Спорт

«Көз тигеннен» қорқады-ау…

«Алға шықпа, көз тиеді, артта қалма, сөз тиеді» деген нақыл біздің «Шахтерге» қарата айтылғандай. «Көз тигеннен» қорқады-ау… Соңғы турларда 6-шы орыннан табан аударар түр көрсетпеді. ХІІІ тур қорытындысында да сол сатыда қалды.

«Шахтер» жексенбі күні Алматыда шымкенттік «Ордабасымен» кездесті. Т.Сегізбаев атындағы стадионда өткен матч қарсыластың пайдасына шешілді.

Алғашқы таймда Кахабер Цхададзенің шәкірттері өткір көрінді. Жедел шабуылдар ұйымдастырып, қарағандылықтардың қақпасына қауіп төндірді. Алайда, біздің жігіттердің қорғанысы сыр бермеді.

Үзілістен кейін Цхададзе ойыншыларын алмастырды. Рубен Бриджидо мен Май Махлангу алаңға шықты. Тыңнан Жоао Пауло қосылды. Осы Паулоның соққысы таразы тілін «Ордабасыға» басып берді. Бұл – 74-ші минут еді. Ал, «Шахтер» барын салғанымен есепті өзгерте алмады.

13 турда 21 ұпай жинаған «Ордабасы» үздік үштіктің қатарына ілікті. «Астанамен» ұпайы тең. Көш басындағы «Қайратта» – 32 ұпай. Қостанайлық «Тобыл» 23 ұпаймен – 2-ші сатыда. «Тобыл» мен «Астананың» бір ойыны кем. «Шахтер» 16 ұпаймен – 6-шы орында. 6-шы орын дегеніңіз – турнир кестесінің бел ортасы. Мұнда 12 клуб бәйгеге қосылған.

Келесі турда жерлестеріміз қызылордалық «Қайсармен» кездеседі. Ойын 22 қазан күні Алматыда өтпек. «Көзден қорықпай», шамалас клубқа азуын көрсетер» деген үмітіміз бар.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button