Архивы әдебиет - «ORTALYQ QAZAQSTAN» газеті

Қорғансыздың күні (Әңгіме)
С. қаласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. (Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық алыстан көрініп, дәмелендіріп тұрады. Жолдың аузында көлденең созылып жатқан тұрқы он шақырымдай болғанмен, енсіз кереге сықылды, жалғыз тау. Не бауыры, не сыртында ықтыртын жоқ ысқаяқ. Арқалық жадағай, жалғыз қабат болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да, оңынан соқса да паналығы жоқ азынап тұрады. Қыстың басынан екі жағын қар алып, жұмыртқадай қылып тегістеп тастайды).

Сондықтан өзге жер ашық болып тұрғанда, Арқалықтың бауыры көбінесе бораннан босамайтын. Алыстан қарағанда да Арқалық бұдыры жоқ жалаңаш. Көруге аса көңілсіз.

Жыл сайын қыс басынан қарлы болып, малға панасы жоқ болғандықтан, бауырын жайлаған ел малын өлтіріп, өзге ел аман отырғанда, шолақ жұттың құрығынан құтылмайтын. Сондықтан бауырын мекен қылған ел көбінесе кедей болатын. Бұл жерді мекен қылған ел, ерте күннен аталарының қонысы болғандықтан және басқа ірге аударарлық жайлы жері жоқтықтан, «құдайына жылап» отыра беретін. Бұлардың жалғыз-ақ медеу қылатыны Арқалықтың егіндігі еді. (Бауыр сыртының шымы тұтас көделі жер болғандықтан, үй басының салған бірлі жарымды бөлтек егіні тәуір болып шығып, ұзақ қысқа қорек қылатыны сол болушы еді).Арқалықтың бұл айтылған жайлары оңтүстігін жайлаған Уақпен көршілес үш-төрт болыс елге белгілі болатын. Бұған себеп — Арқалықтың сырт елдер қалаға қатынасатын қара жолдың үстінде болғандығы. Өткен-кеткен керуен ұзақ жолда не көлігі талып шалдығып, не өзі шаршап қажып келе жатқанда қадаулы қоналқалық, не түстіктік жері Арқалық болады.

Арқалықтың жолы асатын кезең — Күшікбай кезеңі деп аталады. Күшікбай — Арқалықты қыстайтын бес-алты ауылдың атасы. Өзі батыр болған адам дейді. Дәл дара жолдың аузында, Арқалықтың бір кішілеу биігінің басында тастан үйген оба секілді жалғыз мола бар. Сол мола Күшікбай батырдікі. Кезең де сол себепті Күшікбай атымен аталған.

Күшікбайдың кім екендігін, басынан қандай дәурен кешкендігін әрлі-берлі өтіп жүрген керуеннің көбі білуші еді. Оларға білдіретін заманның шежіресі — дәурені өтіп кедейлік басқан, көңілсіз салқын өмірге түскен кәрілер болатын. Бұдан соңғы білдірушілердің көбі өткен-кеткен керуенге көп сөйлесіп дағдыланған, ауыл иесі болған соң, алдынан ешкім шықпай, жаман әдеттеніп, өтірікшілеу болған адамдар болатын. Бұлардың көбі әңгіме айтудан бұрын, азырақ шарт керек қылушы еді. Алдымен күндізгі мазасыз суық пен қар басқан көңілсіз елсіз даладан құтылған болу керек. Өнбейтін азын-аулақ малдың соңынан жүріп, әрі іш пыстырып, әрі қинаған бейнеттен серпіліп, күн бата үйіне келуіне керек. (Екінші, көлігіне, өзіне азық сұрап, шығын шығаратын жат керуен жоқ болсын. Сол кезде үйінде бірлі-жарым көңілі сүйетін, сыйлайтын қонағы болуы керек. Ақсақал мал қоралап болып, жайланып шайын ішіп, қазанаспаның аузында кейде жылтылдап, кейде лапылдап жанып жатқан отты көріп, бұрқылдап қайнап жатқан еттің исі мұрнына келіп отырғанда, серпіліп әңгіме айтатын).

Жолдан қажып келіп, тынығып жантайып жатқан салбыраңқы, күңгірт пішінді жолаушылар бастарын көтерсе де, жарым-жартылай қалғи отырып, әңгіме тыңдаушы еді.

Міне осындай көңілді жайдың бірінде өткен күндердің көп әңгімесін еске түсіріп отырып, әңгімеші ақсақал сөз арасында Күшікбайдың тарихын сөйлеуші еді.

(— Күшікбай батыр жиырма бір жасында дүние салған екен. Ерте күннен жортуылға аттанып, Уақтың көп батырларының арасында бұғанасы қатпағандығына қарамай, талай қиын-қыстауда ақыл тауып, қажымай қайрат, ерлік көрсеткен). Осындай өнерінің арқасында ерте күннен батыр атын алған екен. Соңғы жылдарда көздеген мақсаты қолбасылық болып, аяғында, оған да жетіп, егескен елінен кегін алып егер қылып жүргенде шешек шағыпты. Шешек ауыр болып, төсекте қозғала алмай көп уақыт жатып қалған. Сол кезде Күшікбай ауырып жатыр дегенді естіп, талайдан өшін ала алмай жүрген Уақтың бір батыры жауының жанын ауыртпақ болып, белдеуде байлаулы тұрған «қызыл бесті» деген атын тал түсте тартып алып кетіпті. «Пәленше атыңды алып кетті» деген ағайынның жетімсіген сөзін естігенде жаны шыдамай, ауруымен алысып, жылқыдан ат алғызып, жалаңаш етіне бір шекпенді кие салып, жауының артынан қуып кетіпті. «Батырды мұқаттым» деп үйіне келіп, жада жайланып, жауы отырғанда: Күшікбай атын ойнақтатып, найзасын түйілтіп, өрт сөндіргендей болып зәрін шашып, жетіп келген. Сол бетімен ауылдағы самсыған сары қолға: «Соғысамын, қан төгемін»,— деп әлек салған. Бірақ жиылған елдің ішіндегі басты адамдар: Уақтың баласы бірін-бірі өлтіріп араздаспасын»—деп, ат шапан айыбымен Күшікбайдың атын қайырыпты. Батыр еліне қайта қайтқанда ауруы меңдей бастап, атқа әрең жүріп, осы күнгі бейіті тұрған биіктің басына келгенде мұршасы құрып, найзасын тіреп аттан түсіпті. Сонан соң басын оңға қаратуға ғана шамасы келіп, жан тәслім қылған. Артынан ағайын-туғаны жылап барса: шешегінің ауыздарын шекпен қажап, қотырының суы шекпенінің сыртына шып-шып шығып кеткен екен дейді. Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгендігінен моласы тұрған биіктің бауырынан боран, ызғар айықпайтын болған екен,— деп, бағанағы кәрі әңгімесін тоқтатушы еді.

Бұл әңгімені айтушы адамдар Күшікбайдың кім екенін жұртқа танытқанда, өзінің сол батырдың ұрпағы екендігін көңіліне бірталай қанағат қылып, бойы көтеріліп, көңілі күңгірт өмірдің уайымынан бірталай сергіп қалушы еді (…).

Январь айының аяқ кезі. Күн батуға тақап қалған мезгіл. Күнбатыс батуға айналған күннің қызғылт сәулесімен нұрланып, қызыл торғынның түсіндей боялып тұр. Күнге жақын тұрған ұзынша жұқалаң бұлттардың түсі қалың өртке қызған темірдей қып-қызыл. Төбеге жақын тұрған алысырақ бұлттардың бір-бір жағы ғана жұқалаң қызылға боялған асыл нұрдың буын ғана жалатқандай. Қызғылт сәулесін дүниеге жайып тұрған күн шарасымен тұтас көрініп тұр. Аспан ашық. Берірек тұрған аз ғана ала-шұбар бұлттар кең жаһанның жүзіне перде болған жоқ. Күні бойы тыныш болған жел Күшікбайдың бауырында ғана ызғырықтап, жаңада жауған көбік қарды жаяу борасындатып тұр. (Күннің қызыл сәулесі даланы да, тауды да өз өңіне кіргізген. Күнбатыс жақтан бораған ұсақ қар да күн астынан қызғылттанып көрінеді).

Жоғарыда айтылған Қүшікбайдан асатын қара жолдың үстіне Арқалықты бетіне алып, қала жақтан бір пар атты келе жатыр. Жайдақ сары шанаға биіктеп салған жеңіл жүгі бар, жақсы киінген екі жігіт. (Сылаң еті бар екі қодыр ат қажығандығын білдірмей, көшір жігіт божы қаққан сайын ығыса жөнеліп, сары желіп келе жатыр).

Жолаушының бірінің торғын тысты жаңа түлкі тымағы бар. (Қалың киімнің сыртынан киген мол сұр шапанының жағасы қара барқыт. Аяғында байпағының қонышын барқытпен көмкерген жада дара етік. Алғашқы көрген жерден-ақ мынау мырзасы екен дегізгендей).

(Бұл жігіттің жасы отыз шамасында. Орта бойлы, дөңгелек денелі, қысқалау мұртты, шоқша сақалды сұрғылт беті дөңгелек жалпақтау. Суық қарайтын қисық біткен кішілеу өткір кезінде және түксиген қабағында өзгеше қаталдық бар. Кішкене мұрны көз, қабағына үйлеспейді. Бұл адамның күлгендегі пішіні құмарлыққа көп салынғандығын білдіріп тұрады.

Бұл жігіт — Ақан мырза). Қалаға .қазынаның алымын салуға барып, жұмыстарын түгел бітіріп, үйіне қайтып келе жатқан беті. Қасындағы Қалтай — ерте күннен жанынан тастамайтын жолдасы. Ақан болыс болғаннан бері қарай атшабар қылып, бұрынғысынан да жақын ұстайтын. Қалтай аса пысық, сөзге ұста, қалжыңқой, әсіресе Ақанның түндегі жүрісіне өте ыңғайлы, әрі жылпос, әрі тілді ер жігіт еді.

Ақан күні бойы жолда көп сөйлемей, бір нәрсені қадалып ойлағандай болып отырды. Бірақ түпсіз терең ойдың түйінін шеше алмай отырған кісінің пішініне түскенмен, Ақанның ойы қай жерде жүретіні белгілі еді. Ол көбінесе осындай қадалып ойлағанда, қиялында бір сұлу әйелдің суретін тауып алып, соған пәлендей деп сөйлесіп әзілдессем, сондай қылып құшақтасам, сүйсем деп, соны ермек қылушы еді. Қалтай мырзасының не ойлайтынын білсе де, ерте күннен жалтаң болып өскендіктен, ашуланып қала ма деп қорғалақтап, жанын ауыртатын сөздерді мұндай күйде айтпайтын. Сондықтан Ақан үндемегенде, о да үндемей отырады.

Жолаушылар күні бойы тоңбай келсе де, кешке жақын күн суытыңқырап, Күшікбай бауырының ызғырығы қатайған соң тоңази бастады.

(Божы ұстап отырған Қалтай бетін уқалап, кішкене қозғалып, Ақанға қарап: — Батыр-ау, мына Күшікбай «мені өлтірген шешек — осы Ш. қаласы» дей ме? Немене: бір емескі емес, ызғырықтайды да тұрады,— деп күлді. Ақан да түсі жадыраңқырап күліп, аз сергіп қалды. Біраз уақыт өткен соң тағы да үндемей күні бойғы әдетпен тұнжыраса бастады).

Осылай алыс жолдан жалығып, тоңып, ығы кетіп қырындап келе жатқан жолаушыларға Күшікбай кезеңінің түбінде бір жіңішке қара сызық секілденіп Қанайдың жалғыз қорасы көрінді. Ұзақ жол қажытқан жолаушылар осы болымсыз кішкене сызыққа қарап, қоналқаға келетін үйінің әртүрлі көңілсіз жайларын есіне түсірді. Бұрынғыдан да тұнжырады. Көңілсіздік молайды.

Қанайдың қорасы кезең қасына келгенге шейін жан иесінің мекені екендігін білдірмейді. Иесіз абдырап, ұмытылып қалған бірдеңе секілді. Қорадан жарты шақырымдай жерде басы қара қожалақ болған кішкене төбешіктің үстінде томпайып жатқан бір үлкен кісінің, бір баланың бейіті бар. Жолаушылар өтіп бара жатып, әлгі бейіттерге қарап, ауыздары күбірлеп, тоңған қолдарын көтеріп, беттерін сипап, бата қылды. Күшікбайдың басынан соққан боран жаңадан шыққан бейітті қармен көміп, қараушының көзінен тез жасырудың қарекетін істеп жатыр. (Иесінің дүниеге келгенін сездіретін ақырғы белгісі — томпиған бейіт аз уақытта жоғалмақ, із бітпек. Таудан аса соққан жел бейіт тұрған төбешіктің басында, әсіресе, қатты ызғырықтанады; бейіттің тау жағынан топырағын ұшырып, екінші жағына жалданған қармен басып жатыр. Аз уақытта бейітті түгелімен қар кемгендей. Кейде себелеп, сырғып өтіп жатқан ұсақ қар өзінің мейрімсіз, ырзасыз, бірақ еркін бір куә екендігін білдіріп тұр.

Бейіттен жарты шақырымдай жерде тұрған екі кішкене қора да бейіт секілді мүләйім пішінделген. Тозығы әбден жетіп, ескіргенін төбесі де сездіреді. Қыры кетіп жұмырланған бұрыш-бұрышында үйіліп қалған қорда топырақ, қораның онсыз да аласа бойын жермен-жексен қылып тұр. Жан-жағына үйілген қар, қыс басынан бір күрелмегендіктен, қораның үстіне шығып, біржолата басып алған. Аз күнде қораны көзден жоғалтуға айналған.

