Рухани жаңғыру – даму қағидасы

Кеше облыс əкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТІҢ қатысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірлік сараптамалық кеңесінің отырысы өтті. Шараға мемлекеттік қызметкерлер, белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Кеңес отырысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында атқарылған іс-шаралардың қорытындысы шығарылып, алдағы жоспарлар талқыланды. Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша облыстық жоспарды құрастыруда жаңа талаптар мен үрдістер енгізілгендігін, рухани құндылықтарды сақтау, қорғау, кейінгі ұрпаққа насихаттау мен зерттеп-зерделеудің өзекті мәселелері туралы қатысушылар өз ойларын ортаға салды.

Мамандардың айтуынша, бағдарламаның барлық бағыттары қамтылып, Қарағанды облысында 2022 жылға дейін жалпы сомасы 55 млрд. теңгеге жуық 6000 жоба мен іс-шара іске асырылады деп жоспарлануда. Оның ішінде, 25 млрд. теңге демеушілер мен меценаттар есебінен әлеуметтік нысандардың құрылысына, қайта жаңартылуына, сондай-ақ, мәдениет, білім беру, спорт, денсаулық сақтау салаларындағы іс-шараларға тартылатын болады. Бұл туралы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов баяндады.

– Қазіргі таңда 4300-ге жуық жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ, 950 іс-шара іске асырылуда және 250 жоба бастама алды. Олардың қатарында «Білімнің салтанат құруы», «Сананың ашықтығы», «Прагматизм», «Бәсекеге қабілеттілік», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» сынды игі шаралар қолға алынды. Сонымен қатар, пандемия уақытына бейімделіп, 2020 жылы жаңадан «Дәстүр мен ғұрып», «Құқықтық мәдениет», «Еңбек елдің мұраты» және «Үнем – қоғам қуаты» арнайы жобалары қосылды. Бүгінгі күні өңірімізде осы арнайы жобалар бойынша 1000-ға жуық жоба жүзеге асты. Жыл соңына дейін 700-ге жуық іс-шара жоспарланып отыр. Еліміздің белгілі ақындары, кәсіпкерлері, спортшылары, түрлі саладағы танымал кәсіпқой азаматтарының өмірлік құндылықтары, отбасылық өмір салты туралы айтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының рөлі туралы пікірлерімен бөлісетін, тікелей эфирде өтетін «Ұлтқа қызмет» жобасы көрермен ықыласына бөленді. Облыстық «Менің атам, Менің әжем…» байқауы, Қарқаралы, Ақтоғай, Осакаров аудандарының киелі жерлеріне экспедициялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жақында ғана «Азамат» бағдарламасы көпшілікке жол тартты. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында өңірлік жобалық кеңсесі «Ұлттық киімдер» челленджін бастап, барлық мекемелерде бұл челлендж жалғасын тапты. Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханның 155, мемлекет және қоғам қайраткері, математикадан тұңғыш қазақ профессоры Әлімхан Ермековтің 130, Алашорда үкіметінің мүшесі, қайраткер Жақып Ақбаевтың 145 жылдығына арналған «Армысың, әз Наурыз!» атты дәстүрлі облыстық ақындар айтысы өтті, – деді Айтбай Ботбайұлы.

Тарихымызды қайтадан түгендеуге арналған «Рухани жаңғыру» атты мақаланың да мәні тереңде екендігін сөз еткен Абзал Нүкенов, мектеп оқушыларымен, жоғары оқу орындарының студенттерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.

– Халықаралық деңгейде туризімді дамыту аясындағы ірі жобалардың бірі – маусым айында Мемлекет басшысының қатысуымен Жезқазған – Ұлытау өңірінде ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Жошы хан» тарихи – мәдени кешенін ашу жоспарда тұр. Сонымен қатар, дәстүрлі «Жұмабек Ташенев жүлдесі» және «Тұлға» сыйлығын табыстау, Қарағанды облысының киелі жерлерінің «Smart картасын» әзірлеу, «Altyn aspap» және «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалдері, белгілі тұлғаларымыздың мерейтойына арналған іс-шаралар және тағы басқа іс-шаралар мен жобалар жоспарлануда. Бұлардың барлығының идеологиялық тұрғыда маңызы зор, – деді облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы.

Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекованың айтуынша, «Жошы хан» тарихи – мәдени кешенінің құрылысы 90 пайызға аяқталған. Алдағы уақытта хан шатырын орнатып, қонақтар тұрақтайтын жатын бөлмелер салу жоспарланып отырғандығын жеткізді. Бұдан бөлек, облыста салынатын спорттық және мәдени нысандардың жұмысы таныстырылды.

Облыстың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда қол жеткізген нақты тәжірибелік жұмыстарын, атқарылып жатқан іс-шаралары жөнінде білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбақыт Серікжанқызы, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мекенжанұлы, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Рахметоллаұлы баяндама жасады.

Сонымен қатар, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сатай Сыздықов, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, тарихшы, археолог Темірғали Аршабеков, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жанынан ашылған «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан және атқарылуға тиісті жұмыстар мен іс-шаралар туралы пікір білдірді. Сондай-ақ, жиын барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 1 жылда жүзеге асырылған жобаларын талқылап, келешектегі басты бағыттар мен негізгі іс-шараларды қорытындылады.

Нұрдос КӘРІМ.