Елбасы еңбегі

Астана талайды тамсандырған алып шаһарға айналды. Шығыс пен батыс сәулет өнерінің жауһарлары үйлесім тауып, қала ажарын ашып тұр. Тарихи шешім қабылданған 20 жылдың ішінде қаладағы құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Қайта, жыл сайын аумағы ұлғайып келеді. ҚР Үкіметінің Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ айтуынша, осы уақыт аралығында құрылысқа 2,3 триллион теңге жұмсалған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астананың ХХІ ғасыр талаптарына толық сай болуына ерекше мән берді. Халықаралық байқау жариялап, әлемге әйгілі сәулетшілерге өз жобаларын ұсынуға мүмкіндік жасады. Байқау нәтижесінде, әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның эскизі үздік деп танылып, Елорданың бас жобасын жасау құқығын иеленді. Жапон сәулетшісі ұсынған жобаның ерекшелігі – құрылыс пен табиғаттың үйлесім табуында.

Айтпасқа болмайды, теңдессіз жоба жасаған Кисе Курокава қала тұрғындарының санын болжауға келгенде қатты қателесті. Оның 2010 жылы халық саны 400 мың, ал 2030 жылы 1 миллион болады деген болжамына қарай, қанша тұрғын үй, балабақша, мектеп салу керектігі жоспарланды. Алайда, қаланың өсім қарқыны күтілген межеден асып кетті. Қазірдің өзінде Бас қаламызда миллионнан астам халық тұрады. Жобаны қайта қарап, өзгеріс енгізу қажеттілігі туындады. Бұл міндет Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сәулет кеңесінің мүшесі Аманжол Чиканаевқа жүктелді.

Қала келбетінің ажарлана түсуіне Лондон қаласындағы әйгілі «Mіllennіum Brіdge» ғимаратын тұрғызған Норман Фостер де үлес қосып, қолтаңбасын айшықтай білді. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша «Бейбітшілік және келісім сарайын» тұрғызды. Орта Азияда теңдесі жоқ сәлет туындысы – «Хан шатыры» ойын-сауық орталығының авторы да осы азамат. Астананың мақтанышына айналған қос нысанға туристер соқпай кетпейді.

Сұлулығымен таңдай қақтырған «Қазақстан» орталық концерт залы да батыс сәулет өнеріне сай тұрғызылған. Бұл нысан – Еуразия құрлығындағы сәулеті мен әсемдігі келіскен өнер ошақтарының көш басында тұр. Ол – әлемдегі сұранысқа ие италиялық сәулетші Манфреди Николеттидің қолынан шыққан.

Қазақ жеріндегі ғасыр құрылысынан әлемге әйгілі сәулетшілердің ешбірі сырт қалмады. Елбасымыздың арнайы шақыртуы бойынша келіп, жаңа Астананың ажарын арттыруда аянбай еңбек етті. Әр қаланған кірпіш қаланың көркін аша түсуі керек. Елбасымыз Астана құрылысын өз бақылауына алып, сәулетшілердің батыл идеяларын жүзеге асыруға қолдау білдірді. Еңбек еленіп, Халықаралық Сәулетшілер одағы ҚР Президентіне сәулет өнерінің дамуына қосқан еңбегі үшін Құрмет белгісін табыстады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.