Бұл күйден аманырақ болған есіктің ғана алды. Кішкене тар күресіні бар. Қыстау айналасының әлгідей пішінінің үстіне, теріскей жақ бұрышындағы бір қораның төбесі ортасына түсіп, таудан аса соққан боран әлгі тесіктің үстінде ақ түтектеніп, біресе түтін секілденіп ұйтқып, біресе қиыршықтанған ұсақ қарын ішке себездеп төгіп, қораның ішін толтыруға тырысып жатыр. Тау жақтағы пішен қораның ішінде бір-екі шошақтай ғана тапталған аз пішен бар. Бұнда қауырсын жотасының бәрі дар болған бір арық қызыл торпақ және екі-үш жаман тоқты тұр)”.

Қораның сыртынан білініп тұрған осы секілді көңілсіз күйін көрген адам «бишара, мынау қандай сорлының қорасы екен?» деп еріксіз айтқандай. Мұны ойлаған адам үйге кіріп, қораны мекен қылған адамдарды көргенде, әлгі ойының шындығына көзі жетуші еді.

Күндізгі біз көрген жолаушылар күн батып, қой қоралаған мезгілде осы қораның алдына келіп тоқтады. Шанадан түсіп, үстерінің қарын сілкіп болған соң, Ақан мырза қораның сиқын көріп, көңілсізденіп:

( — Қалтай, осы үйге қайдан әкелдің? Кісі отырарлық жері де бар деймісің, басқа үйлердің біріне бармай,— деді.

Қалтай атты доғарып жатып:

— Үндеме, неге әкелгенімді кейін білерсің,— деді.

Құлағына жайлы хабар тиген соң, Ақа« үйге кіруге асыға бастады. Аты доғарылды. Енді қонақтар қараңғы қораның ішіне кіріп, қабырғаны сипалап жүріп есікті тауып алып, үйге кірді).

Үй — ауыз үй, төр үй ретінде салған екі бөлмелі екен. Бірақ ауыздағы бөлме затында үйге арналып салынса да, кәзіргі қалпында үйліктен шығып, әрі шошала, әрі қораның міндетін атқарып тұр. Үйліктің белгісі терезенің жалғыз әйнегін жапсырып қойған тесіктен және жылтылдап от шығып жатқан бір бұрыштағы кішкене қазанаспадан ғана білінеді. Іші қараңғы. Бұрыш-бұрышында аяздаған қар, қабырғасы қара балшықпен сыланған кір. Төбесіне жапқан сырғауыл қарайған, түгел ыстан қап-қара. Терезе жақтағы бір бұрышында жаңа туған бір қозы және арқасына киіз таңып қойған бір арық қызыл торпақ тұр. Төр үйдің іші бұдан гөрі аз көңілдірек. Көп тұрғандықтан май болып кірлеп, қарайып кеткен кішкене тар тесіктен кіргенде, оң жақ бұрышта ешбір әксіз, ретсіз үйіле салған үлкен пеш бар. Одан жоғары бояуы көшіңкіреген ағаш төсек. Үстінде іждиһатты қолмен жиылған сұрғылт түсті көнетоздау екі-үш көрпе, жастық. Есікке қарсы төрде кішкене жүнаяқтың үстінде екі ескі сандық, үйдің қалған жерінде бөтен ешнәрсе жоқ. Төр дегені екі-үш кез ғана жерге жайылған ескі құрым киіз. (оның үстінде бір-екі ескілеу сырмақ. Үй ішінің барлық жасауы осы. Бұл үйдің де қабырғасы көп жылдардан бері сыланбағандықтан, әр жерінен қара балшығы шығып, кір болып, қожалақтанып тұр. Пештің де өнебойы не күйе, немесе қожалақ болып, кей жерлерінің кәрнезі сынған — о да тозығы жеткендігін білдіргендей. Оңтүстікке қараған екі көзі жамаулы кішкене терезеге тау желі гуілдеп соғып, әр жеріндегі тесігінен тыстағы суық бу болып кіріп тұр. Көздерінің бәрін қырау басқан, аппақ. Пештің қырында тұрған кішкентай жалаңбас лампының жалпылдап жанған болымсыз жарығы үй ішінің қараңғылығын зорға жеңіп, азғана елпілдеп, күңгірт, қызғылт сәулесін түсіреді.

(Бұл үйдің барлық жаны — үш-ақ әйел. Пештің жанында біріне-бірі тығылып, бүрсиіп отыр. Әйелдердің біреуі — сексеннен асқан, кәрілігі әбден жеткен кемпір, екіншісі қырықтың шамасындағы әйел, үшіншісі он үш жастағы қыз. Кемпірдің жасы қартайып, қуаты азайғандығы шын болса да, бетінде ерекше бір қайрат білінеді, еркек пішіндес кесек. Үлкен, жалпақ маңдайлы, қошқар тұмсықтау келген үлкен мұрынды. Тақырлау сұйық қабақтың астынан көрінген кішкене өткір көздері қажыған салқын жанармен жалтылдайды. Маңдайы мен екі ұртына түскен қатпары қалың терең әжімдері өмірінің талай қайғы, талай бейнетіне куә. Бұл кемпір осы үйдің қазіргі қожасы. Ана әйелдің біреуі — келіні, біреуі — сол келіннен туған немере қызы. Келіннің пішінінде не жақсылығына, не жаманшылығына айғақ болған орасан белгі жоқ: орта пішінді, орташа жаратылған адам тәрізді. Бірақ бұның пішінінде де өзгеден бөтен бір жаттық бар. Қадағалап қараған кісіге ол көрінетін. Тұңғиық қара көздері бір қараған жерден аумай, ылғи жансыздықпен қарап тұрғанына көзі түскен адам бишараның кім екенін айырушы еді. Ол жаңа арада екі көзінен айрылған су қараңғы еді. Бұл екі әйелге ермек, жұбаныш болып отырған — жас қыз. Ол — сыпайы, нәзік болып өскен Ғазиза: жіңішке сұңғақ бойлы, аз ғана секпілі бар дөңгелек ақсұр жүзді Ғазиза. Көрген көзге алғашқы жерден-ақ сүйкімділігін сездіретін уыз жас. Жалғыз-ақ ұяң, жұмсақ қарайтын қара көзінде және ылғи шытынап, кірбеңдеген қабағында қалың уайымның салған ізі бар. Пішіні мұңды, жүдеу. Жас басына орнаған қайғы,. жүрегін жеген дерт сыртына шығып тұр).

Бұл баланың уайымы не? Уайымы — осы үйдегі үш: әйелге ортақ болған жесірлік, жетімдік. Бұлардың басынан тағдыр дауылы жаңада ғана соғып өткен. Қораның. алдындағы жас бейіттер сол дауылдың салдарынан туған. Бұл әйелдердің қуаныш-қызығы да, үміт-қорғаны да сол суық қабырға өліктермен бірге көмілген. Ол қабырда жатқан — Ғазизаның әкесі Жақып және жаны: туысқан жалғыз кішкене бауыры — Мұқаш. Осы бүгінгі кештен бір ай бұрын әкесі мен бауыры қабат жығылып, сүзек болды. Ғазизаның ағам өлсе, күнім не болады деп күндіз-түні бірдей тыным алмай, құдайға құпия сыбырлап, оңаша жерлерде тыста жүріп өксіп-өксіп жылағаны, кемпір әжесінің мойнына бұршағын салып, ата-бабасының аруағына жалбарынғаны себеп болмай, екеуі де өлген.

Иесіз қорада қуатсыз, қорғансыз үш әйел құлазып, зарлап қалғанда, маңайынан жиылған көрші-қолаңы ғазиздерінің сүйегін суық қабырға салғанын ойлағанда, әрқашан Ғазизаның жүрегі шаншып, өңі қашып, көзінен ыстық жасы тамшылап кетуші еді.

Бұл бала жасынан көкесінің жалғыздығын, ағайындарының достығы жоқ қаттылығын ойлап, сыртына шығарып ешкімге айтпаса да, сол әкесіне жаны ашып, тілеуін тілеумен өскен. Ол көңілді болған уақытта — бұл да көңілденіп, қуанып отырушы еді. Жасынан сезімді бала; зерделілігімен әкесінің жалғыздығын, шаруасының нашарлығын ұғып, соған қолынан келгенше көмек қылғысы келіп тұратынын сезген соң, үй іші түгелімен Ғазизаны әлпештеуші еді.

Бұрын әкесі тартатын ауыртпалықтың бәрі бұл күнде Ғазизаның өз басына түскен. Еркек істейтін шаруаның. бәрін өзі істейтін болып, әлі келгенше үйінің барлық шаруасын ұстап тұрған — өзі. Соңғы аз уақыттан бері. бұл қызметінің үстіне, тағы үй ішіндегі бар жұмыс масыл болып мойнына мінді. Бұрын тыстағы шаруасына да көмегі тиіп, үйдегі барлық шаруаны жайлап отырған, шешесі жиырма күннен бері көзінен айрылып, соқыр болды. Жақыптың тірі кезінде көзі анда-санда ауырып қалып: «шеп түсті», «көз ауру болдым», «желге асқынып; кетті»,— деп жүре беруші еді. Жақып өліп, көп жылаған соң, сол көзі аз күнде суқараңғы болды. Үй үшінің қайғысы бұрынғысынан да асты. (Жетім-жесірге ес болып отырған кемпір, басынан қара тұман айықпай, үсті-үстіне қайғы жауып, қабат қаза көрген соң, құдайға, тағдырға нанған көңілмен бір уақыт шын жалбарынып, назаланып: «Құдай-ау, не күнә сұмдығымнан осындай қазаға душар қылдың? Не жазығым бар еді?»—деп меңіреу дүниеге сұрақ қоюшы еді. Ауыр өксікпен күрсініп, кеудесін жарған уайымның жалынын, ешкімнен жауап қайтпайтынын білсе де, анда-санда дауыстап айтып отырушы еді).

Ғазиза да екі шешесімен қосылып, жүректерін жеген қиғыларын сыртына шығарып сөйлескенде, бұрынғы өткен күндерін сағынушы еді. Кемпір оны да еске түсіріп: ол күн де бір дәурен екен ғой, Жақып тірі тұрғанда кімнен кем, кімнен қор едім?!—деп, аһ ұрып алып: ендігіні айтсаңшы, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп отырған деп,— үнсіз жылайтын.

Күндегі әдетпен белгілі уайымның соңында бишара әйелдер отырғанда, ауыз үйдің есігі ашылды. Үшеуі бірдей: «бұ кім?—десіп есікке қарағанда, бұлар отырған үйдің де есігі ашылып, үйге түлкі тымақ, жақсы киімдер киген екі қонақ кіріп келді.

Ғазизаның соқыр шешесі Ғазизаны түртіп, қонақтың кім екенін сұрады. Ғазиза қонақтар келген жердегі таңданған пішінмен ақырын: «Білмеймін, танымаймын!»— деді. Қонақтар киімдерінің қалған қарын қағып, төрге шығып отырған соң, асжаулық әкелгізді. Ақан құран оқыды. Артынан Ақан да, Қалтай да үй ішімен амандасып, кемпірге қарап:

— Құдай ісі сыпайышылық, ақырының қайырын берсін!— деп, жайлап көңіл айтты.

(Үй іші қонақтар алғашқы келгенде таңданса да, артынан пішіндерін, қалыптарын көрген соң, жетімдік халдеріне мүмкін болған дәрежеде көңілденіңкіреп, жадырап, шамаларынша серги бастады. Еркектері өлгеннен бері қалған әйелдердің уайымынан босаған шағы осы бөтен кісілер келгенде ғана болатын. Одан басқа уақытта үшеуі үйде оңаша отырғанда жетімдік-жалғыздық та, қорғансыздық-сорлылық та көздеріне айқын көрініп, көңілдерін мұң мен зардан айықтырмаушы еді. Сол ретпен қазіргі қонақтар келгенде де қабақтары жадыраған себебі осы еді).

Қонақтар шай ішіп, жайланып болды. Кемпір ауыл ақсақалы — басты еркектерше қонақтармен әрнәрсе жайынан жақсы сөйлесіп отырды. Кемпірдің байсалды сөзінен қонақтарын құрметтегісі келіп отырған ықыласын және қайратты жүзін байқаған соң, Ақан да әр нәрсенің жайынан сөйлесуге жалықпайтын сияқтанып отырды. Басында қала жайынан, ел жайынан қысқа-қысқа хабарлар айтып отырған Қалтай еді. Шай артынан екі қонақ көбінесе кемпір сөзіне құлақ салып отырды. Кемпір, қонағы— бір елдің болысы болған соң, оның үстіне сөзінің салмағы бар жуан ауылдың баласы болған соң, екінші, әрлі-берлі өткенде бірде болмаса-бірде сезім, ісім түсер деп, өзінің баласы өлгеннен бергі жайын білдіріп қоюды ойлады.

Осы оймен өзінің жай-күйін айта бастады. Кемпірдің әңгімесі шешен ұғымды тілмен ұзақ айтылды. Даусын біресе тиісті жерде қатайтып, өңін ажарландырып, біресе ақырындап келіп, аяғын сыбырлап жеке-жеке айтып, ұғымды қылып, барынша көңіл-іждиһатпен айтты. Әңгіме әлпеті өлер алдындағы қоштасып отырып айтқан немесе бір үлкен марқабат күткен кісісіне жаны қысылған уақыттағы үміт, тілек айтқан сөзге ұқсайды (…). Ақанға қарап, қабағындағы кірбеңі жадырап, сез бастады:

— Қарағым, біздің хал-жайымыздың шет-жағасын көріп-біліп отырсың ғой,— деп, тағдырдың барлық суығына, зардабына, азабына шыдаған, шыныққан қайратты, сабырлы пішінмен күрсініп алды.— Біз жетім-жесір қалған панасыз бишарамыз. Барлық дүниенің тауқыметін арқалап қалған жас балам — анау. Мен болсам — сарнаған тілімнен басқа түгім қалмаған, қайратым қайтқан, бір аяғым көрде, бір аяғым жерде тұрған қуарған бір кемпірмін. Екі көзін алып, құдайым мүгедек қылып қойған келінім — анау. Өзіне күтуші керек қылып отырған ол — бір сорлы.

