Қасым мен Шәмші немесе «Абай сияқты ән шығара алатын ақын…»

Ел аузында екеуі туралы аңыз көп. Бірі – сөз өнеріндегі, екіншісі – саз өнеріндегі жеке-дара құбылыстар. Қасым Шәмшіден 19 жас үлкен, екеуі кездесті деген әңгіме жоқ ел арасында. Қасым 1955 жылы дүние салғанда, Шәмші халық арасына енді таныла бастаған. Шәмшінің өнері Алматыда өрістесе, Қасым шабыты алғаш Орал қаласында аспандай түсті. Енді екеуін бір арнада тоғыстыратын не дегенде, әуелі өнер атты ұлы айдын болса, екіншісі тағдырларындағы ұқсастық. Екі ұқсастық та – құдайдан ғана келетін жоғарғы құбылыстар.

Қасымның Оралға барғаны қызық қой. Жырдың күйіндей әңгімелер бар ол жайында. Оралда ешкімі жоқ… Вокзал маңынан көшеде ән салып, би билеп жүрген өнерпаз татарларға еріп кете барады. Осыған ұқсас жағдай Шәмшінің басынан да өткен. Алматыда, бірақ. Тағдырларындағы ұқсастық осы жерден шығады. Қасым Оралда бір мәрте ғана болмаған, ғажабы. Әуелі Семейден Алматыға, Алматыдан Ленинградтағы Орман шаруашылығы институтына түсіп, ұнамаған соң, Оралға барады. Онда бірер жыл газетте істеп жүріп, әскери міндетін атқарып келісімен тағы басқа жерге соқпай, Оралға барып тұрақтаған. Оралдағы облыстық газетте, театрда қызмет еткенімен қоймай, ондағы сыған, татарлар арасында көп жүрген. «Достарым менің – бандиттер» деп жазды ғой Дәуітәлі. Олар бандит те, қаңғыбас та емес, нағыз өнерге берілгендер еді.

Анығында, Қасым Оралға неге бара берді?.. Жанып тұрған жастық шағы, жиырма бесі сонда өткен. Алғашқы өлеңдерінің көбі Оралда газетте істеп жүргенде туған десетін қасымтанушылар ол жайында жарытып ештеңе жазбапты. Қасында көп жүрген ғажайып ақын інісі әрі жан достарының бірі Сырбай Мәуленов қана жазады Оралдағы татарлар арасындағы өмірін. Ақынмен бірге жүріп, көп сөйлескен Сыр-ағаңа Қасым өзі сыр ғып айтып берсе керек:

«Қасым: «менің ер жетіп, есейген шағым Оралда өтті. Жігіттіктің жақсы кезеңдері Оралда қалды» деп отыратын.

Жаздың бір жаймашуақ ашық күнінде Қасым Орал вокзалына барып түседі. Қолында кішкентай чемоданы бар, басқа ештеңесі жоқ… Оралда танысы тағы жоқ. Әйтеуір «талаптың тұлпарын мініп» жолға шыққан. Орал станциясы ығыжығы халық. Жас жолаушы жалтақтап жан-жағына қарайды. Жалдауға үй шықса деп іздейді. Темір жол бойлап татар жігіттері мен қыздары серуен құрып жүр. Қолдарында сырнай, мандалин. Вокзалды төбесіне көтеріп, «Ғалия-Бану» әнін шырқайды. Күн – демалыс. Осыларға қосылып кетсем бе екен деп Қасымның делебесі қозады. Сырнайшы онша мықты емес сияқты. Қасымға шамалы көрінеді. Татар қыздары мен жігіттері енді вокзалдың екінші басынан оралып келе жатады. Қасым жандарына жетіп барады.

– Қазақ малайы, гармонь ойнай білесің бе? – дейді біреуі. Қасым білемін дегендей басын изейді.

 – Есімің кім? – дейді бір қыз.

 – Қасым!

 – Қасым абзи! – деп бір жас бала ол жақ, бұл жағына шығады.

 – Қасым абзиды бақшаға алып барарға керек – дейді әлгі кішкентай сары бала.

Олар енді жолдан бұрылып, вокзалдың сыртында тұрған бақшаға беттейді. Орталарында – Қасым.

