Экономика

«Eco qolday» – жаңа платформа

ӨКМ Операторы «Ecoqolday» қосымшасында қаптама қалдықтарын жинау және тасымалдау жүйесін субсидиялауды іске қосты. Бірінші кезекте қайта өңделетін шикізатты кәдеге жаратып үлгерген кәсіпорындар қаржыландырылады. Төлем жасау субсидиялау негізінде жүзеге асады. Ecoqolday бағдарламасы кәдеге жаратуға жиналған және тасымалданған макулатура, пластик, шыны қалдықтары үшін өтемақы төлемінің мөлшерін автоматты түрде есептейді. Бұл туралы «ӨКМ Операторы» ЖШС баспасөз қызметі хабарлады.

Қайта өңделетін шикізаттың 1 тоннасына берілетін төлемдердің мөлшері қосымша құн салығын қосқанда: шыны үшін – 22 344 теңге, пластикалық қаптамаға – 26 399 теңге, қағаз/картон – 16 977 теңге. Сондай-ақ, ӨКМ Операторы қалдықтарды тасымалдау шығындарын да қашықтыққа байланысты ішінара субсидиялайды.

Таратылған ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Ecoqolday жүйесінде 222 қатысушы тіркелген. Оның қатарында, 74 кәсіпорын, 22 кәдеге жаратушы зауыт және 126 көлік компаниясы бар. Цифрлық модельге көшу макулатура, полимер өнімдері мен шыны қалдықтарының сатып алу құнын арттыруға мүмкіндік берді. Қазір бұл шикізаттың құндары мынадай. Картон-қағаз келісіне – 40-85 теңге. Шыны – 22-28 теңге. Пластмасса – 80-180 теңге шамасында. Қаптама қалдықтарын жинаушылар шикізатты кәдеге жаратушыларға тапсырғаннан кейін «ЕсoQoldaý» жүйесінде бірден қаржыландыруға өтінім бере алады.

Баспасөз қызметі 2021 жылдан бастап, ӨКМ Операторы өтемақы төлемдерін беру рәсімін жеңілдеткенін айтады. Оператордың мәлімдеуінше, жаңа модель қаптама қалдықтарын жинау, тасымалдау және қайта өңдеу жөніндегі жұмыс қағидаттарын өзгертуді көздейді.

«ЕсoQoldaý» жобасы – қайта өңделетін қаптама қалдықтарын (макулатура, пластик, шыны) жинау, оларды тасымалдау жəне кəдеге жарату бағытындағы кəсіпкерлер үшін жəне осы салада өз бизнесін бастағысы келетіндерге арналған платформа.

2021 жылы 230 мың тонна көлемінде қайта өңделетін шикізатты жинау, қайта өңдеу, тасымалдау және кәдеге жарату жоспарда. Биыл бұған 10 млрд. теңге бөлу көзделуде», – дейді баспасөз қызметі.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button