Руханият

«СӘЛЕМ – сөздің анасы»

Көптеген адамдармен амандасып жатамыз. Телефон арқылы есендік сұрасамыз. Алайда, жағдайына қарай сәлемдесудің де сан түрі болатынын біле тұра оған көңіл аудармаймыз. Сәлем беріп, сәлем ала білудің өзі жатқан бір философия, мәдениет екенін ескермейміз. Тілдесудің басы сәлемдесуден басталатындықтан, кездескен адамның берген сәлемінен-ақ оның мәдениетін, ой-өріс деңгейін, алған тәлім-тәрбиесін аңғаруға болады. Жарасымды ізет жасап, жадырап сәлем берген жан бірден көңіліңді көтеріп қуантып тастайды. Нұр сеуіп, шуақ шаша келеді. Қазақ ондайларға «сәлемші болсаң жоғары шық» дейді.

Әке-шешеміз бала кезімізде дұрыс сәлемдесуді, жөн сұрасуды үйретті. Содан ба, ауылдағы ақсақалдарға «Ассалаумағаләйкум» деп, қолын алуға ұмтылатынбыз. Ырза болған қариялар қолымызды жібермей ұстап, тергей жөнелетін: «Кімнің баласысың? Қай елсің? Атың кім? Нағашың кім? Не істеп жүрсің? Нешінші оқисың? Әкең үйде ме?» Әйтеуір, кішігірім сынақтан өткізетін. Үйге үлкендер жиналып, дастарханға ас келер уақытта мойнымызға сүлгі іліп, қолымызға леген ұстатып қолға су құйғызуға жібереді.

Сонда ақсақалдар мен әжелеріміздің батасын да аламыз, алғысына да ие боламыз, амандасып та үлгереміз. Кейін есейіп, қалада жоғары оқу орнында оқып жүріп ауылға демалысқа келгенде әке-шешеміз үйде отырғызбайтын.

«Бар, ана атаңа, мына шешеңе сәлем бер, жақында келіні босанған, «құтты болсын» айт, бәленшесі қайтыс болған, көңіл айт» деп. Сәлем бергеннен бұрын көңілді қалай айту керек екенін ойланасың, қуанышта не деу керек екенін толғанасың.

Оқымаса да табиғаты таза, парасаты биік әке-шешелеріміздің қазақы тәрбиесі осындай болатын.

Сол тәрбие мен үлгіні ауыл демей, қала демей қайта жаңғыртар ма еді?! Қазақ қайда жүрсе де қазақ қой! Себебі, «здравствуй» деп сәлемдесер, тіл мен дәстүрді сыйламайтын, білмейтін дүбәра ұрпақ өсіп келе жатыр қазір.

Амандасудың негізгі тәртібі мен үлгісі төмендегіге сайса деген ұсынысымызды да айта кетуді жөн көрдік. Бірінші: кіріп келген адам бірінші сәлем беруі керек. Үйде адам болсын, болмасын табалдырықтан аттағанда шаңыраққа сәлемдесу де игі дәстүр. Екінші, жалғыз адам көпке сәлем жасауы керек. Мүмкіндігіне қарай, жеке-жеке қол алысуға болады. Топта тұрған адамдарға жағалай сәлем бергенде бейтанысқа да қол ұсынған ләзім.

Бірде банкте касса аузында тұрған үш-төрт таныспен кездесіп қалып, шұрқырасып амандасып, қол алысып жатырмыз. Ортасындағы таныс емес бір жас жігітке де қол ұсынсам алмайды. Аттап кете алмаймын ғой. Амандасып болған соң үлкендігіме басып жаңағы жігітке сен неге сәлемдеспейсің десем: «Мен сізді танымаймын» дейді. Сәл-пәл кейіп едім әлгі шамданып менімен салғыласып ұрсуға кірісті. «Қандай ата-ана тәрбиелеген көргенсізсің» дедім. Тұрғандардың бәрі бірден тіксініп қалды, ыңғайсыз ахуал орнады. Алпамсадай болған жетесіз неме сонда да бір міз бақпады-ау.

Үшінші, жасы кіші үлкенге бірінші сәлем беруі керек.

Ал, жастары шамаластардың әр қайсысы бұрын сәлемдесуге ұмтылуы қажет. Пайғамбардың хадисінде бұрын сәлем бергенге сауап көп деген тәмсіл бар.

Төртінші, сәлеміңді бұлдама. Өкпелескен адамыңа да сәлем бер, немесе сәлемін ал. Берген сәлеміңді алмаған кісі дұшпандық ниеттегі адам немесе кеудесіне нан піскен өркөкірек, санасыз жан.

Бесінші, берілген сәлемді жауапсыз қалдырма. Бірде ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсаринге ауылдағы бір кедей иіліп сәлем беріпті. Ұстаз оған одан әрі бүгіліп ізет білдірсе керек. Сол кезде жанында тұрған адам «Неге сонша иілдіңіз? Сәлем бермесеңіз де ол байғұс өкпелемейді ғой» дейді. Сонда ағартушы бабамыз «Берілген сәлемге дұрыстап жауап бермесем менің оқығаным қайсы, алған тәрбием қайда?! Қарапайым, сауатсыз адамнан адамгершілігімнің төмен болғаны ғой» депті.

Алтыншы, қанша реніште отырсаң да өзіңнің қоластыңдағы қызметкердің, ия кірген адамның сәлемін ал, дұрыс сәлемдес. Осының өзі екіжақты түсіністіктің орнауына мұрындық болады.

Жетінші, халық жиналған аудиторияға кірген лектор немесе лауазым иесі жұртшылықпен міндетті түрде бас иіп, дауыстап сәлемдесуі керек. Ондайда адамдар орнынан тұрады.

Сегізінші, қалың базарда, топырлаған тойда елдің бәрімен жеке-жеке сәлемдесу мүмкін емес. Мұндайда жазылмаған заң, ескірмейтін этикет бар. Ең әуелі жүзіңді жылы ұста, таныстарға күлімсіреп бас изе, иек қақ, қол бұлға.

Бір-екі ауыз сөз сәлемдесудің таза ұлттық, ескіден келе жатқан жоралғылары туралы.

Төс қағысу. Көбінесе ер адамдар қолданады. Құшақтарын ашып, қол ұстасып тұрып ерсілі-қарсылы төс қағыстырады.

Құшақтасу. Көбінесе әйелдер осылайша сағыныштарын басады, беттерін тигізіп қуаныштарын білдіреді.

Сүю. Сәлемдесудің бұл түрін ата-бабаларымыз аса көп қолдана қоймаған. Үлкендер баласының бетінен сүйген, маңдайынан иіскеген. Ертеде үлкен әжелеріміз сәлем бергенде қолымыздың сыртынан сүйетін.

Көрші үйде, тіпті бір үйде тұрсаң да әке-шешеңмен, ата-енеңмен күнде барып арнайы сәлемдес, хал-жағдайларын сұра. Олар сені тосып отырады, бармай қалсаң кәдуілгідей балаша өкпелейді.

Жас келіндер ата-енесіне, үлкендерге иіліп сәлем салған, алдарынан кесіп өтпеген. Мұндайда сәлемін ілтипатпен қош алып, «Өркенің өссін» деп ақ баталарын берген.

Ия, біле білген адамға өмірдің қуанышы мен бақытын сыйлаудың бір жолы шын ниетпен АМАНДАСУ болса керек.

Ертай ЖӘНІБЕКОВ,

зейнеткер.

Басқа материалдар

Back to top button