Рухани жаңғыру

Көнеден қалған құнды мұра

Кенесары хан жан тапсырса да елі үшін күресі тоқтамаған еді. Ұлы сұлтан Сыдық әкесінің жолын жалғап, күллі түркі жүртының азаттығы үшін күресті. Тарих беттерінде көп кездесе бермейтін батырдың ұрпағы жайлы білетініміз көп емес. Бәйбішесі Күнімжаннан туған үш ұлдың кенжесі Ахмет Кенесарыұлы 1880 жылы «Насаб наме сұлтан Сыдық» атты тарихи еңбек жазып қалдырыпты. Алайда, бұл уақытқа дейін құнды құжатқа қол жеткізе алмай келдік. Осы туындыны талантты ақын Ербол АЛШЫНБАЙ тұңғыш рет шағатай тілінен қазақшаға аударып, ғылыми өңделген нұсқасын шығарды. Автор Арқа жұртына арнайы келіп, кітабының тұсауын кесті.

Бұл кітап – ХІХ ғасырдағы тарихтың шешуші кезеңдегі, тағдырлы қос тұлғасы – Кенесары хан мен Сыдық сұлтан туралы. Басылымға қосымша ретінде 1888 жылы шыққан түпнұсқаның өзі және қазақ қарпіне түскен мәтіні берілген. Ахмет сұлтанның бұл еңбегі Мәскеу мемлекеттік тарихи мұражайының мұрағатында сақтаулы екен. Шағатай тілінде жазылған дүниеге ғалым И.Зайцев ғылыми түсініктеме беріп, орысша аудармасымен жарыққа шығарған көрінеді. Ал, Ербол Алшынбай орыс тілінде жазылған нұсқасында тарихымыз көп бұрмаланғандықтан, тікелей шағатай тілінен аударыпты. Шағатай тілі – сол замандағы ағылшын тілі. Кітапта Кенесары хан мен Сыдық сұлтанның әскери тактикасы мен жорық жолдарының сызбасы да бар.

– Сыдық сұлтанның аты әлі күнге дейін бір ізге түспеген. Кейбір деректерде Сыздық делінген. Сол тарихи кезеңдегі жырау Балқы Базардың жырында «Сыдық» деп анық жазылған. Осы кітаптағы айналымға түскен бірнеше дерек туралы айта кетсем. Кенесары ханның Қытай мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатуға тырысып, інісі Құдайменді Саржанұлын Құлжаға елшілікке жібергені. Бұл дерек біздің тарихымыз үшін тың дүние, – дейді автор Ербол Алшынбай.

Сондай-ақ, қазақ тарихы үшін белгісіз тұлғалар мен тарихи оқиғалар көптеп кездеседі. Оның бірі, Ғұбайдолла хан жайлы. Кітапта «Абылай хан қайтыс болған соң оның бәйбішесінен туған Ғұбайдолла хан болды. Ол он жыл хандық құрды» деген дерек кездеседі. Бұл бұған дейінгі біздің ресми тарихымызда айтылмаған деректердің бірі. Және парсы тілінде, Орта Азия сақтарына тән қазаққа түсініксіз сөздер көп.

– Қазақтан асқан ұлы халық жоқ. Тіліміз бай. Тарихымыз тереңде. Әлі де зерттелмеген тұстары, жазылмаған тұлғаларымыз көп. Мысалы, мен бар ғұмырымды физикаға арнадым. Физика ғылымы адамға ақыл бермейді екен. Қанша атақ-абыройым болса да елге бергенім шамалы. Егер мен физик емес, тарихшы болсам, өскелең ұрпақ үшін тарихи дүниелер жазар едім. Ал, Ербол үлкен іс атқарып, олжа қалдырып отыр, – дейді физика ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Көкетаев.

Қазақ тарихында 300-ден астам үлкенді-кішілі көтеріліс болғанын білеміз. Бодан болған дәуір, етігімен саз кешіп, ауыздықпен су ішкен жылдар тарих беттерінде сайрап тұр. Сол заманда орыс империясына қарсы соғыс ашқан батырлардың бірі Сырым Датұлы десек, екіншісі – хан Кене. Өмірінің соңына дейін ат үстінде, майдан даласында жаумен алысты. Ал, Кене ханның өмірі жайлы бір кісі- дей білгенімізбен, кей дүниені біле бермейді екенбіз.

– Хандарымыздың басы қарақшылардың қанжығасында кетті. Шаңырағымыз отаршылардың аяғында тапталды. Ал, халық үшін ұлт азаттық қозғалысының тарихын жазу – біз үшін сенсация. Себебі, біздің тарихты келімсектер жазған. Ал, мына кітапта көтерілген мәселе мен үшін үш бағытта құнды. Бірінші, тарихнамашылар үшін концептуалды дүниелерді оқуға болады. Деректанушылар үшін – керемет деректер айтылады. Үшіншіден, әскери тарихпен айналысатындар үшін Сыдық сұлтанның әскери тактикасын түсірген, – дейді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарихшы Нұрсахан Ахметова.

Ербола ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button