Жаңалықтар

Бас бунақтың жайын білейік

«Қыс шілдесі» қостоқым қармен бітуге жақын. Олай демеске лаж жоқ. Сайда болмаса, бірегей жазықта тоқымдай-ақ қар қалған. Бірақ алда «Білмесең – білдірем, білсең – бүлдірем», деген айбынды ақпан тұр. Осы ақпан айының 1 күні жаңа ай туады. Ай тізбегінің бір күні кем болып, бес күні «Үш бунақтың» негізін қалап, қалған екі күні айдың өліарасы 29 күнді толықтырады. Келесі жаңа ай 2 наурызда тумақ. Мұны сенімді айтып отырғаным нағашы атам Дүйсенбайдан естіген ғибратым ғой. Атам өмірі аттан түспейтін. Іңір қаранғысынан шығып, «Темірқазық» жұлдызынан бағыт алып, сонау Абыралынын Қайнарынан Қарқаралының Қараағаш ауылына жол бойынан зират қалдырмай құран бағыштап, тазыларын ертіп, аң аулап, қанжығасын түлкіге толтырып келетін.


Тұяқ терлеп, қой күрлеп орта бунақ жайлы боп тұр ғой дейтін нағашы атам. Біз баламыз, атамның әрбір сөзі тұнған ғибрат.
– Ортасы бардың басы мен аяғы қайда? – дедім атама.
– Әй Төлеужан, деді атам қызына, – мына балаңнан бір ізгілік шығайын деп тұр. Ал енді әңгімені тыңда, дейді атам мейірлене: “қазіргі тұс жылдың екі маусымын қамтиды. Олар: қаңтар мен ақпан және маусым мен қазан айларында қайталанады. Бұл айда қой семіреді. Аяқ бунақ қазан мен ақпанның аралығын қамтиды. Бұл кезең тоқты тоймас, шәміш кеппес деп аталған. Малда тойымдылық болмайды. Қыстың ызғары ерте сезіліп, қырау шөмішке
шөгеді”. Атамды мұқият тыңдап отырмын.

Анама: «Мына жиен жұлдызшы болатын сыңайлы, арғы тегінде қасиетті бабалары болған ғой. Сұрақ саптасынан аңғардым. Ортасын іздеген бала оңы мен солын да танитын болады» – деп бір тыныстады. «Бірліктің жаршысы аспандағы жұлдыздар» – деді Атам: – «көпшіл бол, оң солыңды жинай жүр».

Анама қарап, әкеңізге айтыңызшы басы қалай болады екен деймін ғой шыдамсызданып. Осы кезде баптанған нағашы атам, Бас бунақтың жайын баппен айта бастады. Өйткені мен Бас бунақта туған едім. Ұғып алсын деді ме: «қара қатқақ ащы өзек, бас бунақтың белгісі ақпан мен маусым айына жалғасады деп, іле «ақпан алдамшы, бір бүйіріңді қыздырып, екіні бүйіріңді сыздатады, маңдайдан сипап, маңдайдан шертеді, жақсы шертсе – құт, жаман шертсе – жұт» деп айтқан еді.
Бас бунаққа аман жетейік. Аллаға шүкір, қырдан жетер ақпанның ашу мінезіне, асау қылығына төзе жаратылдық. Жұлдыз кезсем атамның ыстық алақанын сезіп тұрамын.
Сержан СМАХАНҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button