Жаңалықтар

Салғырттық танытса, айыппұл салынады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін мемлекеттік органдардың басшыларына айыппұл сала алады. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссия отырысында мемлекеттік қызметшілерге ескертілді. Кеңес ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан ШАБДАРДЫҢ қатысуымен өтті.

– Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген соңғы өзгерістерді атап өткен жөн. 2021 жылғы 5 сәуірден бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 15-ші бап бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасауға уәкілетті болатын түзетулер күшіне енді. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл кінәлі тұлғаларға алдын алу шараларын кеңінен қолдануға, олардың қылмыс жасауының алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Нұрлан Шабдар. – Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарды орындау үшін барлық мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізеді.

Оның айтуынша, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы өзінің тиімділігін көрсетті. Сыбайлас жемқорлық деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. 2021 жылдың І тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары 46%-ға аз тіркелген.

Комиссия отырысында өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуы талқыланды.

– Облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесіп тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге, мемлекеттік органдардың жұмысын трансформациялауға және облыс тұрғындарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы табысты іске асырылуда. Жоба аясында облыс бойынша 170 адалдық дүкені ашылды. Өңірде 47 Oреn space және 48 фронт-кеңсе, 18 сервистік әкімдік, 202 өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді. Барлық қалалар мен аудандарда «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңселері жұмыс істейді. Біздің облыс «Жақсылық акселераторы» жобасын алғашқылардың бірі болып қолдады, әрбір қала мен ауданда өз волонтерлік корпустары бар. Мұндай шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы ашық орта құруға мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов атқарылған жұмыстар мен болашаққа жоспарлар туралы баяндады.

– Қарағанды облысына екі күндік жұмыс сапары барысында біз ұжымдармен жұмыс кездесулерін өткіздік. Бірқатар нысанды араладық. Әкімдік тарапынан да, азаматтық қоғам тарапынан да белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын көрдік. Қазір алдын алу шаралары бірінші орынға қойылып отыр. Бұл өңірде байқалады, – деп атап өтті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары.

***

Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Нұрлан Шабдар өңірдің ішкі істер органдарының фронт-кеңсесін аралап қайтты. Облыс орталығынан бөлек, ол Теміртау және Жезқазған ІІБ фронт-кеңселерінде болып, қызметін бастағаннан бері бұл мекемелер өзін тек жағымды жағынан көрсеткенін атап өтті.

Барлық мемлекеттік органдарда фронт-кеңселер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін құрылғаны белгілі. Олардың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтерді барынша тиімді және сапалы түрде көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады. Яғни, кез келген адам қысқа мерзімде өз сұрағына толық жауап ала алады.

– Карантиндік шектеулерге қарамастан, фронт-кеңселердің жұмысы тоқтаған жоқ, азаматтар үшін қолжетімділік әлеуметтік қашықтықты және сақтық шараларын сақтауды ескере отырып ашылды, – деп атап өтті Нұрлан Шабдар.

Мысалы, ашылған сәттен бастап Қарағанды облысы полиция департаментінің фронт-кеңсесіне 10 045 азамат, ал, осы жылдың қаңтар айынан бастап – 1 224 азамат жүгінген. Қарағанды қаласының полиция басқармасы бойынша жыл басынан бері бұл сан 742 адамды құрады. Теміртауда – 23, Жезқазғанда 588 адам болды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button