Әрі өтіп, бері етіп жүргенде сондайлық бишаралар еді-ау деп есіне ала жүрсін деп, айтып қояйын деп отырмын. Күндердің күні болып жүдеп-жадап, біреуден зорлық, біреуден қорлық көріп отырған үстіне келсең, көзіңнің қырын саларсың (…). Жайымды айтып қояйын: ең болмаса — жылы сөзіңді айтарсың. Бөтен елдің жұмысына не сез айтам демессің. Сендердің сөздеріңді тастай алатын Уақтың баласы жоқ қой. Бұл арада отырған елде адам секілді адам бар ма? Ұрғашы секілді жыбырлаған ұсақ. Қорыққанына ғана жауап беріп, қорықса ғана айтқаныңды істейтін сұмдар емес пе?! Міне — менің Жақыбым өлгеніне екі ай болды. Біреуі туысқан болып: бишара, жайың қандай, шаруаң не күйде деп, есіктен қарады ма екен? Қайта үйімізге келсе, шетінен тысырайып, жуансып келеді. Ылғи жетім-жесір деп қызығып айталап, бір нәрсемізді аузына түсіріп алғысы кеп тұрады. Ұялмағырлар ұялмастан бізді жегісі келіп тұрады. Мен сорлы балам өлгеннен бері солардан көрген зорлығымды айтайын деп отырмын.

Жақып өлді. Одан бір жұма кейін, жығылғанның үстіне жұдырық деп, Мұқашым өлді. Күндіз-түні жылауда болып есеңгіреп отырғанымызда: енді бұл үйдің еркектері кетті, ылғи ұрғашы үй болып отыра алмайды; дүниесін бөліп аламыз; қатындарды әрқайсымыз қолды-қолымызға аламыз деп, балаларымның бет топырағы жасырылмай жатып, суық сөз жүргізді ғой. Баламның тірі күнінде ағайын ішінде жақын көріп, бауырына тартып, қолына түскен азын-аулағының жартысын жырып беріп жүрген жар дегенде-жалғыз сенген Ысмағұл не қылды? «Жақып өлгенде бата қылушыларға мен қойымды сойғамын» деп, Мұқашым қысылып жатқанда, даладан ет таусылса — сойып аламыз ба деп жүрген жалғыз ту қойымды әкетті ғой. Мына келініме: «Шаруаға ие болатын кісімсіп қоқақтамасын, одан да Жақыпты жоқтауын білсін, малға ие болам деп жүр ме өзі?!»— деп айтады дейді.

Менің балам тірі болғанда соның тіршілігінен аужал алып телміріп отырушы еді. Балақтағы биттің басқа шыққанын көрмеймісің? Бұлар үшін қарағым не көрмеді?—дей келіп, қабағын көтеріп күрсініп алып:—сол тірі болса, маңына келе алар ма еді? Бәрінің де… боғын жуып, жақсысын асырып, жаманын жасырып, адам секілді қылып, осы ауылды адам қатарына қосқан сол емес пе еді? Жоқтығына қарамай үйін — базар, түзін — той қылып, думан қылып отырудан босаушы ма еді. Момындығы, биязы сыпайылығы қандай еді, топырағың торқа болғыр, қарағым!

Мына жамандардың ішінде оның тырнағына татитыны бар ма? Жақыбым осы жолы ауырғанда — солардың кеселінен ауырған жоқ па! Менің қайнымның мылжың Дүйсен деген баласы бар ғой. Қатынша жыбырлағаннан басқа, істейтін адам сияқты бір мінезі, бір ісі жоқ. Жаннан асқан дүниеқоңыз. Үйіне бір қонақ қонса, соған асқан бір жілікке жаны шығып, тыжырынып отырады. Үйіне қонақ қонған күні қатынына тыныштық жоқ: етті көп асасың, мені құртасың деп мыжиды да отырады. Соның үйіне қыс басында Шұбарадырдың көп ұрыларының біреуі келеді. Мылжың: тамағым жоқ, жатқызатын жерім жоқ деп, түн ішінде, боранда қуып жіберген. Ежелден Уақты кісі ғұрлым көрмейтін; екі сөздің бірінде: «Шауып алам, айып алам!»—деп тұратын (…). Өктем елдің баласы бұл қорлыққа шыдасын ба? «Өлмесең — өрем қап» деп далаға тентіретіп жіберген соң, сол түнде келіп, қорасын талқан қылып жарып, төрт-бес семіз қойын, малға мінін жүрген екі атын алып кеткен. Соған өзі іздеп баруға қорқып: «Барсам, тағы атымды алып қояды»,— деп, Жақыпқа келді ғой. «Сенімен ол елдің басты кісілері таныс, сөзіңді тастамайды. Менің малымды көрнеу қоя беріп отырамысың?»—деп асылып отырып алды. Жер-жебіріне жетіп ұрсып:

— Құдай сүйер қылығың жоқ. Қазанбұзар үй-тентексің. Кісі ығысатын айдының жоқ, неменесіне жуансисың?! Бір күні болмаса бір күні керек ағайыннан жалғыз жілігіңді аяйсың. Жуан болсаң, мықты болсаң,— осы Арқалықтың түбінде өткен-кеткен біреумен ырылдасып неменеге отырсың? Дүниенің астын үстіне аударып, сенің болысыңнан оның ұрысы жуан болып отырған Тобықтыға сенің жол үстінде тұрған жаман лашығың жүк болып па?! «Өтпес жарлық — бойға қорлық» екенін әлі күнге неге білмейсің? — деп, жерден алып, жерге салды (…).

Аяғында, мойнына су құйылып: «Өзіңнен басқа сенерім жоқ» —деген соң, әлгі иттің малын іздеп кеткені ғой, Табандаған жиырма күн жүріп, табанынан таусылып бармаған кісі қоймай, аяғында, бар малын алып келді. Ұрысы жуан ауыл екен. Басында ел кісілерінің сөзіне көнбей, «Дүйсен мылжыңның ызасы өткен»,— деп, қасарып болмапты. Сонан соң елдің басшы адамдары: «Мұнымен құда бол, әйтпесе малың тимейді»,— деген соң, мылжыңның. 9—10-дағы қызын ұры ауылдың соқталдай бір азаматына бермек болып, сөз байлап, малын алып қайтыпты. Сол ұрымен осы күнде бал жаласқан құда болып отыр. Жақып сол жолда суық өтіп, өңі қашып, қу шүберектей болып келді. Артынан, немене, екі-үш күн өткен соң қатты жығылып, төсек тартып жатып қалды. Аяғы, мінекей — мынау болды. Жә! Сол мылжың осы күнде не істеп отыр де?

Менің балам қолының қысқалығына қарамай, анаған да, мынаған да араласып, ертеңді-кеш қарап отырмай, сауда қылатын еді ғой. Біреуден аткөпір қылып алып, біреуге аткөпір қылып беріп жүретін. Кімге не беріп жүретінін білеміз бе? Қарағым, кейде сыр қылып, не істеп жүрсің деп саудасының жайын сұрағанда, күліп: «Апа, соны не қыласыз, мен тірі болсам, аштан өліп, көштен қалам деймісіз» деп жүре беруші еді. Бүгін басыма күн туған соң біліп отырмын ғой. Әйтпесе ішкен-жегеннен басқаны біліп пе едік? Жалғыз-ақ өтетінінен бір күн бұрын қолына қағаз-қарындаш алып, есеп-қисабын жазды. Қағазының есеп-қисабын көрсеткенінде, жұрттың айтуынша, бересісіне қарап, аласысы да бар екен. Балам дүние салып жүре берді. Артында қалғанын есептеп отырып, қақ жартысын өзінің жабдығы мен бересісіне шығарттым. Осы күнде қолымызда қалғаны — он шақты тұяқ, екі-үш қана ірі қара. Елдегі аласысын бұл күнде іздеп алар бізде дәрмен жоқ.

Сонда жұртқа беретін бересісін есепке салып төлегенде өз елімнің Мәрден деген пұшығына бермек үш қараның сомасындай борышы бар екен. Әлгі құрғыр ойымыздан шығып кетіпті. Он шақты күн болды, сол келіп, малын сұрап жүр. Біздің қолымызда қалып отырған азын-аулақ малы — мынау. Одан берейік десек, шұбырып кеткелі — біз отырмыз. Қарағымның мойнына қарыз ғып, өзі жинаған азын-аулағын өзінің сауабынан аяйын деп отырғаным жоқ. Жалғыз-ақ дүниесі құрғырдың тарлығы жалтаң көз қылып өлтіріп барады. Елден баламның аласысын жиып алғанша деп сейлессем, жай-жапсарымды айтсам, пұшық тоқтайтұғын. Бірақ соны маған сөйлестірмей, әлгі Дүйсен деген мылжың бар, тағы толып жүрген Бөрала секілді туысқандарымыз — бәрі бас қосыпты. Сөйлескен сөзі мынау: Мәрден — Тобықтының жуан аулының кісісі, ол ақысын сіңіртпейді. Және ол Жақып үйінің жай-күйін біліп отыр: оларды жылатып ешнәрсе алмайды, түбінде осының пәлесі бізге түседі. Басы аман, малы түгел, Жақыптың отына бірге күйетін жақыны деп бізді ұстайды. Біз бұдан басымызды амандап құтылмасақ болмайды десіпті. Соған жасап отырған айласы не деші? Қарағым, айтуға ауыз бармайтын сұмдық. «Тышқанның өлгені — мысықтың ойнағаны» деп, ендігісі — қалған көзімнің қарашығы — жалғыз Ғазизамды жылатпақ. «Кешегі Жақыптың аруағы лағынет оқымасын, Мәрденді де жылатпайық: биыл бұның қатыны өлген, Ғазизаны соған берейік» деп айтады дейді.

Кеселділердің осы сөзін естігенде, мына отырған балам зарлап қоя берді…

Осы сөзді айтқанда, кемпір маңайындағы жауыздықтың бәрін айқын көріп, өздерінің сол жауыздықтың қолында бір ойыншық болып отырғанын көріп, ызамен көзінің жасы сорғалап ағып кетті.

Ақан мен Қалтай бұл әңгіме айтылып отырғанда жайланып шынтақтап, жантайып жатып, анда-санда көздерін Ғазизаға жіберіп қойып, қадағалап қарап отырды. Кемпірдің сөзін жалықпай тыңдап отырса да, Ғазизаға қарай қалған пішіндерінде көңілдегі бір адалдық пен іштеріне жасырынған жат ойдың белгісі көрініп тұр. Ғазиза анда-санда ауыз үйге шығып, отты қағыстырып және басқа әртүрлі ұсақ шаруаларды қарастырып келіп отырды. Қонақтар алғашқы келгендегі кейіс Ғазизаның қабағынан әлі жадыраған жоқ. Жалғыз-ақ айырықша сыпайылығы және үндемей ақырын жүріп, биязылықпен істеген істері ішіндегі сырын сыртына шығармай, жасырыңқырап отырды.

Кемпір қызарған көзін сүртіп, әңгімесін қайта қозғады. Ендігі даусы ашулы, қатаң келді:

— Кешегі баламнан қалған жалғыз көзім — бұл жылаған соң, бізде не тақат тұрады. Бұны жылатқан соң, қуарған қу өмірдің не бағасы бар? Сол сөзді айтқызып отырған сұмдарды қарғадым, ұрыстым. Одан басқа біздің қолымызда не тұр? Жыластық, аяғында, сонымен қойдық. Міне: екі-үш күн болды, сол пұшық әлі күнге кеткен жоқ дейді. Енді әлгі мылжыңның қатыны жеңгетай болып жүрсе керек. Менің қарағыма келіп айтады дейді: «Шешелеріңе жаның ашыса, Мәрденге барғаның жөн емес пе? Сен жігіт болып, осы үйіңнің жұмысын басқарып отыра алмассың? Одан да өзің біреуге сүйенген болсаң, сен сүйенгенге шешелерің де сүйенеді ғой»,— деп .айтады дейді. Сөзінің қыршаңқысын қарасаңшы! Мен «сонда баламды бір пұшыққа бермек пе екем?! Қатынының, мылжыңның өзінің ойы да менің балам көнсе, пұшыққа жетектетіп қоя бермек болса керек. Қасиет бар ма оларда! Кәпірстан болмаса — ойласайшы! Менің үйім — осы ауылдың үлкен үйі. Бүгін сол қара шаңырағының құруға айналып отырғаны — мынау. Қарымағанда, кім қалды? Бұл үйдің жайын ойласа, Тұмсығы тасқа тиетіндей болған жоқ па? Ендігі қалған біз қалқиып: «Баламның ізін жоғалтпаймын; орнын сақтап, құранын үзбейміз» десек, соны ұқпайды. Ұқса да өзінің құлқыны үшін «Осы айтқандарыңды істетпеймін», деп анталап, қолымыздағы азын-аулаққа көзі тұнып соны бөліп алуға асығады. Әлгі менің баламды ана пұшыққа беріп жібермек болып жүргендегі ойы не деші? Қарағым, бүгінгі дүниеге ие болып, қалқиып осы азын-аулақ шаруаны ұстап отырған Ғазиза ғой. «Осыны бірдеңе қылып көзден таса қылсам, мына кемпір мен ана көзінен айрылып отырған қатын шаруаны ұстай алмайды; мұнан соң бар малымен, дүниесімен өз қолыма тиеді ғой» — дейді.

Менің баламның жылағаны оларға не керек? Жақыптың аруағы ырза болмай, күңіренгені не керек? Қу құлқынын ырза қылса — болады. Мінекей, «Һас жаман қасындағысын қарақтайды» — деген осы. Көрер көзге моп-момын, мүп-мүләйім боп жүрсе де, ол мылжыңның іші осындай.т Кеудесі толған — борсып жатқан бықсыма арамдық. Артынан естідік-ау, қарағым тағы: «Баласы баруға ырза болса — болады, — деп айтады дейді. — Ол ырза болса, қатындарға сөз салмай, баланы міңгестіріп қашырып жібереміз», — дейтін көрінеді. Мінеки қарағым, осы айтылып отырған дұспанның дұспандығын ойлағанда, ақылымыз алтыға, ойымыз онға бөлінеді. Осылардың осындай қорлығын ойлағанда осы жерде өле қалғым келеді

Кемпірдің көзінен тағы да жас моншақтап домалап алдына түседі.

