Бас тақырыпКөкейкесті

Келісімшарт жаса, ұтылмайсың!

Жұмыс істеп, артынан маңдай терімен тапқан жалақысын ала алмай соттасушылар көбеймесе, азаяр емес. Көбіне келісімшартсыз жұмыс істеудің арты дауға ұласады. Жыл басынан 1-наурызға дейін мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 210 кәсіпорнында 2,3 мың жұмыскердің алдында 856,3 млн. теңгеден астам жалақы бойынша берешегі барын анықтаған. Жұмысшыларына дер уақытында жалақысын бермеген кәсіпорын басшыларына 18,5 млн. теңгеден астам айыппұл салынса, 1,8 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалып, 814,6 млн. теңге төленген.

Негізінде айлықты уақытында немесе мүлде бермеу сыбайлас жемқорлықпен бірге, ортада делдал болып бірнеше компанияның жүруінен болады. Әрине, өз қаражатына қол жеткізе алмай жүрген жұмысшылардың көбі істеген жұмысын нақтылайтын қағаз жүзіндегі келісім болмағаннан зардап шегеді. Көбіне бұл жағдайға құрылыс саласында, ауылдық жерде мал бағушылар ауызша келісіммен жұмыс істеп ұрынатыны анық.

Бұларды құл десе де болады. Ал біреудің табанақысын жеушілерді құл иеленуші демегенде, кім дейміз?

Өткен жылы облыстық Еңбек инспекциясына «Сұңқар күзет» агенттігінде күзетші болып жұмыс істеген 62 жастағы Марат Жәнібеков: «Бір жыл болды айлығымды ала алмай жүрмін» деп хабарласқан. Кейін белгілі болғандай, күзет агенттігіне ақшаны Нұр-Сұлтанда тіркелген «Құлагер» құрылыс компаниясы төлеуі тиіс екен. Кейін бұл арыз Нұр-Сұлтан қаласының Еңбек инспекциясына табысталған…

Әрине, бұл – мыңдаған өтініштің бірі ғана. Теміртау қаласының тұрғыны Нұрлан есімді жігіт өз басынан өткен жағдайды айтып беріп еді. Жұмысқа тұрушыларға құлаққағыс болсын деп қосып отырмыз. «Елордаға барып, құрылыспен айналыстым. Ішкі әрлеуші болдым. Содан бір күні жаңа салынып жатқан үйге сылақшылыққа тұрдым. Бастығымыз Николай деген жігіт. Ақшамызды жұмысымызды бітіргенде аламыз деп келістік. Әрине, ауызша. Тапсырма орындалып, терақымызды алатын күн де келді. Күнде елпілдеп жүрген Николай қатайып алған. Ақшамызды сұрасақ, «ертең» дейді. Күнде «ертеңмен» біраз күн жүріп қалдық. Жанымдағылар «бұл бізге ақшамызды бәрібір бермейді» деп, басқа жерге жұмыс ауыстырып кетіп қалды. Мен табандап жүріп алдым. Артынан қалмаймын. Ақыры Nur Otan-ға арыз жаздым. Олар жұмыс берушіме телефон шалып еді, іс насырға шабатынын білген Николай, сол күні 130 мың теңгемді санап берді. Ал, менімен бірге жұмыс істегендер сол күйі тапқан ақшасын ала алмады» дейді Нұрлан.

Әрине, көпшілік еңбек келісімшарты бұзылған жағдайда немесе келісімшартсыз жұмыс істеп, ақшасын ала алмай қиналғанда кімге, қалай арызданатынын білмей жатады. Кейбіреуі арызын арқалап әкімдікті жағаласа, енді бірі Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауына жазылады. Ал, егер еңбек қатынастарында құқығыңыз бұзылса, ең бірінші Еңбек инспекциясына жазбаша түрде шағым қалдыруыңыз керек. «Арызыңызда: аты-жөніңізді, лауазымыңызды, қай мекемеде, қандай бөлімде жұмыс атқарып жатырсыз және қандай жөнсіздік болғаны жайлы неғұрлым толық ақпарат беруіңіз керек. Еңбек инспекциясы ешқандай шара қолданбаса, әрі қарай сотқа жүгіне аласыз» дейді мамандар.

Айлығын ала алмай сан соғып қалатындардың қатарында күзетші, еден жуушы, құрылысшы, жанармай құю бекетінің қызметшісі сынды жұмысшылар жетерлік. Олардың көбі келісімшарт жасаудың маңыздылығынан бейхабар болып шығады. Не болмаса салық, медициналық сақтандыру төлемес үшін жұмыс беруші мен жұмысшы айлықты қолма қол алатын болып келіседі. Артынан еңбек дауы тууы осыдан болса керек. «Айлығыңызды алу үшін ортақ таныстарыңыз да куәлік етуі мүмкін. Дәлел ретінде мөр басылған еңбек кітапшасындағы мәліметтер (жұмысқа қабылданғаны, шыққаны жазылуы тиіс), еңбек шарты, бұйрық, әлеуметтік төлемдер қарастырылады. Егер мұның бірі болмаған жағдайда, жұмыс беруші жұмысшыны танымаймын деп тұрса, сотта куәгерлерді тарту арқылы шешім шығады» дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің инспекторлары.

Әрине, бір сағат па, бір ай ма, жұмыс істесеңіз, сол уақыттың төлемін алуыңыз керек. Әр адам қандай қызмет істесе де жұмыс берушімен келісімшартқа отырып іске кіріскені абзал. Келісімшарт болмаса еңбектің арты дауға ұласатыны сөзсіз!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button