Бас тақырыпКөкейкесті

Атамның батасы әлі жебеп келеді

Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі «Менің атам, менің әжем» байқауын ұйымдастырған еді. Шарт бойынша атасы немересіне бата, әжесі ертегі айтуы керек-тін. Сонда байқаудың арқасында аузы дуалы ақсақалдарымыздың барын көріп, бір марқайып қалып едім. Көпшілігі әлеужеліде «Бата бере алмайтын қария көп» дейді жар салып. Көзіммен көрген дүниені көпшілікке жеткізу үшін қолға қалам алдым.

«Батамен ел көгереді» дейді. Ғалым Омар Жәлел бір сөзінде: «Бұрын үлкендер бата бергенде қол жайған адам көзіне жас алып отыратын. Ақсақалдардың сөзі өтіп, еріксіз жылатушы еді. Себебі, сөзде – құдірет болатын» депті. Ол кезде батаны кез-келген адам емес, аузында біссіміләсі, кәлимасы бар, сөзі жүретін ақсақал беретін. Ал, мұндай жандардың батасы қабыл болатыны белгілі. Аузы дуалы адамнан бата алған жас өреннің басында көрінбейтін тәж болады деуші еді.

Сөзге тоқтаған халықпыз ғой. Бұрынғылардың сөзі сүйектен өтетін. Ал, адамдар соны сезіне алатын. Қазір бата беретін қарттар жоқ емес, бірақ, тыңдайтын құлақ бар ма? Көпке топырақ шашқаным емес. Өкінішке орай сөз қадірін түсіне алмайтындар да бар…

Қазақ үшін батаның қасиетті ұғым болғанына лиро-эпостық жырлар мен көркем шығармалары дәлел. Ата-анасының батасын алмай қосылған қос ғашық соңында көздегеніне жете алды ма?! «Қыз Жібек» жырындағы Төлеген әкесінен теріс бата алып, ғашығына қосыла алмай арманда кетті. Сондықтан, қазақ кез келген істі үлкендердің батасын алып бастайтын болған.

– Үлкендердің қатары сиреп барады. Баласына, немересіне ақыл айтатын қариялар азайды. Кейде қарап отырып, ішің ашиды. Кезінде бізді әкеміз алдына алып, ақыл айтып отырушы еді. «Заманына қарай адамы» демей ме?! Алайда, бәлен деуге де болмайды. Бата білетін қарияларымыз бар. Сол кісілерден ұрпақтары бірдеңе үйреніп, біліп қалса екен, – дейді тыл ардагері Сайлаубек Бекмағамбетов.

Кеңес үкіметі «Құдай жоқ» деп санамызды улады. Соның кесірінен сөз киесін ұғынудан қалдық. Уәдеде тұрмай, екі сөйлейтін болдық. Құдай мен адамның арасын бөліп тұрған – сөз ғана. Ал, біз уәденің Құдайдың бір аты екенін естен шығарып алдық. Жүрсін Ерманның мына бір өлең шумағы ойыма түсіп тұр:

«Қазақ елі секілді зерек елде,

Сөз қадірін ұғыну керек ерге.

Шашқың келсе – дүние, малыңды шаш,

Тек сөзіңді беталды бере көрме!

Бір сөз үшін азапқа төзген де адам,

Сөз бағасын қапысыз сезген бабаң.

Аттан жығыл жығылсаң – оқасы жоқ,

Жығылуға болмайды сөзден, балам!», – дейді.

Бір жағынан гаджеттің де үлкен әсері бар. Көкейге түйгенімізді емес, көргенімізді жасап жүрміз. Теледидардан, телефоннан көріп алып, оқуды жайына қойдық. Кітап пен электронды нұсқасын оқығанның айырмасы – жер мен көктей. Бабаларымыз сөздің киесін қайдан білді деп ойлайсыз?! Кітапты қолына ұстап отырып, шаңын жұтып оқыған. Міні, сөз қадірін түсінген жан! Мұнымен қатар, жастардың тәрбиесіне үлкен септігін тигізетін – ата мен әже. Сол кісілердің тәлім-тәрбиесін алып қалсақ екен.

Жалпы, ғылыми тұрғыдан алғанда үлкендердің берген батасы жақсылыққа итермелейді. Санаңызға сіңіп, жақсы әрекеттерге ұмтыла түседі екенсіз. Тоғыз жасар Жетес тоқсандағы Төле биге сәлем бере барыпты. Сонда Төле би былай деген екен: – Бата – басқа, қына – тасқа, ақыл – жасқа, не қалайсың? – депті. Сонда Жетес – О, қасиетті, баба! Ат берсеңіз өліп қалады, тон берсеңіз тозып қалады. Тонға бергісіз өлмейтін, өшпейтін, өмірі естен кетпейтін өсиет айтсаңыз, соған ризамын, – депті. – Онда қолыңды жай, балам, – деп батасын берген екен.

***

Бір жарым жасымнан ата мен апамның бауырында өстім. Уақыт өте балабақша жасына келгенімде қалаға жіберді. Бұған дейін бір елі жыраққа шықпағам. Сонда атам марқұм бұрынғының сары қағазына бірдеңелерді жазып, жылап тұрған маған «Әріп танығанда оқисың. Саған берген батам – бұл» деп қолыма ұстатып жіберген. Арада қанша жыл өтті, қағаз әлі сақтаулы. Ал, атамның батасы мені әлі жебеп келеді…

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button