— Құдайдың менің өз басымнан, менің ұрпағымнан аяған қазасы бар ма? Жасымда шешем өліп, өгей шешенің қолында қалып, жетімдіктің зарын өзім тартып едім. Содан өмірім жылаудан, күйіктен арылған емес. Енді қартайып, төрімнен көрім жұмақ болғанда құдайдан ертеңгі-кеш тілейтінім: «Жақыбымның жаманатын естіртпе, осының алдында ал!»,-деуші едім. Ол тілегімді істемеді — деп, көзінен бетіне аққан жасын жеңімен сүртіп, мұрнын сіңбіріп — тілеуі құрыған мен сорлы бұл күйік, бұл дертті көргенше шірісем едім! — деп, сөзін тоқтатты.

Кемпір барлық мұң мен шерін айтып отырғанда бір қалып, бір пінімен тыңдап отырған Ақан әңгіме біткен соң басын көтеріп алып, кемпірді жұбатпақ үшін аз сөз айтты. Сөзін шала естірлік қылап ақырын айтқан соң, ұғымсыз бірдеңе болды. Сезімді адамның жүрегін шаншытып тіксіндіретін, жұртты мінезінен жирендіретін, түңілтетін көрнеу жауыздықтар, ауыр халдер Ақанға көп әсер бере қойған жоқ. Жалғыз-ақ сол әңгіменің ішінде болып қорлық, ыза шегуші қайраты-қуаты жоқ сорлы кемпірдің өзі айтқандығы аз ғана жүрегінің тыныштық, сезімсіз қалпын бұзғандай болып отырды. Бірақ күндегі өмірінде бұл секілді талай жауыздықты көріп, өзі де сондайлардың ішінде болып жүргендіктен, мына естіп отырған сөзінің бәрі көңіліне таныс, таңғаларлық тамашасы жоқ. Оқып кеткен сабағы секілді болды. Кемпір бәрін айтып жылап, қызы мен келіні ішінен тынып, қайғы жұтып отырған күйін ойлағанда, азырақ сілкінгендей болып: «Осыған жанашырлық-ау!» деп, жүрегін зорлықпен жұмсатайын десе де, аздан соң сезімсіз салқын қалпына қайта барып отырды. (Бұл адамның іші жақсы сезіміне жат болып кеткен бір күңгірт дүние сияқты. Өз басына келгені болмаса, бөтен кісінің басына келген ауыртпалық пәле болып көрінбейді. Оның тартқан қасіреті көңіліне қонбайды, сезіміне сіңбейді, тіпті ұғылмайды).

Бұл сағатта кемпірдің жүзіндегі қалың уайым жүрегінде қандай толқын барлығын көрсетіп тұр. Әңгімесін аузымен тоқтатса да, көңілінде соның аяғын тағы да созып, түкпірлеп ойлап, қайғының қабат-қабат шыңына ақылымен кіріп отыр. Бұл уақытта ойлап отырғаны — өтіп кеткен күн емес, алдында келе жатқан күннің жайы. Кемпір келешекте көзі көретін ауыртпалықтың, қайғының бәрін де көз алдына анықтап келтіріп, ішінен: «Осының бәрін көретінім рас, осындай азап, қасірет тартатыным шын» деп бас иіп отыр. Бірақ адамның жүрегін пішінінен танитын кісі болса, кемпірдің жүзіндегі халді көргенде, еріксіз бұл адамды көңілімен құрметтегендей еді. Дауылдың қара бұлтындай болып, әдейі басына арналып келе жатқан қайғы-қасіретті көріп, соның алдынан айласыз-әлсіз күйде өзінің отырғанын біліп тұрса да, кемпірдің жүзінде үлкен сабыр бар. Күйіп-пісіп жасығандықтан белгі жоқ. Сынбаған ажар, қажымаған қайрат, кең салқын ерлік бар (…).

Ақан Ғазизаға алғашқы кезде көп қарауынан әлі күнге танған жоқ. Кемпірдің көзі өзінен ауғанда, оның көзі тек Ғазизада болып отыр. Көңіліне орнаған ойын қараған сайын пішінімен мағыналандырып, Ғазизаға білдірмек те. Бірақ, көңілі бұзылып жаманшылықтың бетін көрмеген Ғазизаға ол қарасты ұғуға шорқақ болды. Ол өз пішінімен ешнәрсенің белгісін берген жоқ. Ақан көп қарағанда ол қымсынып, қысылыңқырап, биязылығын сақтауды ғана ойлады. Біраздан соң ас пісті. Кемпірдің сыйламақ болып салғызған тәтті-дәмді тәуір еті қонақтардың алдына келді.

Бірталай уақыт өтті. Қонақтар тамағын ішіп жайланып, біраз отырған соң, жатуға ыңғайланып, тысқа шығуға айналды.

Кемпір қонақтарды әуелдегі сый көрген, құрметтеген көңілмен Ғазизаға: «Қарағым, қонақтардың атына шөп керек қой; өзің шам алып бірге шығып, шөп алатын жерді көрсетіп бер»,— деді.

Ғазиза бұрын ойына ешнәрсе келмесе де, Ақанның көп қарағандығынан сол арада сескеніп, біраз үндемей тұрды. Аяғында, шықпасына болмайтын болған соң, шешесінің сөзіне зорға көніп, қонақтардың артынан бұ да шықты.

Ақан Ғазизаның үйінде отырғандағы ажарынан үміттенерлік ешнәрсе көрмеген соң, тысқа шыққанда Қалтайға сыбырлап жасырын бірталай сөз айтты. Қалтай басын изеп, сөзін мақұлдады. Ғазиза бұл оқиғаны көрген жоқ. Артынан біраздан соң Ақан қораның ішіндегі есіктің аузында қалып, Қалтай мен Ғазиза шам ұстап, пішен-қораның ішіне кірді. Пішен-қораның бұл жері қораның ішінен қатынасатын, жаңада желініп жүрген кішкене үңгір еді. Барлық кеңдігі бір-ақ кісі сыйғандай, төбесі аласа бір қуыс. Ғазиза шам ұстап ауызда тұрды. Қалтай пішен-қораның ішіне кірісімен шөпке қарамай, үлкен жұмысы ол емес, басқа нәрсе екенін сездіріп, өңі өзгеріп, өтірік күліп қуланып, әдепсіз мінезге түсіп, ойындағы дайындап алған сөздерін сөйлей бастады. Ғазизаның .алдында сескенген ойы Қалтайдың не айтпағын сезіп, қатты ашуланып, бір жағынан, намыстанғандай болып, сөзінің аяғын бітіртпестен:

— Сенің ойыңдағы сұмдығыңды білмей тұрмын ба? Аулақ жүр! Мен сенің мазақ қылатын кісің .емеспін!— деп, лампыны жерге қойып, жөнеле берді. Қалтай күтпеген сөзді естігенде: басындағы күліп тұрған пішінін жия алмай, оның үстіне аңырайып аң-таң болып, ойына ешнәрсе келмей, біраз тұрып қалды. Ғазиза сол бетімен жүгіріп, екінші қораның есігінен шыға бергенде, есік алдында екеуінің сезін естіп тұрған Ақан ұстай алды. Ғазизаның әуелде үрейі ұшып кетіп есін жиып алғанша, Ақан көтеріп пішен-қораның қуысына алып келді. Қалтай шамды өшіріп жіберіп, қораның ішіне қарай кетіп қалды. Дүниені қараңғылық басты.

Ғазизаның үрейі ұшып, жүрегі тулап, есі шыққандай болып, сезімнің бәрі жоғалып, жалғыз-ақ «құтылсам-ау!» дегенді ойлап, қайта-қайта қатты жұлқынып ұмтылды. Сезімі жоқ, қатты ұстаған мықты қол рақым ойлап жібермеді. Еріксіз өз еркіне көндірді. Жалғыз-ақ қараңғы қуыста жалынған, жалбарынған, біресе есі кетіп, жүрегі жаншылып, үзіп – үзіп жылаған дыбыстар келеді. Сезімі жоқ жауыз қара күштің қылған күнәсі мен зұлымдығына қатты тоң жер, суық балшық, көрдей қап-қараңғы дүние куә болды.

Қалтай алғашқы бетімен тоқтай алмай, қақпаны ашып тысқа шықты. Жел күндізгісінен қатайған. Күн алақаншықтап қатты борап тұр. Қалтай күресінге таман шығып еді гуілдеп, екпіндеп соққан қатты жел дедектетіп, бетіне ұсақ қар себелеп ығын кетірген соң, қайтадан қораға кірді. Алдынан ентігіп, беті дуылдап қызарып, жаңа болған құмарлықтан бұзылған түрмен Ақан шыға келді. Екеуі де сөйлескен жоқ. Бірақ көңілдегі істерін айтыспай-ақ ұғысты (…).

Ғазиза зорлықтан босанғанда есі ауыңқырап, көңіліне дүние дүниелігін жоғалтқандай, өзінен алыстап бара жатқандай болып көрінді. Бұл сезім — бұл уақытқа шейін көңіліне келмеген аса жат бір суық сезім. Биіктен тайғанап құлап келе жатқандағы сезімдей бір түрлі шолақ, ұғымсыз. Не қыларын білмей, өксіп – өксіп жылап, жерден басын көтерген қалпында отырып қалды. Бірталай отырған соң, ептеп есі кіре бастағандай болды. Бірақ есі кірген сайын ойына келген нәрсе өзгеше суық түрде. Әуелі әкесі өлгеннен бергі басына түскен ауыр хал түгелімен көз алдына тез елестеп өтті. Ақырында, соқыр болып, мүгедектеніп отырған шешесі; қартайып қайратынан айрылып, кемтар болып отырған кемпір әжесі есіне түсті. Басында бір ойына келген нәрсе — шешелеріне барлық көрген қорлығын айтып жылап, зарлап жату еді. Артынан әлгілердің әлсіздігін ойлағанда: іші құсаға толып, жас жүрегі жаншылып, бұл күнге шейін көрмеген азабын тартты. Жас күнінен бір үйдің түгелімен еркелетіп, алақанына салған баласы. Ешуақытта қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқытқан емес. Жүрегінде ар-ұят та, жігер-намыс та бірге өскен. Кедейлігінен, қорғансыздығынан басқа міні жоқ, салмақты, таза тәрбиелі бала — бұл күнде сол не көріп отыр?

Әкесі өлгеннен бергі: «Ә, құдай, біреудің зорлығын, қорлығын көрсетпе!—деп тілеген уыз тілегі қайда кетті? Бұрынғы бейнет, бишаралық былай тұрсын, мынау көрген мазақ не? Осынша қорлау, рәсуалау не? Әуелден бергі қазаны көруіне осы қаршадай жас баланың не жазығы болып еді? Бүгінгі өмір бойында құлағы естімеген зорлық, зұлымдықты көруге не жазық қылып еді? Қандай арамдық, не бұзық құлқы болып еді?— Ешбіріне жауап жоқ. Бірақ қайда жүрсе де, артынан көлеңкесіндей қалмай жүрген бір сорлылық, бір жылау.

Осы айтылған сөздің бәрін Ғазиза мұндайлық толық қылыш ойламаса да, әрқайсысын көңілмен жүйрік аралап өтті.

Осыны ойлаған сайын, жүрегін ыза керней бастады. Көңілдегі күшті намыс сілкініп оянғандай болды. Барша басынан кешірген жетімдікке, бейнетке, жалғыздыққа, қорлық-мазаққа түгелімен қарсылық ойлады. Өмірінде сыртына шықпаған ашу, ыза, намыс барлық еркін билеп, дуылдап басына бір-ақ шықты.

Қорлық, мазақ көрген Ғазизаның көзінен дүниенің барлық қызығы кетті. Жастығына лайық болған үміт,. қиялдың бәрі де ойын басқан қараңғылыққа батты, көңіліндегі өмір сүрсем деген оттың ақырғы жалыны сөнді. (…)

Ғазизаның көңілін бұл қиял кернеген сайын, үйге кіру керексіз бола бастады. Көңілінде қалған таусыншақ. сезімнің ойлатқаны: енді үйге кіріп қайтемін? Үйде мен көретін не қызық қалды? Бишара болған шешелерім ақырғы қайғымды көрмей-ақ, білмей-ақ қойсын! Қайғылы бір сыр көрге бірге-ақ кетсін дегендей болып, тысқа. шықты. Күн әуелгі қалпынша: ақтүтек боп борап тұр. Біресе өкіріп, біресе гуілдеп, құтырынып ұйтқып соққан қатты жел Ғазизаға: «жүр-жүр!» дегендей болып, дедектетіп алып жүріп кетті.

Ғазиза кетіп бара жатып ойланып артына қарап, бишаралықтың кебінін киген кішкене ескі қорасын көрді. Ұйтқып аспанға ұшқан ұсақ қар жүрген сайын көзінен ол қораны жасырып барады. Үстінен үскіріп соққан қатты жел қарды айналасына төгіп, оны да көмбекші. Бишаралық, иесіздіктің таңбасы басылған ескі лашықтың. ішінде Ғазизаның балалығы, еркелігі және қайғысы, қасіреті қалды. О да бірге көмілмек. Барлық жүрегіне жылы жақындары, нәзік қылып өсірген ұясы қалды…

Ғазиза енді суық, қатал табиғаттың еркінде. Өмірінің ақырғы қалған жанары қай жерде, қай уақытта сөнері белгісіз. Суық жел жұқа киімнің ішіне кіріп, кеулеп, ығын кетіріп, жауратып, ықтыра бастады. Ғазизаның көңілінде қалған ойдың ең ақырғы бұйрығы: әкесі мен бауырының бейітіне барып, екеуінің арасында отырып зарлау! Дүниеде жетім болып, жалғыз қалғандағы басынан кешірген қасіретін шығару, азабын, дертін айту. (Ғазиза бейітті бетіне алып: «А, құдай, ендігі бар тілегім — осы көкемнің басына жеткіз!»—деп жүріп кетті).

