Covid-19Ұлытау

Сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды

Ұлытау ауданының әкімдігі қатерлі індеттің таралу қаупіне байланысты жергілікті ақпарат құралдары (аудандық «Ұлытау» газеті, ulytaynews.kz ақпараттық порталы) арқылы өңір тұрғындарын сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырып, үндеу жариялады. 

«Аудан әкімдігі Covid-19 індетінің ел аумағында қайыра өршуі мен инфекция жұқтыру қаупінің күшеюіне байланысты құдайы, ас беру, шеке беру, қыз ұзату, келін түсіру және сол секілді адамдар мол жиналатын басқа да көпшілік іс-шараларды өткізу мен оларға қатысудан бас тарта тұруларыңызды сұрайды. 

Бүгінгі күні аудан бойынша коронавирус індетінің алдын алу мен таралуына тосқауыл қою, ортақ тәртіп пен қоғамдық реттілікті мүлтіксіз сақтауды қамтамасыз ету мақсатында құрылған 2 мобильді топ тұрақты жұмыс атқаруда.  

Ауданның барлық тұрғындары мен осы аумақта қызмет атқаратын заңды тұлғаларының есіне Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабына сәйкес, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ, гигиеналық нормативтердi, техникалық регламенттерді сақтамағаны, адам денсаулығына зиян келтіруге әкеліп соғатын заң бұзушылықтар үшін көлемді айыппұл салынатынын тағы бір мәрте саламыз. 

Жауапкершілік жүгін жете сезіну қажеттілігі туындаған кезеңде баршаға ортақ тәртіпке ерікті түрде бағыну, әркімнің өз денсаулығына қатер төндірмеуі, сол арқылы жақындарына жанашыр болу – азаматтық парыз.

Салғырттық пен бейқамдыққа бой алдырмаңыздар!» делінген аудан әкімдігінің үндеуінде.

Өз тілшімізден. 

Басқа материалдар

Back to top button