Covid-19

«QazVac» туралы не білеміз?

Өткен аптада ел ғалымдарының вакцина әзірлегені туралы жағымды жаңалық тараған еді. Дүйсенбіден бастап, барлық облыста қолданыла бастады. Бұл жаңалық The Guardian, Le Figaro, EUreporter, Euroactive, Anadolu, Mena, ТАСС сияқты белгілі әлемдік ақпарат агенттіктері мен ТМД, Азия мен Еуропаның, Таяу Шығыс елдерінің бірқатар ақпарат құралдары назарынан тыс қалмады. Қазақстан әлемде вакцина шығарып жатқан АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Ресей мен Үндістан сияқты елдер қатарына қосылды.

«QazVac» – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлеген COVID-19-ға қарсы белсенділігі жойылған вакцина. Алдын ала мәліметтер бойынша, оның тиімділігі 90%-дан жоғары.

Өткен жылдың 31 желтоқсанында «Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 850 қаулысының негізінде вакцинаға 30.09.2021 жылға дейінгі мерзімге уақытша тіркеу куәлігі берілді.

Вакцинация бұлшықетке 2 кезеңмен салынады. Бірінші және екінші дозаны енгізу арасындағы аралық – 21 күн. Вакцинациялау пунктінде алдымен тексеру жүргізіледі, сауалнама толтырылады және вакцинациялауға жазбаша ақпарат беріледі. Вакцина алған адам 30 минут дәрігерлер бақылауында болады.

Отандық вакцина өндірісіне 1,5 миллиард теңге бөлінді. Оның 800 миллион теңгесі қажетті құрал-жабдық алуға жұмсалды.

Бүгінде «QazVac» вакцинасының 50 мың дозасы өңірлерге таратылды. Оның ішінде, 6 мың дозасы – Нұр-сұлтан мен Алматы қалаларына, 4 мың доза – Шымкент қаласы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарына жіберілді. Басқа өңірлерге 2 мың доза бөлінді. Мамыр айында тағы 50 мың доза шығарылады деп күтілуде. Болашақта препарат өндірісі кезең-кезеңімен айына 500 мың дозаға дейін артады. «QazVac» құрылысы жүріп жатқан вакциналау зауыты іске қосылғанша, Түркияда өндіріледі.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button