Президент тапсырмасын орындай отырып...

Әлеуметтік көмек масылдыққа әкелмесе игі

«Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық» деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында. Әлеуметтің әл-ауқатын көтеретін көмектің түрлері көп. Кез келген адам мұқтаждығына қарай түрлі салада әлеуметтік көмек ала алады. Оның ішіндегі өзектісі аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек. Осы бір топтың тыныс-тіршілігі басты назарда десе де болады. Еліміздің өсіпөркендеуі демографиялық жағдайына елеулі үлес қосып отырған көпбалалы аналар, тағдыр тауқыметін тартқан қариялар, мүгедектер, жалғызбасты аналар қашан да қолдауға зәру. Айлығы жоғары жұмыстың жоқтығы да бұл топтың еркін қанат жаюына кедергі келтіріп отырғаны жасырын емес. Алайда, үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қаржылай қолдау көңілге медеу болғанымен, жыртыққа жамау болып отыр ма?

Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек дәтке қуат. Егер заңға сәйкес құжаттары өтіп жатса, тиісінше әлеуметтік көмегін қажетіне жаратады. Қарқаралы ауданында жыл басынан бері 93 аз қамтылған отбасыға 6 млн. 553 мың 800 теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек төленген, оның ішінде 74 отбасындағы 1-6 жас аралығындағы 114 балаға қаңтар-ақпан айларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама, яғни, азық-түлік пакеттері таратылған. Әрі осы топтағы 4 отбасының әрқайсына 37 мың 921 теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек төленген. Жәрдемақы алып отырған отбасылар үшін бұл қаражат та тұрақты емес. Егер бірді-екілі малы болса, отбасы мүшелеріне шаққандағы күнкөріс табысы асып кетті деген желеумен бұл қаражат қысқарып, қиылып та қалып жатады. Яғни, заңда көрсетілген талаптарға сай төленеді. «Жоққа сабыр, барға қанағат» етіп отырған отбасылар үшін атаулы мерекелер – 8 наурызда 772 көпбалалы аналарға әрқайсына 5 мың 834 теңгеден біржолғы материалдық көмек беріліп, 22 наурызда 250 аз қамтылған отбасына, жалғызбасты қарияларға азықтүлік пакеттері үлестірілді.

Қымбатшылықта дәл осы қаражаттың әр отбасындағы тұрмыстық қажеттілігін, тұтынатын айлық тамағын толығымен өтейді деуге келмейді. Бұған қосымша, азық-түлік пакеттері мен гигиеналық заттар беріледі. Әрі қайырымды жандар ұйымдастыратын ізгі шаралардан да осал топтар өз несібелерін алып жатады. Жұмысқа қабілетті болса да еңбектенуге құлықсыз кейбір ер-азаматтардың күнкөрісі де отбасына берілетін азын-аулақ ақшаны талғажау етіп отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай әлеуметтік көмек түрлері жыл сайын жетілдіріліп келеді. Төленетін жәрдемақыдан бөлек осал топтарға көрсетілетін көмек түрлері бар. Мәселен, жалғызбасты, күнкөрісі төмен адамдарға тұрғын үй жәрдемақысы, әлеуметтік қызметкер тағайындау секілді көмек түрлері көрсетіледі. Әрі денсаулығына байланысты қолдау жұмыстары да тұрақты. Ағымдағы жылдың І тоқсанында онкологиялық және туберкулез ауруына шалдыққан 37 адамға жергілікті бюджет есебінен 43 мың 755 теңгеден бірреттік көмек көрсетілген.

– Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген тыл ардагерлеріне, Ауған, Чернобль, тәжік-ауған ардагерлеріне, 75 жастан асқан қарттарға, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектерге, 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға, көпбалалы аналарға және жекелеген азаматтардың өтініштері бойынша күнкөріс табысы шекті мөлшерден асып кетпесе әлеуметтік көмек көрсетеміз. Бұл топтағы адамдарға көмек тек жылына бір рет қана көрсетіледі. Аталмыш көмек түрлері жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен жүргізілетіндіктен нақты жоспарлаймыз. Жылына шамамен 3 мыңнан астам адам санатына қарай көмек алады. Биылғы жылы 3710 адамға 46 млн. 798 мың теңге көлемінде көмек көрсету жоспарда. Алайда, бұл көрсеткіш өсуі немесе төмендеуі мүмкін, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жауапты маманы Салтанат Зорықбаева.

Жалпы, қоғамның осал топтарына жататын адамдарға көмек көрсетуде жекелеген адамдар мен қоғамдық ұйымдар белсенділік танытуда. Мәселен, облыс аумағы бойынша көпбалалы аналарды қолдау мақсатында құрылған «Асыл Ана – 2020» қоғамдық қоры жақында аудан орталығына барып, азықтүлік, қажетті тұрмыстық заттармен көмек көрсетті. Әрі ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

– Қарқаралы ауданы бойынша 147 көпбалалы ана қоғамдық қордың мүшесі. Осы жолғы сапарымызда біз 70 отбасына көмек көрсеттік. Азық-түлік, киім-кешек, ойыншықтар, балалардың тамақтары мен жөргектерін апардық. Осы аналарға әлеуметтік жәрдемақы, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша кеңес беріп, мәселелерін тыңдап, бүгінгі күнде соны шешу жұмыстарымен айналысып жатырмын. Келесі айда 87 анаға көмек көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Жалпы, қордың WhatsApp қосымшасындағы аналардың сұрақтарына жауап беріп келеміз, – дейді қор басшысы Айжан Байдельдинова.

Қомақты қайырымдылық қолдау аудан аналарының көңілінен шықты.

– Қайырымдылық көмекке аналар дән риза. Бір мезетте азық та, балаларға арналған ойыншықтар мен тағамдар, жөргектер алып, мәз болып қалды. Осындай шынайы көмекті көргеннен кейін болар, қордың аудандағы мүшелерінің саны көбейді. Жұмыс қарқынды. Аналардың ұсынысымен алдағы уақытта ер балаларды тегін сүндеттеуді ұйымдастырмақшымыз, – дейді көпбалалы ана Мейрамгүл Саматқызы.

Мұқтажға медет болатын әлеуметтік көмектің маңызы зор. Қайырымдылыққа ынталы топ қашанда бір-бірін қолдап, көмек көрсетуге даяр. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2019-2021 жылдардағы республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжатта атаулы әлеуметтік көмектің көлемін ұлғайту қарастырылған. Алдағы уақытта әлеуметтік көмек түрінің көлемі артады деген сенім зор.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button