Мәңгілік Елдің Манифесі 1. Тұрақтылық тұғырнамасы

Nur Otan партиясы Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысында қабылданған тарихи шешім мен жарқын болашақтың бағдары – қайта таразылауға келмейтін тұрақтылық тұғырнамасы. Біз мұны мойындауға тиіспіз. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ Nur Otan партиясы Төрағасы өкілеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА беру жөнінде қабылдаған шешімі еліміздегі саяси билік сабақтастығына және елдегі тұрақтылыққа кепіл болар кемел байлам болғаны әмбеге аян. Сөз жоқ, бұл – Елбасының жауапкершіліктен жалтаруы немесе жеке басының қамы үшін емес, елдің жарқын болашағы үшін жасалған тарихи қадам!

Әлемдік тұрақсыздық алты құрлықты алаңдатып отырғаны белгілі. Қазақы қалыппен бейқамдыққа салынып, «Басы аманның малы – түгел» дейтін заман емес. Бүкіл әлемді шарпыған індет салдары әлемдік экономиканы тығырыққа тіреп тұрғаны және оның салқынын барша әлемдік қауымдастық сезініп отырғаны Қазақстан экономикасын тың мақсат, тындырымды іске жұмылдырып отыр. Жасыратыны жоқ, «Алаң да, алаң, алаң жұрт» кейпін киіп отырмыз. Дегенмен, жетекші партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған міндеттер осынау сын-қатердің салдарын әлдеқашан болжаған және күрделі кезеңнің күрмеулі мәселесін шешуге бағытталған. Тарқатып айтар болсақ, бұл әлемді әбігерге салған алғашқы дағдарыс емес. Бұған дейін де қаржылық дағдарыс салдарынан қалтасы қағылған елдер бар-ды. Еуропаның еңсесі еңкіш тартып, Азия абдырап қалғанда, біз дағдарыс дақпыртын еркін еңсергенбіз. Қысқасы, талай-талай сындарлы сәттерден сүрінбей өтіп, мүдірмей дамыған бір ел болса, ол – Қазақстан!

Сын-қатердің салдары – Nur Otan партиясының алдағы жылдарға межелеген стратегиялық мақсаттарына тікелей байланысты. Иә, біздің еліміз төртінші онжылдықтың табалдырығында тұр. Өткен отыз жыл орасан игіліктің кезеңі болғанын, еліміз қуатты елге айналып, демократиялық стандарттарға негізделген саяси жүйе қалыптастырғанымызды біз тұрмақ, әлем мойындады. Алайда, тоқмейілсудің соңы тоқырау екенін біз Тәуелсіздік алғанға дейін билік құрған Кеңес Одағының күйреуі дәлелдеп берген. Осыны түйсінген билік қана алыс болашаққа айқын бағдар жасай алады. Бізде дәл осы тарихи мүмкіндік пісіп-жетілді және оның игілігін қарапайым халық көре бастады.

Партия Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысын кіріспе сөзбен ашқан Елбасы Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің даму жетістіктеріне тоқталып, осының барлығы ымырамен атқарылған жұмыстың нәтижесі, орнықты шешімдер мен батыл реформалардың жемісі екенін атап өтті.