Жаз желегін жамылған жасыл бақша. Айнадай жарқырап тұрған ақ шыны аспан. Бейтаныс жаңа қала, төңіректі қоршаған қыз-жігіттер. Қасым біртүрлі арқаланып кетеді. Сырнайшының қолынан тальян гармонды сұрап алады да, Семей татарларынан үйренген бірсыпыра әндердің тиегін ағыта жөнеледі. Татардың қыз-жігіттері шауқылдасып, рахаттанады…

Кеше де кел, ерте кел,

Тереземді шерте кел.

Сенің келгеніңді

Хабарласын ерке жел!

Татар өлеңдерінің арасына анда-санда Қасым өз сөздерін де қыстырып қояды. Жаңадан пайда болған жолдастары оған риза болып, алғыс жаудырады.

Оралда қашан мейманханаға орналасқанша Қасым сол татар жостарының үйлерінде болады. Олар күнде Қасым қонатын үйге жиналады. Содан кештен бастап әндер айтылып, түн ортасына дейін тасырлаған билер тоқтамайды. Татардың қыздары мен жігіттері ән мен күйді сүйеді. Сырнай үнін естісе-ақ, шамның отын айналған көбелектей пәруана болады да қалады» деп Сыр-ағаң бергі жағын ғана жазып қояды.

Алматыда аз-кем істеген Қасым неге Оралға тартып тұрды? Барғанда тоқтайтын жері жоқ ақын онда түскен бойда өнерпаз татарлардың арасына қойып кеткен. Онымен қоймай, Сырбай атамыз «Семей татарларынан үйренген бірсыпыра әндердің тиегін ағытты» деп қалады. Ол туралы бір де бір естелік жазба жоқ осы күнге дейін. Біздің зерттеулер мен естеліктердің көбінің үстірттігі осындайда аңғарылады.

Ал, Шәмшінің сығандар арасына түскені туралы аңыз сырлы әңгімені білмейтін қазақ жоқ шығар. Соның әсерінен туған дейтін сазгер шығармашылығындағы шоқтығы биік туындылардың бірі – «Сыған серенадасы» «құлақтан кіріп бойды алады» (Абай). «Шәмші сыған қызы Изольдаға ғашық болып, сығандардың таборына ілесе кеткен, содан барып туған ән» деген сияқты алып-қашпа әңгімені жастай естіп өстік. Ұлттық арнадағы бір хабарда «Сыған серенадасы» әні сығандар ортасына түсіп, Изольдаға ғашықтығынан тумаған делінеді. Оған ел сене қоя ма, бірақ? Осы оқиға негізінде ақын Исрайл Сапарбай ағамыздың «Сыған серенадасы» атты керемет спектаклі бар. Музыкалық драма. Қасымның Оралдан кеткені жөнінде де спектакль бар деп естігенмін.

Бірде Шәмші аға ауруханада ауырып жатқанда, Исрайл аға көңілін аулап барып, «Сыған серенадасы» әнінің туу тарихын сұраса керек. Ғұмырының соңғы жылдарында ауруханада жатып қалған композитор: «Бұл ұзақ әңгіме. Оны сұрап, мені қинап қайтесің?! Мен оқудан шығып қалғанымда, төрт-бес жігіт сыра ішіп, вокзал жақта жүрдік. Алдымыздан үштөрт сыған қызы шығып, таборға шақырды. Екі-үш таборда жүрдім. Осыдан басталды бәрі, айналайын» депті.

Бұл да вокзалдан басталған әңгіме. Оқиға екеуінің де басынан жанып тұрған жастық жиырма бес шақтарында өтіп тұр. Бірі поэзия патшалығының падишасына айналса, бірі қазақ вальсінің каролі! Олар да вокзалда жүреді. Жұрттың жүрегін жаулайтын бұлар – нағыз патша! Нағыз кароль!

Қасым домбыра, скрипка, гармонь, мандалин, күйсандықтың – бәрінде ойнаған. Ол туралы жазушы Жұмабай Шаштайұлының керемет естелігі бар. Ал, ән шығаратыны жайлы ақын өлгенде «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы» деп аһ ұрған Әбділда Тәжібаев жазады. «Дәриға, сол қыз» әнінің тууына куәгер болған Әбділда: «Қасым біздей емес, Абай сияқты ән де шығара алатын ақын еді. Бұдан, әрине, жақсы ақын болу үшін композитор болу шарт деген ұғым шықпасқа керек. Ақын болу үстіне ән шығарушы боламын деп Қасым да ойлаған емес. Бірақ, кезегі келгенде, бұрқыраған шабыт күйлі дыбыстардан шумақтар күйлі сөздер құрағанда, ғажап ырғақты, қанатты шумақтар өздеріне сай ән сұранғанда, сондай әнді ақын өз жанынан шығара беретін. Сол өнерімен Қасым бізге ерекше сүйкімді, ерекше талантты көрінетін», – дейді Әбділда ақын.

