Covid-19Ұлытау

Еріктілер тегін бетперде таратты

Ұлытау ауданы аумағында коронавирус індетінің таралуына тежеу қою бағытындағы іс-шаралар үздіксіз әрі пәрменді түрде жалғасуда. Бұған себеп – елдегі қазіргі күрделі ахуалмен қатар, ауданда дерт жұқтырғандар санының ұлғая түсуі. Қолға алынған шаралар қатарында еріктілердің елеулі істері де бар. Соның бірі – «Асар» еріктілер тобының аудан орталығы мен Жезді кентінде медициналық бетперделерді тегін таратуы. 

Белсенді жастар осылайша қарапайым тұрғындардың алғысына кенелді. Ұйымдастырушы тарап өкілдерінің айтуынша, аталған акция аясында жалпы қауымға 140 данаға жуық бетперде үлестірілген екен. 

Бұл бетперделерді аудан әкімінің қайтарымсыз грантына ие болған төрт кәсіпкер тігін цехында арнайы тіктіргенін айта кеткен жөн. Пандемия белең алған кезеңнен бері осы кәсіпкерлер аудан тұрғындарына 3 мыңға жуық бетперде үлестірілуіне дәнекер болыпты. Акция барысында, сонымен қатар, тұрғындарға қауіпті індеттің алдын алу тәсілдері түсіндіріліп, жадынамалар таратылды. Еріктілер әр азаматпен тілдесу кезінде оларды өздерінің денсаулығына мұқият қарап, жақындарына жанашыр бола білу қажеттігін ескертті. 

Өз тілшімізден.

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button