60-65 жас аралығындағы адамдар, қандай да бір созылмалы аурулары бар қатер тобына жататын тұрғындар екпе алуда. Бұған дейін вакцинаның бірінші компонентін алған медицина қызметкерлері, педагогтар, ішкі істер қызметкерлері екіншісін салдыртып жатыр. Вакциналау жайлы аталған қалалық орталықтың терапевт дәрігері Гүлнар МУШТАРБЕКОВА айтып берді.

– Сіз вакциналау орталығы ашылған бетте сонда жұмыс істедіңіз. Вакциналау басталған кез бен бүгінгі күні екпе алушылар арасында өзгеріс бар ма? Вакцинаға деген көзқарас өзгерді ме?

– Лободы, 43 мекен-жайындағы вакциналау орталығы осы науқан басталған бетте ашылды. Алғашқы 1 ай бойы сонда жұмыс істедік. Әрине, толық зерттелмеген вирусқа жаңадан әзірленген вакцинаны салған кезде қорқыныш болмады емес, болды. Бірақ, кейін 2 компонентін алуға сенімді түрде, жақсы көңілкүймен келді. Оның қауіпсіз екеніне көз жеткізді. Қазір вакцина алғысы келетін қарапайым адамдар қатары көбейді. Бізге келіп те, телефонмен де жазылады. Соңғы деректер бойынша біздің вакциналау орталығында 1950 адам екпе алды. Оның ішінде, 60-65 жас аралығында 60- тан астам адам бар.

– Егде жастағы кісілерге вакцинаның әсері қандай? Ауыр болмай ма?

– Коронавирусқа қарсы вакцинада да кез келген екпеде болатын әсер байқалады. Атап айтсақ, дене қызуының көтерілуі, екпе орнының ауыруы, әлсіздік. Бірақ, оның барлығы 3 күн ішінде басылатын белгілер саналады. 70 жастағы, тіпті, 80-нің үстіндегі кісілер вакцина алғысы келетінін айтып хабарласады. Бірақ, біз ол кісілерге әлі жасаған жоқпыз.

– Вакциналаудан кейін үйдегі бақылау қалай жүргізіледі?

– Вакцина орталықтары екпе алған адамдар туралы барлық деректі емханаларға жібереді. Ол жердегі учаскелік дәрігерлер мен медбикелер өздеріне қатысты адамдарға хабарласып, қал-жағдайын сұрайды. Солай 3 күн бойы біліп отырады.

– Кері реакция белгілері 5 күннен кейін немесе 1 аптадан кейін білінуі мүмкін бе?

– Зерттеу нәтижелері бойынша вакцинадан кейінгі қандай да бір әсерлер 3 күн ішінде басылады делінген. Осы уақытқа дейін ондай жағдай болған жоқ. 2 компонентін алуға келген кезде сұрап білдік, айтарлықтай кері әсер ешкімде болған жоқ.

– Аудандар мен басқа қалаларда тіркелген адамдар облыс орталығында екпе алу үшін осында тіркеуге тұруы керек пе?

– Басқа жерде тіркелсе де Қарағандыда тұрған жері бойынша тиісті емханаға барып, екпе алуға жазыла алады. Ол үшін тіркеуге тұру міндетті емес Бірақ, мекен-жайына қарасты емханаға бару қажет болады. Сол жерде сізге екпе жасау күні мен уақытын айтады.

– Вакцина салу тәртібіне тоқталып өтіңізші. Ашылған вакцина қанша уақытқа жарамды?

– Екпе салу тәртібі вакциналау басталмас бұрын арнайы үйретілді. 1 ампула бірден 5 адамға салынатынын білесіздер. Сол 5 адам бірдей келуі тиіс. Тіркеу бөліміндегі мамандар тізім бойынша кімнің, қашан келетінін сұрап отырады. Біреуі келді деп вакцинаны аша салмайды. Оны әуелі жарты сағат ерітеді, салдыртатын адамдар жиналғаннан кейін ғана ашады. Ашылған ампуланы 2 сағаттан артық сақтауға болмайды. Сондықтан, вакциналау ісінде нақтылық қажет. Барлығы жоспарлы түрде, келісілген уақытта жасалуы тиіс.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button