Оралға неге барғаны белгісіз Қасымның ол жақтан неге кеткені туралы белгілі актер, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков әдемі тарқатып айтып береді жүрген жерінде. Бір ерекшелігі, ол кісі бұл әңгімені жатқа айтқанда, тебіренбей тыңдау мүмкін емес. Бүтін бір оркестрге жетекшілік еткен Қасымды сонда танисыз. Сонымен, сахнаны біз де осы Кеңес ағаның айтуымен жеткен Қасымның Оралмен қоштасуымен жабамыз.

– 1982 жылы анам мені Жайық бойына нағашыларыма алып келді. Сонда Шолохов атындағы кеңшарда Қуанышкерей деген екі көзі бірдей көрмейтін зағип ақсақал болды.

«Қарағандыда қызметтемін» дегенімде, «Қасымның елінен екенсің ғой» деп, маған Қасым Аманжоловтың Оралдан қалай кеткені туралы әңгімелеп, еш кітапқа енбеген өлеңін оқып берді. Ақсақалдың айтуынша, шамамен 1935-36 жылдары Қасым Аманжолов Жұмат Шаниннің қарауында домбыра оркестрін басқарған. Бірде педагогикалық институтта үлкен концерт өтетін болып, оркестр дайындалады. Қасымның сол институтқа түспек болып дайындалып жүрген кезі екен. Бірақ, концерт басталар алдында партком мен проректор оркестрмен айтылатын қазақ әндерінің қысқарып қалғандығын айтып, «Бір күй, бір ән орындайсыңдар» дейді. «Жарайды» деп сыр бермеген Қасым жігіттерін жинап, «Бес нөмірді де орындаймыз» деп келіседі. Сөйтіп, сахнаға көтерілген ақын:

Ән бар ма, біздің әндей  жатқан бұрқап,

Аламыз дауылдатып  шырқап-шырқап.

Күй бар ма, біздің  күйдей жатқан жосып,

Тас балқып, тыңдағандай  тал таңырқап.

Өлеңнің өлкесіміз өткел  бермес,

«Сөзді қой, өлеңге бас,  жырмен сөйлес»

Деп өскен қазекеңнің  ұрпағымыз

Өлеңсіз өмір бізге өмір емес, – дегенде оркестр ойнап келіп жібереді. Сөйтіп бірінші, екінші, үшінші, төртінші нөмір кезегімен кетіп жатады. Алдыңғы қатарда отырған партком мен проректор екі жақтан оркестрді тоқтату үшін сахнаға жүгіреді. Осы сәтте бесінші нөмір – «Адай» күйі де екпіндеп, шалқи жөнеледі. Бесінші нөмір бітіп, зал толы көрермен шапалақтап, шымылдық жабылып жатқанда, Қасым алға жүгіріп шығып, мына өлеңді оқыпты:

Бұл – менің шарықтаған  жастық шағым,

Жаныма дарытпаймын дүние шаңын.

Әніммен қарсы аламын әрбір күнді,

Жайғандай ерке назым  жар құшағын.

Бұл – біздің қасиетті  дастанымыз,

Шалқыған айдын көлдей  жас шағымыз.

Алға ұстап адал жүрек махаббатты,

Ән салған біз қазақтың жастарымыз! – деп жасындай жарқылдаған жас ақын сол кездегі қазақ өнерін тұншықтырғысы келген Кеңес өкіметінің саясатына осылай қарсылық танытыпты. Осы оқиғадан кейін Қасым ақын Оралда қала алмай, Алматыға кеткен көрінеді. Мен Қуанышкерей нағашымнан естіген осы әңгімені жас ұрпақ білсін деген ниетпен жүрген жерімде айтып жүремін, – дейді Кеңес аға.

Жәнібек Әлиман