Бас тақырып

Ипподромның қазығы қағылды

Арқа жұртынан сүйіншілейтін хабар – бұл. Ипподромы жоқ жалғыз Қарағанды болса, енді бұл мәселе де жолға қойылды. Бұған дейін «Ortalyq Qazaqstan» газетінде аталған мәселе бірнеше мәрте көтерілген еді. Облыс басшылығы оң шешім қабылдап, қаланың Күнгей шағын ауданы мен Үштөбе ауылының арасынан жер телімін берді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан АБЫЛАЕВ атшабардың алғашқы қадамы, яғни, қазығын қақты.

– Атқа мінгенге қанат бітеді. Ат үстіндегі азаматтың көрер көкжиегі өрелі. Арқа жері жылқы жануарын ерекше қастерлейтін өңірдің бірі. Жергілікті атсүйер, дәстүрге жанашыр азаматтармен бірге атшабарға қолайлы орын іздегенімізге біраз болып еді. Сәті енді түсті. Бұл жерде ұлтымыздың басқа да төл өнері жаңғырып, дәстүріміздің дәмдісі көрініс табады деген үміттеміз. Алда атқарар шаруа, әрине, көп. Олай болса, осы игі бастама баршамызға қайырлы болғай, – деп ізгі құттықтауын жеткізді облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов өзінің facebook парақшасында.

Мойындау керек, көкпар ойынының кенжелеп қалғанын, басқа да ұлттық спорт түрлерінің бұқаралық сипат алмауын, біз инфрақұрылымның жоқтығынан, оның ішінде ипподромның бой көтермеуінен көргенбіз. Иә, облыс басшылығы ат спортына оң көзқарас танытқан соң, сең бұзылды. Жақында Таразда көкпардан ел чемпионатының бірінші лигасында облыс құрамасы сәтті өнер көрсетіп, II орын қанжығалаған. Арқа атқамінерлері көптен бері мұндай жоғары нәтиже көрсетпеген еді. Көкпар клубы қайта жанданып, оқу-жаттығу жиындарын қарқынды өткізгенінің жемісі бұл.

– Ипподром ұлттық спорт түрлерін дамытуға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Бүгінгі таңда Арқа жерінде ат спортының 11 түрімен 42 мыңнан астам адам шұғылданады. Аймағымызда өзіміздің жеке дайындық базамыз болса, үлкен жетістіктерді бағындыратынымызға сенеміз. Және ипподром құрылысы республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беріп ғана қоймай, ұлттық спорт түрлерінің бұқаралық сипат алуына айтарлықтай әсер етеді деп ойлаймын. Жердің қадасын қақтық. Енді, жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Осы жобаның құрылысына инвестиция тарту немесе бюджеттен қаржыландыру мәселесі талқылануда. Жер телімін алу атшабардың салынуы үшін жасалған алғашқы қадам деп білеміз, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.

Темірхан Серікбайұлының айтуынша, қала тұрғындарына да атқа мінуге мүмкіндік туады. «Ақылы түрде қызмет көрсететін болады. Бағасын халыққа тиімді етіп қоямыз. Балалар атқа мінсе, ұлттық болмысы қалыптасады, ұлттық спортқа деген қызығушылығы артады» дейді.

– Ипподром құрылысына берілген жер телімінің көлемі – 50 гектар, ені – 500 метр, ұзындығы – 1 шақырым. Әзірге қазықшаларды қағып, қорған қазамыз, – дейді Қарағанды қаласының жерге орналастыру бөлімінің жетекші маманы Арман Исаинов.

– Ипподромды көп күттік. Осы уақытқа дейін мектебіміздің ауласында дайындалып келдік. Соның өзінде жаман нәтиже көрсетпеді спортшыларымыз. Енді, ұлттық спорттың тамырына қан қайта жүгіреді деп сенеміз. Спортшыларымыз үлкен жетістіктерге жетуі тиіс. Арқаның атқамінерлерінің атынан ұлттық спортқа қамқорлық танытқан облыс басшылығына үлкен алғысымызды айтамыз, – дейді «Қайрат» ат спорты мектебінің басшысы Шаризат Қазтаев.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button