Біз Ғазизаны шығарып салып, үйдегі әңгімеге келейік. Ақан әуелгі бетінде тысқа шығып, өзгелерден бұрын үйге кіріп жатып қалды. Бірақ тыста болған әңгіменің немен тынарын білмей, біресе күдіктеніп қорқып, біресе азын-аулақ өкінгендей болып, тынышсызданып, қорғалақтап жатты. Ғазиза келетін уақыт болды. Бірақ көп уақыт өтсе де, келген жоқ.

Аздан соң кемпір де, келін де: Ғазиза қайда жүр деп таңғалыңқырап жатты, аяғында, тысқа шығуға айналды. Сол уақытта атты суарып келіп, шөбін салып жайлап болған Қалтай да үйге кірді. Үйдегілер түгелімен: «Ғазиза қайда?»— деп шу ете қалды. Қалтай саспаған, сезігі жоқ пішінмен: «Бағана кетіп еді ғой, келмеді ме?»— деді.

Кемпір де, келіні де тынышсыздана бастады. Қалтай бұл жұмыстан ерте бастан өз бастарын арашалап қоймақ болып, әуелдегі айта бастаған сөзінің жөнін баптап ұқтырып, бұл бір пәленің боларын алдын ала білгендей дайындап алған сөздерін сенімді қылып айтып шықты:— Мен шөп суырған соң, құдықтың қайда екенін білмей, соны сұрадым. Балаңыз көрсетейін деп, қорадан бірталай жер ертіп шықты. Күн қатты боран болып, суық болған соң, тоңып қалар дедім де, құдықтың бетін біліп алып, үйге қайтарып жіберіп едім. Әлде сонда қораны таба алмай, адасып кетті ме?— деп, аналардан бұрын сезіктенгендей, тынышсызданғандай пішінге мінді.

Кемпір мен соқыр ана шошып: «Қарағым-ай! Үсіп кетер ме екен? Құдай-ай, тағы неге ұшыраттың?»—десіп киініп тысқа шығуға айналды.

Ақан да басын көтеріп, Қалтайға: «Тысқа шық, айналаны қара, айғайлап дабыста, тез бар!»—деді. Әлсіз, кем-кетік әйелдер бірінің артынан бірі ұстап, өңдері бұрынғыдан да жаман бұзылып, құдайына қайта-қайта сиынып, Қалтайдың артынан ере шықты.

Түтеп тұрған боран Қалтайдың сөзін шынға шығармақ болып құтырып тұр. Есік пен төрдей жердегі қарайған бұлдырап, жөнді көрінбейді. Ұйтқып келіп бетке жабысқан майда қар көзді ашқызбайды.

Кемпір күннің түрін көріп, назалы дауыспен: «Құдай, тағы төбемнен ұрайын деген екенсің ғой! Қарағым адасты ғой. Ұшып өлді ғой. Аруақтарым, қолдай гөр! Ақсарбас!»— деп баласын шақырып айғайлай бастады. Келіні де сүйенгені тілеуі, зары болып, қорқып тұрды. Қалтай қорадан ат алып мініп шығып, қайта-қайта айғайлап, шаба жөнелді.

Аз жерге бармастан қарасы өшіп, боранмен араласып көрінбей кетті Айғайлаған дауысы аз-ақ жерге естіліп, аздан соң о да үзілді.

(Әйелдер де, дауыстың естілмейтінін білген соң, ішінен зор қауіпке түсіп, зарлап тұрды. Бұлардың бар дәрмені айғай болғандықтан, қайта-қайта айғайласып еді. Көп уақыт өтті.

— Е, тәңірі, жоқ болды, өлді,— деп, әйелдер зар салып, дауыс айтып, үйге кірді).

Бұрынғы қайғының бәрінен жаңа қайғы күшті болды. Өлді деуге көңілдері қимай, келер деген үмітті көбірек медеу қылайын десе де, көңілге кіріп қалған қорқыныш жүректерін билеп әкетіп отырды. Терезеге түтеп соққан қатты жел бір қалпынан ауған жоқ.

Бірталай уақыт өткен соң дүсірлетіп Қалтай келді. Бірақ үйге жалғыз кіріп келген жерде -ақ енді ешнәрсенің болмағанына көздері жете бастады. Қалтай: «Өзім адасып кетіп, ауылды әрең таптым. Еш жерде жоқ»,— деді.

Әйелдер сол түні таң атқанша шам жағып, ұйықтамай отырып, құдайдан тілек тіледі. Сиынды, жылады. Бірақ ешбір көмек берген жоқ. Шыдай алмай зар қаққан сорлыларға қыстың ұзақ түні жылдай болып созылды. Ақырында таң атты.

Қонақтар ерте қамданып, жүруге ыңғайланып жатты. Таңертең де қарап, ешнәрсе таба алмаған Қалтай маңайындағы ағайындарына хабар берген. Тұрып алып, тез қамданған соң, Ақан кемпірдің қақсаған зарына шыдай алмай, аттарын дайындап, жүріп кетті.

Жиылған ағайындары көп іздемей-ақ екі жас бейіттің арасында өлік болып қалған Ғазизаның сүйегін тауып алды. (Үстіндегі онсыз да жұқа киімдері әр жерге шашылып қалыпты. Ғазизаның шашы азырақ дудырап қапты. Денесінің жартысын қар басқан. Әкесінің бейітіне жабысып, қасіретті өмірдің ақырғы қуатын сол жерде берген екен. Өлер сағатына шейін қабағын басқан қайғы бұл уақытта жадыраған ізі қалған жоқ. Балалық жүзінде: «Менде жазық жоқ, мен тазамын»,— деген ашық тазалықтың белгісі, қайғы-қасіреттен сейілген жас баланың ажары бар).

Жауыздықтың жас құрбаны қасіретке толы өмірінің азапты ақ түтегінен адасып өліп, мәңгі толас тапқандай.

Мұхтар Әуезов.

Сообщение Қорғансыздың күні (Әңгіме) появились сначала на «ORTALYQ QAZAQSTAN» газеті.

Домбыра
Егіз сәби үніндей іңгәлаған,

Домбыраның әуенін тыңда, балам.

Күй сырымен мерейім өсіп бірге,

Онсыз кейде көңілді мұң қамаған.

Арулардың арманы қол жетпеген,

Қара бала қиялы ержетпеген –

Бәрі-бәрі қос ішектен төгіледі,

Қоңыр сазды жүректе тербеп келем.

Ер жігіттің ерлігін ол жасырмаған,

Пернесінде сөйлейді жасыл далам.

Құрманғазы, Тәттімбет, Диналардың

Өзі болып күй шертер ғасыр маған.

Сыр ашады Махамбет, Мәдилерім…

Ұрпағымен ұзартып ән-күйлерін.

Домбырасыз үйімнің сәні келмес,

Домбыра боп, туған жер, әлдилегін…

Кәрім САУҒАБАЕВ.

Сообщение Домбыра появились сначала на «ORTALYQ QAZAQSTAN» газеті.

Адамзаттың Алғашқы Ақыны (Эссе-трактат*)
(Соңы. Басы ).

ГОМАРДАН* БҰРЫН ҺӘМ ОДАН КЕЙІН

Гомардың алдында туу оңай ма, о да көретін көресінін көреді. Ол түгілі, біздің алдымызда туған Абай Хакімді айтпағанда, кешегі Мағжан, Қасымдардың өзі не көрмеді?! Алғашқы Ақынның мына бір жарық жалғанға келуі сол екен, енді онымен жағаласып, қолөнерімен айналысатындар мен базардағы бақалшы, саудагер, алыпсатарлардың арасынан да «О! Греция!» – деп қызыл тілін безейтін өлеңшілер шыға бастады. Өлеңдерінің төрт тармағында да бір мін жоқ. Ұйқасы да, теңеуі де алғашқы ақыннан бір де кем емес, құлағыңның құрышын қандырып, көңіл күйіңді тап басады. Со кезде осылай тақпақ айтушылар мен олардың да талантына табынушылар қара құрттай қаптай жөнелді. Халық ақын кім, ақын емесі кім екенін айыра да алмай қалды (әлі күнге дейін солай болып тұр)…

*Гоме́р (көне.-грек. Ὅμηρος, б.э.д. VIII ғасыр.) — грек ақыны, «Илиада», «Одиссея» дастандарының авторы.

Алғашқы Ақынның ата жауы сол кезде өз ортасынан – жаза алмайтын жазармандардан шықты! Ең алғаш «әдеби орта» дегенді ойлап шығарған осы Ақын еді. Онда өлеңді жан-тәнімен сүйетін құл иеленушілер мен философ-ойшылдар, сенаторларлар мен сылқым әйелдерге дейін жүр… Александр Блоктың «около литературные женщины» деп жүргені сол кезде-ақ шыққан. «Около литаратурные мужчины» дегендер де көп еді, олар әлі де аз емес… Бәйгеге түскен һас жүйрік соңынан ентелеп келе жатқан етжақынын қалдырып кетем демейді – озып кетеді ғой?! Қалып қоятын – тұғырлардың өздері…

Бірақ, біздің осы Алғашқы Ақынымыздың да оңып тұрғаны шамалы, қасындағы ит пен құстың бәрін бауырына тартып, өзіне етжақын дос-жаран көріпті. Адам баласынан озып, алғашқы болып туса да, біздің Мағжандай «Ақында адамзаттан дос болмайтынын» білмеген! Мағжанның өзі соны заманының дауасыз дерті жүрегіне шауып, өкпесі өшерде әзер сезді-ау деймін… Сол ататегі нашар, айтар сөз, ағытар сыры да шамалы құлдан шыққан жазармандар Ақынға неше түрлі пәле жауып, Императорға барады: «Мынау Сізді менсінбейді! Сіздің саясатыңызға, мемлекетке қарсы!» – дейді. Біреулерге жазған удай ащы эпиграммаларын жинап алып: «Сіз туралы жазған өлеңі – осы!» – деп алдына жайып салады. Ашулы Император Ақынды өмір-бақи түрмеде отырғызуға бұйырады. Сол күні жалғыз Греция ғана емес, ақыл-ойы әлі толыса қоймаған бүкіл адамзат баласы Алғашқы Ұлы Ақынынан айырылған еді! Орда бұзар отызға да тұяқ іліктіре алмай, абақтыда шіріп өлді байғұс…

Орыстың бүгінгі бір тегеурінді, ойлы азаматы Александр Невзоров: «Достаточно одной ошибки в ДНК, и получается ДНР» – депті. Не деген керемет сөз еді! ДНК мен ДНР-дің арасы – бір-ақ тұтам деп тұр! О, сұмдық! Мына дүниедегі кесапат пен келеңсіздіктің, қара пәле мен қасіреттің бәрі адамның ата-тегіндегі бір иттіктен, шикіліктен күшіктеп жатыр. Әлемдік саясаттан бастап, әдебиеттегі халтураға дейін… Ататектегі осы бір шикілік кежегесінен кейін тартып, әлі күнге дейін адамзат дамуын кәдуілгідей бөгеп, тежеп тұр! Халықтың түбіне халықсымақ – тобыр, ақынның түбіне ақынсымақ дәлдүріш жетеді!

..Енді Ақынның ата жаулары көшедегі көрінген дәлдүрішті көкке көтеріп: «Міне, нағыз ақын жаңа туды!» – деп шулай жөнелді – мінезі де жібектей! Қой аузынан шөп алмайтын қоңырдың өзі… Өзімізбен қатар жүріп, қонаққа барады, шарап ішеді. Біз не істесек, о да соны істейді. Біз күлсек, бұ да сақ-сақ етіп, қосыла күледі. Біз жыласақ, бұ да егіле жылайды, талант, қашанда халықпен бірге!»

Нағыз ақындарды көпе-көрінеу тұқыртып, Мемлекеттік сыйлықтар мен байшыкештердің сый-жоралғысын кемталанттарға қалай болса, солай үлестіру осы кезден басталды…

Көзі тірісінде осы Алғашқы Ақынды жамырай жамандап, түрмеге жіберген замандастары: «Біз оны пір тұтқанбыз!» – деп шыға келді. Жанымыз қалмай сыйлап, бір нанды, тіпті, бір шөлмек сыраны да бөліп ішкенбіз! Оның жан-жүйесін біз ғана түсініп едік, түбіне туасы топас, қанқұйлы Император жетті ғой!».

Әйелдердің біразы: «Есіл ақын, қайран, ерен ақын пәлен деген, түлен деген өлеңін мені көріп жазып еді!» – десті. Мен болмасам, оны жазар ма еді? Жазбас па еді…».

Ақ қағазды жаңа шималай бастаған бір дәлдүріш: «Мен оның бауырында өсіп, өркендеп едім. Со кезде не көп, қарақұрттай қаптаған жазарман көп. Қайран, көкем, соның бір де біреуін көзіне ілмей, маған ғана іш тартып еді… Марқұм асыл еді, мәрт еді-ау! Ондай жан енді туар ма?! Тумайды ғой, тумайды! Оқып жүрген кітабым да со кісінікі», – деп соқты, мынау менің киіп жүрген көйлегім де соныкі…».

Талант бәсекелесімен жарысып, озады. Дарынсызда бәсеке, жарыс деген болмайды: «күндес…» қана болады… Олардың ауыл маңынан алысқа ұзай алмайтыны, қалың жұрттың атыжөнін де жөнді біле бермейтіні де содан. Сәкен «Шырқ айналар, шіркін, тауық, Жемің болса қолыңда, Қайдағысы сені тауып, Топырлайды жолыңда…» деген өлеңін әдебиеттегі осындай, дарынсыз, пәлеқұмар, оңбаған типтерді көріп жазған. Өзінің түбіне бір күні солардың жететінін білген! Қара ормандай қасиетті халықтың арасында мұндай қулар болмайды ғой!

