Руханият

Тағдырлы қаламгер тағылымы

6 қазан  Моншақты тауының етегінде орналасқан Ақкөл қаласының тұрғындары жерлес жазушы-шежірешісі Жайық Бектұровтың 110 жылдығын атап өтуге дайындалып жатқан. Мерейтойға шақырылған қонақтар Қарағандыдан, Астанадан, Көкшетаудан келіп, қонақ үйге орналасып жатты. Қонақтар ең бірінші аудан әкімі Ю.Курушиннің қабылдауында болды.

Юрий Викторович ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайы туралы қысқаша мәлімет  берді де, мерейтой бағдарламасымен таныстырды. Аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп жатқандықтан  шаралар қаладағы №3 Ж.Бектұров атындағы қазақ орта мектебінде өтетін болды. Бәріміз сол  мектептің қабырғасынан түлеп ұшқан едік. Бізді бірінші қабаттан домбыра  оркестрімен қарсы алды. Сол қабатта  балалардың қолөнер бұйымдары көрмесімен таныстырды. Сондай-ақ, спорттағы жетістіктерін айғақтайтын марапаттардың куәсі болып, дене шынықтыру залында ұлттық спортпен айналысып жатқан балалармен бірге асық атуға қатыстық. Көрме қонақтары осыдан соң Ж.Бектұров бюстінің қасында суретке түсті.

Мектеп залына аудан, ауылдардан келген һәм қала  тұрғындары жиналып қалыпты. Алғашқы кіріспе сөзді аудан әкімі Юрий Викторович алып, жерлес жазушысы туралы қысқаша мәлімет берді. Содан кейін ол кісі туралы қысқа  метражды фильм көрсетілді. Бірінші сөз мемлекет қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімовке беріліп, ол Қарағанды  қаласында бір кезеңде қызметтес болғанын және қала энциклопедиясын жасауда  көмегі тигенін сөз етті. Сонымен қатар, профессор, әдебиеттанушы Серік Негимов «Сәкеңнің соңғы шақтары», зайыбы Гүлбаһрамның баласы Аянның жан тапсыруы кезінде Сталинді қарғауы, ССРО география қоғамының мүшесі бола жүріп, әр жерде Н.Нұрмақов  туралы ескерткіштер ашудың ұйытқысы болғандығын тілге тиек етті. 

 Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы Жәкен ұстазы болғандығын айта келіп, ол кісі қайтыс болғанда шығарған «Қара шал» деген өлеңін оқып берді.     

Келесі сөз қоғам қайраткері, ғылым докторы Бейбіт  Баймағамбетұлы Мамыраевқа беріліп, Қарағанды университетінде оқығанда Жайық Кәгенұлының өткендер туралы шындыққа негізделген әңгімелерін тыңдағанын, доцент баласы  Жәнібек 18- ғасырдың поэзиясын жақсы талдайтындығы туралы айтты. Кезек Қазақстанның белгілі ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, осы мерейтой дан кейін  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болған Ғалым Жайлыбайға берілді. Ол Жәкеңнің «Таңба» романының  елу жылдан кейін шыққандығын, мазмұны жағынан Солженицынның «Гулаг Архипелагасынан» әлде қайда кеңде, шын екеніне тоқталды.

   Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш  Құлышева «Көкшетау» , «Қалдырған»,  «Шырмауық» т.б., әндерді орындап, ақкөлдіктердің көңілін бір көтеріп тастады. Қарағандылық филология ғылымының докторы  Қойлыбай Асанұлы университетте өткен кездесуде Шәкәрімнің ақталғанын әрі туралы сүйінші сұрағанын, ол кісінің тірі энциклопедия екенін, керемет сауатты болғанын айтты.

Жиынның соңында жергілікті әншілер концерт қойып, «Ақ көлім» деген әнмен шараны  аяқтады.

Шарадан соң қонақтар Қазы батыр мен Жәкеңнің кіндік қаны  тамған өңірлерде болып, аруақтарға зиярат етті. 

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы мен Ақкөл ауданының құрметті азаматы, жайықтанушы.

Астана қаласының ардагерлер кеңесінің

медиа-тобының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button