– Бірізді саяси реформалардың нәтижесінде бүгінде елімізде жоғары демократиялық стандарттарға сай келетін тиімді көппартиялық жүйе қалыптасты. Биыл тарихымызда алғаш рет заң шығарушы және өкілдік органдарға сайлау пропорционалды жүйе бойынша өтті. Сондай-ақ, ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізілді. Бұл қадамдардың бәрі елдегі партиялар арасында бәсекені күшейтіп, олардың жауапкершілігі мен есептілігін арттыра түсті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Иә, адамзат тарихында кез келген мемлекеттің қарыштап дамуы – билік пен бұқараның өзара ықпалдастығы арқылы мүмкін болған құбылыс. Халықтың қолдауынсыз мемлекетті дамыту, оның халықаралық аренадағы орнын нақтылау қисынға қиғаш келетінін жер бетінен мүлде жоғалып кеткен ұлттар мен мемлекеттердің тағдыры көрсетіп берді. Сондықтан да, өткен 30 жылдың еншісінде құлап барып – сүріну, сүрініп барып – тік тұру болмады деп те айта алмаймыз. Одақтан еншімізге ештеңе бұйырмай, үйіндіге үй тігіп, күресінге гүл егіп басталған Тәуелсіздігіміздің тағдырына күмәнмен қарағандар аз болған жоқ. Кеңестік идеологияның «Өкімет өлтірмейді» деген масылдық қағидасын жанымен қабылдап, қанына сіңіріп алған қоғамдастыққа сол кезде «Отыз жылдан кейін Қазақстан осындай ел болады» десең сенетін бе еді? Жоқ, әрине. Ендеше, жоқтан – бар жасап, мүмкін еместі мүмкін қылған – Елбасының еңбегі.

Тұңғыш Президенттің:

– Жүйесіз реформалар халықтың демократияға деген сенімін жоғалтып, түрлі шиеленістер тудырған және территориядан айырған жағдайлар тарихта аз емес. Тәуелсіздікті сақтау және мемлекеттілікті нығайту – біздің болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз. Сондықтан, Nur Otan партиясы тұрақтылық пен татулыққа, әлеуметтік-экономикалық прагматизмге, орнықты дамуға негізделген және тұтас қоғамның мүддесіне сай келетін саясат жүргізуде – деген түйінінде елін шексіз сүйген адал перзенттің тарихи жауапкершілігі жатыр.

Шынымен-ақ, кешегі одақтан «мұраға» қалған қалың проблемадан арылу дамуымызды біршама тежеді. Соған қарамастан, Тәуелсіздікті тұғырлы ету мақсатында жұртты ымыра мен бірлікке жұмылдыра отырып, берекелі белестерді бағындырдық. Бұл мақсаттағы көшелі көрсеткіштерімізде жетекші партияның жүйелі жұмысы бар екендігін де тарихқа таңбалап жатырмыз.

Әрине, арманымыз ақиқатқа айналды екен деп, дамылдауға әсте болмайды. Жалғыз Қазақстанды емес, жаһанның жағасына жармасып, етегінен тартып тұрған проблема аз емес. Саяси һәм табиғи сипаттағы мұндай проблемаларды көре білетін және алдын ала қамданыс жасауға шақыра білетін Елбасы бұл жолы да жер шарының жегенін батырмай, ішкенін сіңірмей отырған бірқатар проблемаларды атап өтті. Мәселен, әлемдегі экологиялық ахуал, жаһандық жылынудың теріс әсері, жаңа пандемиямен күрес мәселелерін тілге тиек етіп, Nur Otan партиясының соңғы Парламент сайлауындағы «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» деген ұранының өзектілігі арта түсетінін жеткізді.

Тәуелсіздікті баянды етудің ең басты кепілі тұрақтылық екенін баса айтқан Ұлт Көшбасшысы алқалы жиындағы сөзінің түйінінде:

– Біз Тәуелсіздіктің отыз жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық. Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын. Мемлекеттілікті сақтап, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын ақиқатқа айналдыру осы ұрпақтың тарихи миссия деп санаймын, – дей келе, жаңа дәуірге қадам басқан қазақстандықтарға ұзақ мерзімді бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды.

Бұл – Тәуелсіздік дәуірінің 7 қазынасын кемеріне келтірген елдіктің 7 тұғыры! Бұл – тұрақтылық тұғырнамысы! Бұл – Мәңгілік Елдің Манифесі!

Тәуелсіздікті тұғырлы һәм мәңгілік етудің басты шарты саналатын құндылықтарды қамтыған жеті тұғырдың тарихи мәнін ашып, маңызын сабақтауды ертеңгі күннің еншісіне қалдырдық…

Ерсін МҰСАБЕК.