Қазақтың жаман-жәутігін басына шығарып, жақсысын ағаш атқа байлап, жамандау, тіпті, оның алтын басын өлім өтіне байлау – көрші орман жұртынан жұқты. Орыс төңкерісі мен жаппай жазалаудан (репрессия) кейін бұл күнделікті тірлікке, дағдыға, «күнкөріс көзіне…» айналып кетті. Содан бері қазақ Тәңірі арқасына аруақ қондырып, елден ерек жаралған біреу болса, «е, соны қойшы…» дей салатын болды. Болмыс-бітіміміздің сан саласына, өнеріміз бен әдебиетімізге қараңыз: содан қалған жаманға жан тартып, еті өліп, жақсыны жатырқау сезімі біздің бойымызда бұрқ-бұрқ етіп, бұлықсып басылып әлі жүр… Жуық арада өше қоймас…

Қолына қалам алған кісіге талантты жазушылармен араласып, сұхбаттасып, шама келсе, олардың өзімен бәсекеге түссе, соның ләззатына бұ дүниеде түк жетпейді. Суреткер болғысы келетін кісіге дәніккен дәлдүріштермен де бірге жүрген жөн болады. Соларды көріп, дарынсыз жазарман болғанша, талантты оқырман болудың қадіріне жетесің, бұл, әрине, ләззат емес – тағылым… Мен сондай талантты оқырмандарды көп көрдім, әдебиет жөнінде әңгіме айтса, классиктердің өзін шаң қаптырады. Халық деген – осы. Ол Абайдың заманында да болған, бүгін де бар, ертең де туа береді. Бірақ, ол кезде біз болмаймыз ғой…

Айтпақшы, Совет өкіметінің адамзат тарихындағы айтулы істері көп-ақ. Оның бір қасіреті – 70 жыл бойы бар ісі өнер адамдарымен болды! Алдына салып, Ібір-Сібірге айдап жіберді, асып, атты… Оларға құл иеленуші қоғамның өзі істемеген айуандықтың бәрін істеді! Қандай қоғам болса да, ол – халықтың өмір сүру формасы болса, өнер – сол халықтың шыр-шыр еткен жан дауысы емес пе еді?! Мейлі, ол феодалдық-патриархалдық, капиталистік, фашистік, тоталитарлық, авторитарлық қоғам бола ма, бәрібір! Кемеліне келген Батыста мұндай оңбағандық болған жоқ. Азуын Айға білеген Американың өзі «орта білімді» Иосиф Бродскийдің орыс әдебиеті туралы дәрісін ұйып тұрып тыңдады… Совет өкіметі осы болашақ Нобель сыйлығының лауреатын «ақын емес…» деп мойындамай қойған!

Коммунизмнің кіндік шешесі Карл Маркстің өзі «Ақындарды еркелету керек!» – деген. Оны пролетариат көсемі Ленин де, генсек Сталин де, Хрущев, Брежневтер де елең қылған жоқ. «Еуропаны кезіп жүрген коммунизм елесінің» қасіретін осы өнер адамдары тартты! «ПолитБюроның Ахматова мен Пастернак хақындағы пікірі базардағы қатын-қалаштың өсегімен қалыптасты» – деп жазды бір орыс жазушысы. Құм жиылып – тас, құл жиылып – бас болған қоғамның олардың өнерін саралап, бағалауға өресі жетпеді! Анасынан арда туғаны үшін жазықты болды бәрі… Шәмшінің әнін айтып жүріп, өздерінің һәм бала-шағасының тойларын дүркіретіп өткізді. Шәмшіні кісі деген жоқ! Сол әнді өздері жазғандай, аяқтарын алшаң-алшаң басып жүр әлі…

«Ақын өлтіру ойынының» (Жұматай Жақыпбаев) неше түрлісін көріп келеміз. Исрайыл Сапарбай маған бір әңгіме айтып еді. Бұ кісі Сыр-Ағамен (Сырбай Мәуленов) сырласып, көп жүрген. Оған Сыр-Ағаң тірі пендеге айтпаған жан сырын айтқан екен. Әңгіме Қасым хақында. Қасым соғыстан он екі мүшесі сау оралған көрінеді. Қаршадайынан Сарыарқаның сары аязы мен ұйтқи соққан боранына төзіп, төтеп берген ақыннның асау жаны соғыстың не бір сойқанына да сыр алдыра қоймапты. «Сен мұны біле жүруің керек» – деді. Менің Қарқаралыдан – Қасым топырағынан екенімді меңзегені…

Ол майданнан классик болып оралады – «Дауылдай өртке тиген өлеңімен!». Ол да Моцарт секілді қатарынан қара үзіп шыққан жалғыз қара еді. Қасында ыржыңдап күліп, түртіп қашып, ішінен тынып Сальерилері де жүрген.

Солар бір күні жиналып алып, Қаскеңе «мейірі түсіп…» қонаққа шақырады. Арақ деген аждаһаның Алаш даласына алғаш қобыз тартып келген кезі: «Қасеке! – дейді – біз саған тәнтіміз! – дейді – талантыңа бас ұрамыз!» – дейді. «Сіз озып кеттіңіз! Біз қалып қойдық, – дейді – Құдайға шүкір, қалсақ та, қасыңызда жүрміз ғой… Сізге еріп жүрміз! Осы кездесуімізді жуайық, бір шалқиық. Ішейікші!» – деседі.

Ішкізіп, ішкізіп… қысты күні Алматының сызды көшесіне тастап кетеді!

Өкпеге дерт сол күні жабысады. «Олар он шақты ақын еді, – деді Исрайыл көкем – аты-жөндерін айтпаймын… Өлсем, өзіммен бірге кетеді… Ел ішін алатайдай бүлдіріп нем бар?! Онсыз да…».

Мен де қолқалап сұрамадым. Кім екендерін ішім сезеді… Мен де айтпаймын, енді… Өлсем, менің де ішімде кетеді! Бірақ, дүниеге бізден кейін келетін буын олардың кім екенін, меніңше, ішінен сезуге тиіс…

Осы таяуда, осы біздің тұсымызда, бітімі ерекше бір тума талант асылып өлді! Не болды?! Ел аман, жұрт тынышта соншама не көрінді оған?!.. Баяғыда біреудің боданы болдық. Төңкеріс болды. Аштық болды. Репрессия болды. Енді не болып жатыр?! Ешкім ештеңе білмейді… Ешкім ештеңе айтпайды!

ПАЙҒАМБАР

Ақынның өлеңі ғана емес, өзі де – Поэзия. Жылағаны мен күлгені, жүріс-тұрысы, аузынан шыққан сөзі де. Бірде Алғашқы Ақынның өлеңіне әбден көңілі кеткен Император өзіне шақырып алып, ерекше құрмет жасайды. Алтын сарайын аралатып көрсетеді. Сонан соң, алтын тағының алдына кеп: «Менің орныма бір сәт отырып көрші», – депті қайтер екен дегендей. Сонда Ақын жұлып алғандай: «Ұлы Мәртебелі Тақсыр!» – депті – мен онсыз да өз тағымда отырмын ғой!».

Ол өзін патшадай сезінген. Құлша сезінсе, оның көкірегінен адамзатты сансыз сауалға салатын «Өлең деген Сөз патшасы» (Абай) – Құдайдың бір құбылысы тумайды ғой. Ол күндердің күні Гомер мен Эсхил, Гете мен Байрон, Пушкин мен Блок, Неруда мен Мағжан, Мұқағали, Цветаева мен біздің Фариза отыратын орында елден бұрын отырғанын сезген еді…

Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарға арнап алғаш өлең жазған ақын Гете еді. Оған ол тұтас бір жыр «Батыс-Шығыс Диванын» арнайды. Діні бөлек болса да, ділі лүпілдеп, осы кісімен бірге соққан-ды. Енді адамзаттың Алғашқы Ақынының «Бостандық» деген өлеңін қайталап бір оқып көрсеңіз, оның да бір пайғамбарлық миссия атқаруға бейілді екенін байқар едіңіз. «Жер тап-тар ғой – себебі, Қалай сезбей келгем осы мен оны? Улап-шулап, қажытты ғой мыналар, Ұшқан құсқа ілесіп, ұшып кеткім келеді. Ғарышқа барып, қара жерге, Түсіп кеткім келеді!» – дейді! Адамзаттан бөліп алып, Алласы жарылқаған Пайғамбарлар ғана ғарышқа ұшып, қара жерге түседі ғой!

Пушкиннің «Пророгы» тіпті, ғажап: «…И он мне грудь рассек мечом, И сердце трепетное вынул, И уголь, пылающий огнем, В грудь отверстую водвинул. Как труп в пустыне я лежал, И бога глас ко мне воззвал: «Восстань, пророк, и виждь, и внемли, Исполнись волею моей, И, обходя моря и земли, Глаголом жги сердца людей».

Ақынның айнақатесіз образы, адамзат тарихында атқарар азаматтық миссиясы тұр осы өлеңде! Пушкиннің ессіз қара тобырға қарап: «Молчи, бессмысленный народ, Поденщик, раб нужды, забот! Несносен мне твой ропот дерзкий, Ты червь земли, не сын небес, Тебе бы пользы все…» дегені бар ғой? Осы жерде біреулердің Адамзаттың Алғашқы Ақынына мұрнын шүйіріп: «Былшылдаған екенсің! Өлең дегеннен қандай пайда бар бізге?!» – дегені есіңе түседі… Адамзаттың Алғашқы Ақынының түбіне осылар жеткен! «Барлық ақын – баласы бір адамның» деген сөзді Мұқағалидың аузына Алла салған екен ғой! Шынжыр балақ, шұбар төс, аға сұлтан Құнанбайдың баласы Абай неге «Туған жер, өлген мола жібермейді, Әйтпесе, тұрмас едім осы маңда! – дейді? Қасым замандастарын тәрк етіп, Тәңіріне тіл қатып: «Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, Мен – қазақтың баласы!» деген. О, Жаратқан Ием! Өзің ғана жарылқай гөр, біздей жазықсыз құлыңды!..

ӨЛЕҢ МЕН ӨРКЕНИЕТ

Қасым оқуларында болып, facebook-ке қарауға қол тимеп еді. Кешегі Асқар Жұмаділдаевтің «Қазаққа ақын емес, технократ керек» деген сөзінен кейін әңгіме ушығып бара жатыр екен. «…технократияға да әуелі Поэзия қажет. Онсыз технократия – өте қауіпті құбылыс. Бұған не дейсіз, Құс баласы?!» деп Шығыстан Тыныштықбек ақын суырылып шығыпты. Басқа ақындар әлі үнсіз… Олардың өздері бүкіл ғұмырын арнаған Ұлы Мәртебелі Поэзияға жау шапқандай ел дүрлігіп жатқанда, мына дүниеде түк болмағандай бей-жай қалғаны несі?! Енді, бізді осы сауал ойландырып отыр.

Мен де Асқар Жұмаділдаевті тани қоймаймын, бетпе-бет жолықпаған кісім. Бірақ, оның ақпарат құралдарына беріп жүрген емен-жарқын, жүрекжарды лебіздеріне жаныммен тәнті еді. Әсіресе, Абай поэзиясы, Абай дүниетанымы, Хакімнің болмыс-бітімі хақындағы ой-пікірлеріне баяғыдан ішімнен бас иіп жүргем. Өзі қазақ поэзиясының айтулы классиктерінің бірі һәм бірегейі Тұмағаның (Тұманбай Молдағалиев) туған күйеу баласы. Мұндай ірі тұлғаны ұлттық поэзияға қарсы немесе оны түсінбейді деп айту ұят қана емес, обал болады! Мен бір білсем, бұ кісі қазақ жырының ғана емес, әлемдік поэзияның озық үлгілерін жан-тәніне сіңірген адам болуы керек. «…Мен күй тыңдасам, не классикалық музыка тыңдасам… мысалы, «Тәттімбет», «Жұмыр қылыш», «Көрұғлы», «Жолаушының жол қоңыры»… өзінен өзі ой келе бастайды…» деп о кісі босқа айтып отырған жоқ. Сутегі атом бомбасын ойлап тапқан ұлы физик А.Сахаровтың өзі Андрей Вознесенский мен Евгений Евтушенконың тоталитарлық қоғамның шаңырағын шайқалтқан тегеурінді тентек жырларына өмір бойы сүйсініп өткен! Осы математиктің Хакім Абайға деген махаббатының өзі қандай! Абайды ақындардан да терең түсінеді ғой бұ кісі! Асқар Жұмаділдаев өлеңдегі өзеуреген халтураға қарсы ма десем, «…ақындардың жазатын 3-4 тақырыбы бар: «Махаббат, Туған жер, Отан». Басқа тақырып жоқ. Махаббат деген ең оңай тақырып. «Сүйдім-күйдім» деп бәрі жазады емес пе? – дейді. Ол Ұлықбектің «Киіз кітабы» мен Темірханның «Көк түріктер сарынын», Жәркеннің Жәйіртау туралы шерлі жырларын оқымаған ба? Ақындар айтысын қойшы… Ол поэзия емес, шоу ғой!

Бізді көш соңына қалдырып кеткен отыз елдің өздері қазақтың қара өлеңімен қанжыға қағыса алмайды! Ғабит Мүсірепов «Әдебиет ұлы болмай, халық ұлы болмайды» деген. Мемлекет инвестицияны, міне, осы қара өлеңге құюы керек еді. Орта ғасырдағы Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз жырларындай ұлы құбылыс бізден басқа ешкімде жоқ қой?! Соны әлемдік жырдың айналымына түсіре алдық па? Түсіре алмадық қой! Гомерден бастап, Евтушенкоға дейін қазақша сайрап тұр! Әрісі 300 жыл, берісі 70 жыл төсекте басымыз, төскейде малымыз қосылған орман жұрты Абайдың өзін өз деңгейінде орысша аудара алмады ғой? Мағжан ше? Қасым, Мұқағалилар ше?!

