Бас тақырыпҚазақстан Тәуелсіздігіне 30 жылҚарқаралы

Көшетке де күтім керек

Мұхаммед (с.а.с) Пайғамбардың мұсылмандар қауымын ағаш отырғызуға үндеген мынадай хадисі бар. «Қандай да бір мұсылман ағаш немесе егін ексе, одан адамдар, құрт-құмырсқа мен құстар жеп азықтанса, міндетті түрде өзіне сауап ретінде кері қайтады». Тағы бір өсиетінде: «Бір адам бір ағаш отырғызса, амал дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады» делінген. Тереңнен түсінетін адам үшін тәлімді дүние. Ағаш отырғызу – сауапты амал. Жердің тоңы жібісімен «ағаш отырғызу» акциясы өтеді. «Бәленше түп ағаш отырғыздық» деп сүйіншілеп жатамыз. Санды көздегенімізбен сапасы қаншалықты дұрыс? Түрлі акцияны желеу етіп, ағаш отырғызудың қыр-сырына жеткілікті мән беріп жүрміз бе?

«Жүз жылдығыңды ойласаң, ағаш ек» деген халық даналығы адамзат үшін ағаш отырғызудың маңыздылығын айқындап берді. Адам, жалпы кез-келген тірі ағза ауасыз өмір сүре алмайды. Олардың еркін тыныс алуына қажетті оттегіні шығарып, көмірқышқыл газын бойына сіңіретін жасыл желек – ағаш екені бәрімізге белгілі. Адамзаттың қажеттілігін өтеп қана қоймай, экологиялық тұрғыда орасан зор пайда келтіріп отырған жасыл желектің жайқала өсіп, саясын паналаудың өзі ұзақ жылдардың еншісінде екен.

Қарқаралы ауданының басым бөлігі таулы-қарағайлы, орманды аймақ. Қарағай мен қайың-терегі қатар өскен қасиетті өлкенің қара орманы елдің дәулеті мен жердің сәулеті. Мәңгі жасыл, қылқан жапырақты қалың қарағайы жанға сая, емге дауа. Қолда бардың бағасына мән бермей, осы бір ағашты қазып әкеліп, қалай болса, солай отырғызып, соңында қурап қалып жатқанын талай мәрте көрдік. Қала басындағы дендропарк, қала мерейтойына отырғызылған қарағайлы саябақ, депутаттар аллесы, Қарағайлы кентіндегі қарағайлардың бүгінде тек орындары ғана қалған. Тіпті, бұл ағаштарға қай бюджеттен қаражат қарастырылғаны да естерінде жоқ екен, басшылардың. Жас талды отырғызғаннан кейін оның бой түзеп, жайқалып өсуіне де жағдай жасау қажет.

– Ағаш отырғызу оңай шаруа емес. Біздің питомникте қарағай көшеттері өсіріледі. Бұл жоба 1997-98 жылдары Қарқаралы орманында болған өрттің салдарын жою мақсатында жүзеге асырылған. Алдымен, күзде қарағайдың бүршіктерін жинап алып, өңдеу жұмыстарын жүргіземіз. Нәтижесінде, 1 тонна бүршіктен 10 келі дән аламыз. Питомник алаңы 0,1 га. Осы аумаққа 6-7 келі дән сеуіп, екі жыл күтіп баптаймыз. Бұдан 200 мың түпке дейін көшет шығады. Питомникте өсірілген көшеттің бойы екі жылда 10-15 см ғана болады. Оны көктем айында жинап алып, қардан жасалып, үсті шөппен жабылған «тоңазытқышта» сақтап, белгіленген аумаққа егеміз. Одан арғы жұмыстарды орман қорғаушылары жүргізеді. Биылғы жылы 13 га жерге 149 мың көшет отырғызамыз деп жоспарлап отырмыз. Ал, орта бойлы қарағайдың толық өсіп-жетілуіне 8-10 жыл уақыт керек. Жалпы, қарағай – талғампаз. Ылғалды сүйеді. Жылдың төрт мезгілінде де түсін бермейтіндіктен, Қарқаралының таулы орманы үшін қарағай егудің маңызы зор, – дейді, Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің орманды молықтыру және оны өсіру инженерінің міндетін атқарушы Серғали Қанафин.

Асқан жауапкершілік пен қажырлы еңбектің арқасында жайқалған қалың орманға айналатын қарағайды өсіруде ағаш егу мәдениетіне жіті көңіл бөлу қажет-ақ. Жыл сайын қала мен ауыл-аймақта отырғызылатын ағаштарды уақытылы суару мен күту кемшін түсіп жатады. Қоршау-қорғау жұмыстар да тиісінше дұрыс жүргізілмейді. Тек, есепте ғана ол жерлерде «пәленбай түп ағаш отырғызылды» деп көрсетіледі.

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөзі адамға байлықтан гөрі, жасыл желектің пайдасаның орасан зор екендігін көрсетеді. Жанға сая жайқалған ағаш, дертке дауа жеміс ағаштарын еккен адамның төбесінен нұр жауып тұрады деген сенім де бар. Кез-келген жерге көрік беріп қана қоймай экологиялық тұрғыда да маңызды рөль атқарады.

– Биылғы жылы «Қала басын абаттандыру, көгалдандыру» бағдарламасы аясында қомақты қаражат бөлді. Аудандық бюджеттен 600 түп шырша отырғызуға 8 млн. 961 мың теңге және 65 түп қарағай көшеттерін отырғызу үшін 5 млн. теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл ағаштар орталық саябақ пен «Азалы Ана» ескерткіші, «Сарыарқа ұшқыштары» аллеясына отырғызылады. Осы қаражаттың ішіне отырғызған көшеттерді суару мен күту жұмыстары кіреді, – дейді жауапты мамандар.

«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, мемлекетіңнің нығайып көркеюі үшін еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, туған жерге еңбек сіңіруді алдымен ағаш егуден бастаған дұрыс. Әр отырғызған тал еселеніп қайтатын ырзық-несібе екенін де естен шығармаған абзал.

– Ағаш отырғызу тек көріктендіру үшін ғана қажет емес. Ертеректе ағашты жол бойына қар ұстап қалу мақсатында отырғызатын. Бүгінде сол шаруаны жоспарлы түрде жолға қою керек. Бұл жыл сайын жолдың күтіп ұстауға бөлінетін миллиондаған қаражатты үнемдеуге мүмкіндік. Дегенмен, әр жасалған іске сұрау болса, жыл сайын отырғызылатын көшеттердің өсуіне жауапкершілікпен қараушы еді. Жерге түскен дәнге де жас баладай күтім қажет. Атадан қалған ізгілікті үрдісті жалғастыру әр адам үшін парыз, – дейді, аудандық мәслихат хатшысы Сләмиден Нүркенов.

Құранның бір аятында «Кімде-кім бір тал егіп, оның жемісінен адам немесе Алла Тағаланың жаратқандарынан біреуі жесе, ақиқатында ол адам үшін бұл бір садақа» делінген.

Сауабы мол іске адамдық парызбен үлес қоссақ, еліміздің гүлденуіне деген перзенттік борышымызды ақтаған болар едік.

Сағыныш ӘБІЛ,

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button