Covid-19

Індетті ауыздықтау мүмкін бе?

Өткен аптадағы статистикалық мәліметтер COVID-19-дың таралуы тағы қарқын алғанын көрсетті. Жыл басында таралуы сәл де болса саябырсыған індет осымен сегізінші апта күшіне мінді. Әлем бойынша 1 аптада ауырған 5,2 миллион адам анықталды. Өлім-жітім де аз емес. Вирустан қорқып, шектеуден шаршаған жұрт пандемиядан құтылатын күнді күтеді. Ал, ол күн қашан туары беймәлім. Десек те, ғалымдар індетті ауыздықтау мүмкін деп болжап отыр.

Ұйым не дейді?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есептеуінше, осы күнге дейін 3 миллионнан астам адам көз жұмған. Пандемия басталған 9 айда – 1 миллион адам, одан кейінгі 4 айда тағы 1 миллион адам қайтыс болыпты. Ал, соңғы 3 айда тағы 1 миллион адам індет салдарынан өмірден өтті.

Аталған ұйымының басшысы Тедрос Аданом Гебреисус ауырғандар арасында 25 пен 59 жас аралығындағы адамдардың көбейгендігін және оның себебі вирустың жаңа түрлерімен байланысты екендігін атап өтті. Дегенмен, ол алдағы айларда СOVID-19 пандемиясын бақылауға алуға болады деп санайды. «Қолымызда бұл пандемияны бақылауға алуға мүмкіндік беретін құралдар бар. Тек оларды ретімен және талапқа сай түрде қолдана білсек, болды», – деді Т.Гебрейесус.

Алайда, әлемдік деңгейде ұжымдық иммунитет қалыптастыратын мөлшерге жеткен жоқ.

Осы ұйымның еуропалық бөлімшесінің басшысы Ханс Клюге ұжымдық иммунитет үшін халықтың 70%-ы егілуі тиіс екенін айтқан болатын бұрынырақта. Ол пандемияның 2022 жылы аяқталуы мүмкін екенін тілге тиек етті. Ханс Клюгенің пайымдауынша, 2021 жыл да індет таралған жыл болады.

– 2020 жылы вирусты ғылыми тұрғыдан да, саяси жағынан да түсіне алмадық. Ал, бір жыл өткеннен кейін біз біраз нәрседен хабардар болып қалдық. Біздің арнайы құралдарымыз, сүйенетін бағдарламаларымыз, вакцинамыз бар. Бақылай алатын боламыз, – деген еді.

Министрдің болжамы қандай?

Елдің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да вирустың вакцинаға көнетінін, сол арқылы оны басқара алатынымызды айтып еді. Бірақ, министр Үкімет отырысында аймақтардағы вакциналау ісі жоспардан қалып қойғанын мәлімдеді.

Министр атаған аймақтар арасында Қарағанды облысы да бар. Біздегі бектіліген 10 күндік жоспар 53,7%-ға орындалыпты. 73 500 адамның орнына 39 478 адам егіліпті.

– Жалпы, ел бойынша жоспар 91,1%-ға орындалды. Қазіргі таңда облыстарда 188 мыңға жуық вакцина дозасы бар. Вакцинаны жеткізу кезек-кезекпен кесте бойынша жеткізілетін болады. Тәулігіне 70 мың адамға екпе жасалуда. Ай соңына дейін 2 миллион адамға екпе салуды көздеп отырмыз, – деді министр.

Вакциналауды ескере отырып, ведомство алдағы айларға болжам жасады. Оптимистік сценарий бойынша жұқтырғандар саны сәуірдің соңына қарай артып, тәулігіне 3 мыңға жуық тіркеледі. Реалистік сценарий кезінде таралу шегі мамырдың ортасына келуі мүмкін. Ол уақытта тәулігіне 4 мыңға жуық адам індет жұқтырады деген болжам бар. Вакцина алғанымен оның қорғаныш әсерінің қалыптасуына да біршама уақыт өтуі қажет екені белгілі. Министр де біраз уақыт өткеннен кейін вакцина әсері күшейіп, індетті тежей алатынымызды айтып отыр.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button