Қазақ жыры неге елден ерек? Біздің маңдайымызға көшпелі өмір сүру салты жазылған. Атқа мінген қазақтың арқасына аруақ қонып, аузынан өлең төгіледі! Қазақтың шетінен «ақын» болып жүргені – содан… Бірақ, дүниеге Абай келгеннен кейін Ақынға деген көзқарас күрт өзгерген. Қазақ оны әлі байқаған жоқ… Жапондардың интеллектуалдық деңгейінің өсіп кеткені сонша, бір-біріне өлеңмен қолтаңба бере береді екен, бірақ, өздерін «ақынмын» деп айтпайды… Жапон жырының аруағынан именеді! Бізде, мүлде, олай емес, қазақта «… Өлең жазған адамның бәрі – ақын, Бірақ, Абай қайтадан тіріле ме?!» деп еді Мұқағали. Біз: «…тіріледі! Ол – бізбіз!» дейміз кеудемізді керіп! Ал, керек болса?! Біз диалогқа жоқ халықпыз. Біздікі – ылғи монолог… Асекең, міне, осыны айтып отыр.

Иә, біз де Өркениет өріне шығуымыз керек, алпинистше көкке көтеріліп немесе құмырсқаша өрмелеп… Сөзбен салғыласып отыра бермей!» (Асқар Жұмаділдаевтің сөзі). «Тілсіз (ойсыз, сөзсіз) ешқандай да есеп шықпайды. Ал, Тілдің ең көркем де көсемі – Поэзия. Поэзия адамның жанын нұрландырады. Математикада ондай қасиет болмайды. «Итке темір не керек» демекші, жаны нұрланбағандарға математиканың да еш қажеті жоқ» – деген Тыныштықбек бауырымның сөзінің де жаны бар. Сондай заман келе жатыр, өйткені…

Поэзияның тұла бойы – математика! Математиканың жұлын-жүйесі – поэзия ғой, Асекең қыза-қыза келе «Қазаққа ақын емес, технократ керек! Ертең сенің балаң сөзіңді мойындамайды!», «Қазақта математик туралы бір өлең бар ма?» – депті. Сол сөзі шамыма тиіп кетті… Неге жоқ, бар ондай өлең!

АҚЫРЗАМАННЫҢ «АБЖАД ЕСЕБІ…»

Физика-математика – несібіңіз,

Алты Алашқа әйгілі есіміңіз.

Бірақ, аға, есебін бұ қулардың,

Сіз шығара алмайсыз, кешіріңіз!

Бұл шайтанның есебі жан улаған,

Шығара алмай, ел естен тануда, аға:

Амалында қосу мен көбейту жоқ,

Бөлу ғана – мұныкі, Алу ғана.

Мен түгілі, көктегі Құдайға анық,

Көз атаулы барады лайланып:

Бөлу менен алудың күні туды,

Көбейту мен қосуың былай қалып.

Өз есебін шығармай қоймайды бұл,

Біз – етекте, Төбеден ойнайды құр:

Сізді қалай – ақымақ, мені – мәжнүн,

Елді – есалаң тобыр деп ойлайды бұл?!.

ЛИРИКАЛЫҚ ШЕГІНІС – ТҰРАН-ИРАН-ҰРЫМ

Құс жететін самғап ұшып,

Қанаты әбден талғанда,

Көрген де оны,

көрмеген де арманда.

Тұран бар-тын,

Иран бар-ды,

Рим бар –

Кім бар еді басқа мынау жалғанда?!.

Лүп-лүп етіп асқақ алып жүрегі,

Сол Үшеуі Жерді ұстап тұр еді.

Даламның да бөлек еді-ау өңі онда,

Ғаламның да басқаша еді реңі.

Тұлпарлар да жердің түбін шарлаған,

Сұңқарлар да көкте еркін самғаған.

Тығылып кеп бір аяр сұм, арда ұлдың,

Арқасына пышақ сала алмаған!

Сол заманда алған еді ел есе,

Ер болар ма елдің мұңын жемесе?

Ақындары патша болған олардың.

Патшалары ақын болған – немесе!

…Махаббат жоқ!

Мұнда бәрі – ойнас!

Тұл!

Қымыз ішіп, бал жесе де, тоймас құл!

Тұран тұрған қасиетті бұ жерден,

Ер Тоңғадай* Ұлан тумай қоймас бір!

Туады олар, айтады әлі өлеңді,

Ұшпаққа алып шығады әрі ол елді.

Сол уақытта біз болмаймыз бұ жақта.

Өзегіңді өртейтіні сол енді…

*Алып Ер Тоңға – Тұран елінің баһадүрі

ҚҰЛАҒЫМДА – ҚОБЫЗ САРЫНЫ

Әшейін, пендең ем ғой, перің емен,

Қобыздан басқа күнде нені көрем?

Түбінен құлағымның жоқтау айтып,

Сарыны-ай, түу түкпірден еңіреген?

Алаштың қайғы-мұңы толайым кеп,

Айналып жүр ме маған соғайын деп.

Бір сарын жүрегімді арбап күнде,

Жүр маған Қобыз келіп қонайын деп.

Бір қайғы бір қайғыны қозғайын деп,

«Қолыңа қобыз алсаң, сөз дайын» – деп

– Сол шіркін жүрегіме кіріп алып,

Меніңше, жүр-ау тағы боздайын деп.

Жүрмеймін жиі ел жүрген ортада көп,

Айтпаймын балаларға қорқа ма деп.

Қорқыттың зар сарыны, құлағымнан,

Барады қалай шауып қолқама кеп?

Серік АҚСҰҢҚАР

1970 жыл, Қызыларай – 03.02.2019 жыл, Қарағанды.

Сообщение Адамзаттың Алғашқы Ақыны (Эссе-трактат*) появились сначала на «ORTALYQ QAZAQSTAN» газеті.

Адасқандар (әңгіме)
Зылиханың аттан түспей қой баққанына екiншi тәулiк. Жалғыз өзi емес балалары да өрiм-өрiм боп, шатқал-шатқалды жаяу кезiп жүр. Күн де жайдарылығынан танып, өңменнен өтер суық желiмен құтын қашырып-ақ тұр. Аракiдiк бармақтай-бармақтай бұршағын аяусыз төпелетiп алады. Ондайда, онсыз да жүрдек тұсақ байыз таппай ыға жөнеледi. Тоз-тозы шығып, кейде шақ-шәлекей бөлiнiп те кетедi. Әрбiрi әр саққа бет алған шоғыр-шоғыр қойдың соңына түседi. Отар қалтарысқа тiрелiп тоқтағанда, бүрсеңдеп сол жерде күннiң ашылуын күтедi.

Ана жүрегi бәрiнен балаларының ұсқынын көргенде езiлiп, кеңсiрiгiне ащы өксiк келiп қалады. «Құлындарым-ай, тоңдыңдар-ау» дегеннен басқа шарасы жоқ, шыбын жаны шырқырап өбектейдi. Бiрақ ол күйзелiп, сәбилерiне жаны ауырғанымен, тағдыр таланы жұмсарар емес.

«Қоянкөздiң» мойнында отырған жалғыз жаппаның киiзi адуынды желге далп-далп етедi. Есiгiнiң алдындағы жер ошақтан түтiн будақтайды. Кейде көгiлдiр түтiнге аңғардан атқып шыққан қою тұман араласып, қарыс жердi көрсетпей жiбередi. Сырт көзге тым үрейлi, ертегiдегi айдаһардай ирелеңдеп, тiршiлiктiң бәрiн обып жiберердей жалмаңдайды.

Кешкi асты әзiрлеп жүрiп Зылиха шатқал жаққа қарағыштай бердi. Берекесi қашып, көзiнiң қиығын өрiстен ажыратпады. Сиыр саууға да илiге алмай бұзауды арқанында қалдырып, енесiн қазыққа байлаған. Олар да әлдеқандай жаманшылықты шақырғандай мазасыз мөңiреп, жүйкенi жұқартып барады.

Қазанын ошақтан түсiрдi де, үш жасар қызын көтерген қалпы отардың алдынан жүгiрдi. Әлгiнде көңiлiне кiдi алса да, астындағы атын Райына мiнгiзген. Күдiктенетiн де жөнi бар, құлама бетте атпен жүру екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейдi. Жүрексiнбей ерге қонғанның өзiнде жазатайым ат сүрiнiп немесе тайып кетсе – бiттiм дей бер. Ал Сүмбiлесi итiн жетелеп, жаяу жөнеген.

Жаппа тұрған пышақтың қырындай мойнақтан асып, құзға түсе бердi. Қарсы беттен қораға қарай тартқан азын-аулақ қой көрiндi. Арғы жағындағы тұтасқан тасжарған мен ырғайдан ештеме көзге шалынбайды.

Ана жүрегi елегiзи өрекпіді, аузынан атқып шығардай атқалақтайды. «Сүмбi-ле!» дедi дауысы қарлыққанша айқайлап. Тым-тырыс, гүрiлдеген сайдың табанындағы долы өзеннен басқа тосын дыбыс бiлiнбейдi.

Ол тiрлiктiң татасын уыздай шағында-ақ татқан. Содан берi соры қайнап, бағы бiр жанған емес. Сырт көзге дәнеме бiлдiрмеген болғанымен, iшi өкiнiштен қыж-қыж қайнайды. Әттең…

Бiр кезде бұл да бақытты едi: ынта-шынтасымен сүйген Қази жанында. Өзi бiреудiң кенже, ерке қызы. Оң босағада бұлғақтап, әлдекiмдердiң анау-мынау шiкiрәсiн көзiне де iлмейтiн. Тек, жатса-тұрса ойлайтыны – Қазиы.

Аңғал да албырт сезiмнiң жетегiмен бiр күнi от басқанын аңғармай қалды. Жүрегi айнып, жиi-жиi лоқси берген. Бойындағы осы «жаңалықты» қысылса да жiгiтке жеткiзген. Ол мұны естiп, риясыз қуанып едi. Сенерiн де, сенбесiн де бiлмей «шын ба?» деп аңыра сұраған. Сосын, «бүгiн десең, бүгiн отау тiгелiк» дедi. Кейпiнде шаттанудың iзi бар.

Бұдан кейiн-ақ қыз жаны жадырап, иығынан батпан жүктiң зiлмауыры түсiп едi. Әйткенмен қуанышы ұзаққа бармай, сап тиылды.

Қазидың Зылиханы алатынын бiлгенде анасы үзiлдi-кесiлдi қарсы болыпты. «Өмiр-бақи қатынсыз өтсең де, ол қызға үйленбейсің!» деп төтесiнен кесiп айтқан. Содан кейiн-ақ жiгiт шеше сөзiнен аттай алмады.

Мұны естiген Зылиха iштей өзiн-өзi мүжiп, жеумен болды. Ештемеге зауқы соқпай төсекте бүктетiлiп жата бердi.

Күн жұмаға, апта айға иек артып, жүйрiк уақыт қарасын батыруда. Күннен-күнге салы суға кеткен Зылиханың пұшайман тiрлiгi жұтаңданып, қораштанды. Жүзiнде секпiл көбейiп, бетiнiң ноқтасы әркiмнiң-ақ көзiне ұрып тұрды. Бiр күнi шешесi ауруханадан бiр-ақ шығарды. Сонда жатып құрсағындағы сегiз айлық сәбидi, қатерлi болса да жасанды жолмен алдыртып тастаған.

Тұщы етiне ащы пышақ тигеннен кейiн, ұзақ мезгiл оңала алмады. Әрi-сәрi күй кешiп, өз үйiнiң тұтқынына айналды. Бұрындары еркелететiн әкесi де, шешесi де ғадеттерiнен жаңылып, бiр түрлi ызғарлылық танытады. Туған шаңырағының жылылығы азайды ма, әлде бұл оң босағаның қадiрiн түсiнбедi ме, тiрлiгiн сүреңсiздiк жайлады. Көзге күйiк болмай салт атты, сабау қамшылы бiр көн етікті кездессе сонымен дәм қосуға ниет етiп қойған. «Ендi адам таңдап, бұлданарлықтай қайбiр келiсiп отырмын» деген iштей өзiн жұбатып. Айтқандай-ақ Ордабектiң етегiнен ұстап, басқа ошақтың түтiнiн түтеттi.

«Атының сыры иесiне мәлiм» дегендейiн «әттең-айы» бетiне шiркеу боп, ерiнiң жүзiне тура қарай алмай жүрдi. Ол да «балалықпен шалыс басқан екен» деп, кешiрiм жасамай аузына арақ тисе болды, аттың бауырына алып сабайтынды әдетке айналдырды. Бет-аузы көгерiп, ел көзiнен тығылып, күн кеше бердi. Ерiнiң салған қиғылығына көнуге тура келдi. Үйiне жылап баруға – жүзi қара.

Ордабек бiр iшсе орталықта апталап iшетiндi әдетке айналдырды. Бұрыннан да оған үйiр екен. Қақаған үскiрiк суықтарда, ми айналдырар аптаптарда қойдың соңында Зылиха жүрдi. Бір кезгі шиедей ерiндерi кеберси тiлiмденіп, әбден жүдедi. Бара-бара, күйеуiн келмей-ақ қойса екен деп тiлейтiндi шығарды. Өйткенi ол аттан түсе жазықты болсын, болмасын бас сап сабайды. Тiптi, кiмге барып мұңын шағарын да бiлмейдi. Тек, өрiсте жүрiп екi көзiне ерiк беретiн. Сорына қарай саулаған сорасы тырс-тырс етiп ердiң қасына тамады. Бiр дәтке қуат етерi – құдай мұның көзiнiң жасын көрiп, тағы да бала бермек. Алғашында, «ендi құрсақ көтермейтiн шығармын» деп ойлаушы едi. Көкейдегі дүдәмалдың орнын ақиқат басқанына разы. Күн өтiп iшi бiлiнген сайын дәмi кермек тiрлiк тұщымды бола бастағандай.

