Сауда орталықтарында екпе салады
Қарағандының сауда орталықтарында арнайы екпе бекеттері іске қосылды. Ашылуына барған «Таир» сауда үйінде «Мерей» клиникасының мамандары «Спутник-V» вакцинасын салады. Global City мен «Таир» сауда орталығында ашылған бекетті облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК күні бұрын арнайы тексеріп қайтыпты. Алдағы уақытта «Абзал» мен «Ұмай» сауда орталығында да ашу жоспарда бар.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста 115 вакцинация орталығы ашылған. Оның 12-сі – Қарағандыда. Вакцина аламын деген еріктілер қатары көбейсе, қосымша бекеттер ашылмақ. Сондай-ақ, облыста вакцинаны тасымалдауға арналған термоконтейнермен жабдықталған жылжымалы медициналық топ құрылыпты. Олар еңбек ұжымдарын вакциналаудан өткізеді.
«Таир» сауда орталығындағы бекетке 500 доза вакцина жеткізілді. Онда барлық қажетті жабдықпен қамтылған. Емханадағыдай бақылау, екпе және екпеден кейінгі аймақ болып бөлінген. Және жедел көмек көрсету үшін арнайы кабинет те қарастырылыпты. Бір күнде 150 адамға дейін қабылдауға болады.
– Мұнда қызмет көрсететін медбикелер арнайы дайындықтан өткен мамандар. Сауда орнында жұмыс істейтін барлық қызметкерді және сатып алушыларды ерікті түрде егеміз. Осы уақытқа дейін вакцина алған адамдардан айтарлықтай теріс реакция байқалған жоқ. Өзім де вакцина салдырдым, – деді Мерей клиникасының директоры Қанат Наурызбаев.
72 жасар қала тұрғыны Юрий Шматок вакцина салып жатқанды естіп, таңсәріден кезек күткен көрінеді.
– Елде таралған індетке тосқауыл қою үшін екпе алу қажет. Туған-туыстарым мен балаларыма вирус жұқтырып алмау үшін вакцина аламын деп шештім. Жақындарым екпе алуыма қарсылық білдірген жоқ. Өзім ешқашан созылмалы аурумен ауырған жоқпын. Жолдасым да екпе аламын деп отыр. Ел болып бірауыздан екпе алсақ, індетті ауыздықтайтынымызға бек сенімдімін, – дейді ол. Екпе алған адамның жеке мәліметі e-Gov.kz порталы мен «Damumed» мобильді қосымшасына жүктеледі. Бірінші дозасын алған тұрғындар мамырда екіншісін қабылдамақ.
Ербол ЕРБОЛАТ.