Әйтсе де, ерiнiң қабағы бiр ашылмай-ақ қойды. Көп ұзамай ұл да сүйді, сонда да Ордабектiң иi жiбiмедi. Жүре-жүре әйел тауқыметi мол өмiрiне мойынсұнып та кеттi. Баласын арқалап, борбай етi борша болып мал соңында сабылуы да, жазықсыздан-жазықсыз соққыға жығылуы да заңды iспеттi. Өмiрде дәл солай күй кешуi керек сияқты. Бiрақ, бұл да теперiштiң шетi ғана екен.

Бiр күнi қайын сiңлiсi Баян жүзi бал-бұл жанып:

– Жеңеше, сен қарсы болмасаң, – қызара жымиды, – күйеу балаңмен таныстырайын… – дедi.

– Е-е, қуанышқа несiне қарсы болайын! Әкел, қызымызға құштар неменi бiз де көрелiк.

Уағдаласқан сағатқа дастарханын жасап, кiшкентай Шыңғысын емiзiп отырған. Баянның соңынан имене кiрген жiгiтке көзi түскенде не болғанын бiлмедi. Әлдебiр тамыры үзiлiп кеткендей, жүрек тұсы шым етті. Өз көзiне өзi сенбей, жасаураған жанарын жыпылықтата бердi. Иә, бұл шынында да – Қази, өзiнiң Қазиы-тұғын.

Көз жасын көрсетпес үшiн, алдындағы бөбегiн шымшып жылатып, шырқыраған балаға қарап:

– Құлыным-ай, бiр жерiң ауырып тұр ма? – дедi жақауратып. Сосын сәбиiн сылтауратып келесi бөлмеге енiп кеткен.

Әйтеуiр, бөгде жанарларға сыр бермеуге тырысқан. Дегенмен, сұғанақ қарашықтардың сұғынан шет қалу мүмкiн емес едi. Олардың жүздерiне лып етiп жүгiрген бiр жұмбақ құбылыстан, әлдебiр құпияның барлығын отырғандар аңдап үлгерген.

Осыдан соң-ақ Зылиханың тiрлiгi тiптi мандымады. Күйеуi соққығы бiр жықса, елдiң қаңқу сөзi екi жықты. Бұл сұмдықтан қалай құтыларын бiлмей, жылаумен болды. «Үш күннен соң адам көрге де үйренедi» дегендейiн, басына түскен қыжалаттың бәрiн көтердi, көндi. Ордабек мас болып келсе балаларының бiрiн арқалап, бiрiн жетелеп үйден лаға бездi. Әйткенмен ешкiмнiң босағасына бас сұқпай, өрiсте жүредi. Қой қоралағанда да iшке кiрмей, кiшкентайларымен күркеде түнейтiн.

Запыраны мол жылдарды жылаумен өткердi. Тiрмiзiк жаны небiр сүркiлге шыдап бақты. Бiр қуанатыны балаларының алды институтқа оқуға түстi. Тағы да уақыт уәсуәлi уәжiмен алдаусыратып, бiр күндi бiр күнге жамай бердi. Мiне тұңғышы Шыңғыстан «келiн апарамын» деген жеделхат келiп, көкiрегi қарс айрыла қуанды. Шала шабылып, қарсы алудың қамымен жүр. «Шынында да келiн түсiретiн халге жарап қалғаным ба?» дейдi сенiмсiз күйде.

Аңсап күткен қуанышын дүркiрете өткiзiп, той тарқай бастағанда Ордабек Зылихамен жөнсiз байланысты. «Ендi қартайғанымызда ұят емес пе?» деген әйелiнiң сөзiн тыңдамай, жұдырығын ала жүгiрдi…

Ұлы мен келiнiнiң көзiнше зайыбын балағаттап, кейде әңгiр таяқ ойнатып жүрдi. Бұл, жат жерден жаңа түскен Гүлияның жүрегiне кiдi туғызды. Күнделiктi ырың-жырың жалықтыра бастады. Мұндай өрескелдiктi көрмеген неме Шыңғысқа «кетелiк» дедi. Бұған ол мүлде қарсы едi. Ақыры осының салдары екеуiнiң арасында кикiлжiң тудырды. Оларға бәлен деп уәж айтарлықтай ешкiм болмады. Гүлия да бiреумен ашылып сөйлесуден қалды. Тiрлiктерiнiң соңы сұйылып, жылдан асар-аспаста баласын көтерген келiнi Қызылордасына тартып отырды.

Зылиха қанша шыж-быжы шығып бәйек болғанымен, бұдан арыға көндiре алмады.

Жүрегi езiлiп, тұңғыш немересiн қиғысы жоқ. Бiрақ қатал тағдыр қаттылығына салып, жүрегiн жырмыштап барады. Шарасыздығына күйiнiп өзiн де, ерiн де қарғап-сiлеп ұзақ жылады. Әттең, әу баста мандымаған тiрлiк ақырына дейiн оңбай өтетiнiне сонда көзi жеткен. Жас кезiнде талай армандамады ма, «ұлымды – ұяға, қызымды – қияға» қондырып, солардың жақсылығын ғана көрсем деп. Ендi оған тәлейi жiбермей отыр емес пе? Өзiнiң аңғалдығынан адасқаны аздай, балаларының шалыс басуы арқасына аяздай батады. «Бастапқы салған сүрлеуiм дұрыс болмады-ау» деп бөгденiң күнәсiн көтермей, өзiн ғана жазғырды. Әне, Шыңғысы да байыз таппай ақыры әйелiнiң соңынан аттанды. Оқуынан да бiр жылдай қол үзiп қалып едi.

Құлағынан қиқу кетпей мазасы қашып жүргенiнде, қызына үкi тағып, құдалар сау етiп келе қалды. «Өткендi ойлап өкiне бермейiн, ендi мына қарғамның түтiнi түзу ұшса екен» деп қызының тiлеуiн тiлеген. Содыр уақыт сорақылығына басып, тағы сорлатты. Туған-туыстары жиналып, құдаларының от жаққан жерiне барған. Баян да күйеуiн ертiп келген-тiн. Оларға сый-сыяпат көрсетiлiп, құйрық-бауыр асасып, қонақтар бiршама қызып алған. Ордабек тiптi ерекше қызара бөрткен. Тысқа шыққанда «Қази саған неге қарай бередi?!» деп, құлақ шекеден ала жуан жұдырығымен қойып жiбердi. Қалпақтай ұшқан Зылиханы бас-көз демей төпелете тепкiнiң астына алды. Араға түскендерге дес бермей өршеленедi…

Құдалықтан жер боп қайтқан Зылиха, үйге келе ағыл-тегiл жылады.

Жастықтан басын көтере алмай жатқанында қайынсiңлiсi кеп, қасына отырып ол да егiлдi.

– Күллi өмiрiң менiң көз алдымда өттi. Қиыншылықты жойдасыз көрдiң. Қабағыңнан мұң, көзiңнен жас кетпедi. Жүзiңде кiреуке тұрды. Тағдырыңа өкпелiсiң. Мүмкiн, бiздiң осы уақытқа дейiн баласыз жүруiмiз, көз жасыңды бей-берекет шыра еткендiгiмiзден шығар. Кешiр менi, жеңгетай!..

Солқылдап жылап жiбердi. Көздерi боталап өздерiне үрейлене қарап отырған кiшкене бауыры мен сiңлiсiн басынан сипап, кеудесiне басты. Көкiрегi өксiкке толып, солығын баса алмады…

Баянның жанарынан «Сендер, жалғанда теперiш көрiп жыламаңдаршы! Бiздiң, осы – өмiрдi қиналумен өткiзiп жүргенiмiз жетер. Жаңылмаңдаршы, боталарым…» деген жазуды анық оқуға болар едi.

Еркiне көнбей кемсеңдеген иегiнен алты тарам жасы тамып бара жатты.

– Ра-ай!

Тағы да құлаққа ұрған танадай меңiреулiк. Аяғын апыл-ғұпыл басып, еңiске құлдырай бердi. Алыстан ұлар шулады. Төңіректе көлеңке ұзарып, күңгiрттiк көбейдi. Абұйыр болғанда, алдынан сопаң етiп, бiр топ ешкi шыға келдi. Арғы жағында қаптаған қой жатыр екен. Қуанып кеттi. Төбесi шошайып, Сүмбiлесi итiн жетелеп жүр. Кiшкене бұрымы шолтаң-шолтаң етедi. Одан төменiректе ердiң үстiнде болар-болмас қана қалтиып Рай көрiнедi.

– Рит, шәй! – деп қойды үркiткендей болды. Сосын «қораға айдаңдар!» деп дауыстады. Отардың соңына жеткенiнде Сүмбiле «тәте, ағам келдi ме?» деп сұрады. «Жоқ» дедi шешесi жүзi сынық қалпы. Ересектiгi ме, Рай дәнеме деп тiл қатпады. Ел «қыдырып» кетсе әкесiнiң кемiнде үш-төрт күнсiз оралмайтынын көкейiне мықтап түйсе керек.

Отарды айдаған қалпы өрге тырмысып шығып барады.

Қараңғылық қоюлана түстi.

Жалғыз жұбаныш – мойнақтағы жұпыны жаппа жақын қалған-тұғын…

Әділбек Ыбырайымұлы

Сообщение Адасқандар (әңгіме) появились сначала на «ORTALYQ QAZAQSTAN» газеті.

ҰБТ-ға дайынсың ба, жас түлек?
2017 жылы ҚР«Білім туралы» Заңға енген өзгерістерге сәйкес Ұлттық бірыңғай тестілеуді түлектер ЖОО-ға түсетін кезде тапсырады. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл облыс мектептерін 7058 түлек бітіреді. «Алтын белгі» төсбелгісіне – 281, үздік аттестатқа үміткер – 150 түлектің бәрі мемлекеттік бітіру емтиханына қатысады. Сонымен, Ұлттық бірыңғай тестілеудің кезеңдері қандай?

Бітіру емтиханы – болашағың

Алдымен, оқушылар мектепте қорытынды аттестаттау, яғни, мемлекеттік бітіру емтиханынан өтеді. Осы емтиханнан кейін екінші жоғары оқу орнына түсу сынағы, яғни, ҰБТ тапсырады.

Мемлекеттік бітіру емтиханы мектепте бес пәннен, оның ішінде 4 міндетті (ана тілі, алгебра және анализ бастамалары, Қазақстан тарихы) және 1 таңдау пәні бойынша өтеді.

Тестілеу ана тілі және әдебиеттен (оқыту тілі) жазбаша (эссе) емтиханнан басталады. Талапкерлер 3 сағат аралығында ұсынылған үш тақырыптың біреуін таңдап, 250-300 сөзден тұратын эссе жазуы қажет. Ал, математикадан өтетін жазбаша емтихан 5 тапсырмадан, оған 5 сағат беріледі. Сол сияқты Қазақстан тарихынан өтетін ауызша емтихан билетінде 3 сұрақ бар. Орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен (берілген уақыт 80 минут, барлығы 40 сұраққа 40 балл) өтеді.

Мемлекеттік емтиханның соңында талапкер соңғы таңдау пәнінен (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шетел тілі (ағылшын, француз, неміс), информатика пәндерінің біреуін таңдайды) өтеді. Бұл бөлімде барлығы 40 тест тапсырмасы бар.

Қорытынды аттестаттаудың нақты мерзімі министрліктің «2016-2017 оқу жылын аяқтау туралы» бұйрығынан белгілі болады. Емтихандар 29 мамыр мен 9 маусым аралығына жоспарланған.

Сенің мүмкіндігің –

бейіндік пән

Ал, биылғы өзгерістер бойынша ҰБТ – жоғары оқу орнына түсу емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі боп қалды. Тестілеу форматына сай 5 пән бойынша 120 сұрақ (20+20+20+30+30=120 тапсырма) беріледі. Тапсыратын 5 пәннің 3-еуі міндетті, оған қоса талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты 2-еуі таңдауға ұсынылып отыр. Тест екі блок бойынша өтіп, бірінші блок – математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығына, екінші блок – екі бейіндік пәнге арналған. Тестілеу уақыты 3 сағат 30 минутты құрайды. Ал, талапкер жинауы тиіс балл – 50.

Айта кеткен жөн, биылғы өзгерістің бастысы – ЖОО-ның барлық 175 мамандығының бейінді пәндерге байланысты 10 комбинацияға бөлінуі. Бітіруші түсетін мамандығына байланысты бейінді пәндерді 52 мамандықтың ішінен таңдау мүмкіндігі бар.

ҰБТ барысында талапкерлер емтихандағы кейбір сұрақтардың жауаптарымен келіспей жатады. Дұрыс жауап парақтарын тексеруді мектепте құрылған комиссия жүргізетіндіктен, бітіруші келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін білім басқармаларының жанынан құрылған комиссияға шағымдана алады.

Жалпы, сынаққа өтініш қабылдау ҰБТ-ны өткізу пункттері арқылы 10 наурыз – 10 мамыр аралығында жүреді. Ал, тестілеу – 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Белгілі себеппен тапсырмағандардың 2018 жылдың қаңтар айында ақылы негізде қайта тапсыруға мүмкіндігі бар. Шектік балл деңгейі өзгермейді.

Кешенді тестілеу –

колледжде

Сондай-ақ, колледж бітірушілері үшін тестілеуге өзгертулер енді. Жаңа талап бойынша оларға 60 сұрақ беріліп, оның 20-сы жалпы пәндер және 40-ы – бейінді пәндер бойынша (мысалы, педагогикалық мамандыққа баратын педагогикалық колледждің бітірушісіне арналған) ұсынылмақ. Бітіруші тестілеуді ҰБТ форматымен тапсырады. Шектік балл – 35 болса, тестілеуге берілетін уақыт – 100 минут. Колледж түлектері үшін тестілеу – 17-23 шілде аралығында өтеді.

Жалпы, сауалнама барысында облыс түлектері биыл жаңа үлгідегі тестілеуге дайын екенін айтуда. Ұстаздары болса, оларға таңдау пәндері сәттілік әкелеріне сенімді.

Аяулым СОВЕТ

Сообщение ҰБТ-ға дайынсың ба, жас түлек? появились сначала на «ORTALYQ QAZAQSTAN» газеті.