Жаңалықтар

«Қарызсыз қоғам» құрдымнан құтқарады

Нарықтық қоғамда банк несие сұрағанның ешбірінің қолын қақпайды. Тегін бергендей елестейтін несие төлеуге келгенде тығырыққа тірейді. Қаржылық сауатсыздықтың соңы осындай қарызға
белшеден батырады.

Президент тапсырмасымен жұртшылықтың сауатын көтеру үшін ұлттық жобалар қолға алынғаны мәлім. Қарыз қамытынан құтқаруды мақсат тұтқан жоба аймақта да нәтижесін беруде.

Өткен жолы банкроттық рәсімге тапсырудың екі жолы жайында жазған болатынбыз. Енді игі бастамалар жөнінде қаузап көрелік…

Суреттер жоба жетекшілерінен

Жаңа жоба көңіл қуантты

Қазіргі таңда «Банкроттық туралы» заң аясында өңірде «Төлем қабілетін қалпына келтіру» жобасы іске қосылған. Бұл жоба банкроттықтың екі түріне жатпайды. Дегенмен, ол да сот арқылы жүзеге асатын процесс. Сот процестері үшін де 85 мың теңге төлейсіз. Бірақ, олардан басты айырмашылығы – тұрақты табысыңыз болуы шарт. Яғни, кем дегенде соңғы алты айда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ақша түсіп тұрғаны керек. Атыңызда мүліктің болып-болмауы – маңызды емес. Егер атыңызда мүлік болса, сот оны сатқызуы әбден мүмкін. Егер басыңыздағы жалғыз баспанаңыз болса, алып та қалуы ықтимал. Сонымен қатар, берешегіңіздің мерзімі өтіп кеткен жағдайда да өтінім бере аласыз.

Егер сот шешімі оңынан шықса, сіздің бес немесе одан да көп банктен алған несиеңізді бір жүйегебіріктіріп береді. Сонымен қатар, банктердің үстіне қосқан пайыздарын да толық алып тастайды. Яғни, тек бастапқы қарыз сомасын ғана өтейсіз. Ал, сот сол қарызды төлеу мерзімін тек бес жылға дейінғана ұзартып бере алады.

– Бұл жерде де түрлі жағдай болады. Мәселен, сіздің мойныңызда 10 млн теңге қарыз бар делік. Сот сізге бұл ақшаны бес жылға бөліп бере алмайды. Ал, айлығыңыз орта есеппен алғанда 200 мың теңге. Оны бес жылға бөліп тастасаңыз, айлығыңыздың бәрі несиеге кетіп қалады. Ал, сот ондайға жол бермейді. Қосымша табыс көзін сұратады. Бұның бәрін сот бүге-шігесіне дейін зерттейді. Бұндай жағдайлар Балқаш қаласында көп тіркелген. Себебі, ондағылардың бәрі зауытта жұмыс істейді. Ақшалы. Ал, айлығы көптерге банктің несиеге беретін сомасы да соғұрлым үлкен. Сал- дарынан тұрғындар несиеге белшеден батып жатыр. Мәселен, балқаштық тұрғынның мойнын- да 13 млн теңге берешегі болған. Төлейтін несиенің айлық төлемі еңбекақысынан екі есе көп. Азамат бізге жүгініп, осы жоба аясында төлемін жаңадан қайта құрып алды.

Айлық табысынан айлық несие мөлшері көп кез келген адам бізге жүгіне алады. Біз процесті жүргізу үшін екіжақты сенімхат жасаймыз. Содан кейін барып, жұмысты өз қолымызға аламыз.

Біз бұл жұмыстарды сотқа дейін шешеміз. Барлық құжатты жинап, тапсырғанша біз көмектесеміз. Сөйтіп, соттың қорытындысын күтеміз. Сот борышкердің жағдайын жан-жақты саралап, әділ шешім шығарады, – деді «Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасының менторы Әсел Атабаева.

Бұл жоба өңірде тек сәуір айында ғана іске қосылған. Бұған дейін көпшілік үшін беймәлім-тін. Бүгінде тұрғындар енді-енді хабардар бола бастады. Көктемнен бері облыс бойынша 300-ге жуық адам өтініш берген. Алайда, қазіргі таңда тек бір ғана балқаштық азаматтың ісі нақты шешімін тапты. Қалған өтініштер бойынша сот процестері әлі де жүріп жатыр. Айта кету керек, егер несиемен қатар басыңызда ипотека болса, ол да қаралады. Бірақ бұл жерде ипотеканың түрі мен қандай бағдарлама арқылы рәсімделгені маңызды рөл атқарады екен. Сот отырысында «Сотқа дейін қандай әрекет жасадыңыз?», «Банкпен мәселені шешуге тырыстыңыз ба?» деген секілді түрлі сауалдар қойылады. Егер сіз бұған дейін банкке бірнеше рет ресми өтініш жасап, нақты жауап алып немесе алмасаңыз – сіз үшін артықшылық. Себебі, «Мұндай айғақтар соттың шешім шығару процесін жеңілдетіп, істі жылдам аяқтауға септігін тигізеді» дейді мамандар.

Коллекторлар мазаңды алып жүр ме?

Банк немесе микрокаржылық ұйым қарыз алушысы өз міндеттемесін уақытылы өтемейтінін анықтаған соң мәселені басқаша шешеді. Яғни, сіздің мәселеңізді шешу үшін ісіңізді коллекторлық компанияларға сатып жібереді. Олар сіздің мазаңызды алып, ұялы телефоныңызға дамыл бермейді. Одан қала берді жақын-жуығыңызға да хабарласып, берекетіңізді қашырады. Ал, бұл – олардың жұмысы.

– Бұған дейін банктің өзінің проблемалық несиелермен айналысатын бөлімі болған. Бүгінде банк ондаймен жұмыс істемейді. Керісінше, коллекторлық компанияларға заң жүзінде сатады. Қазіргі таңда сондай компанияларға заңмен тыйым салынды. Енді олар заң күшіне енген күннен бастап, банктерден проблемалық несиелерді сатып алмайды. Қазір ол компаниялар бұрынғы алған ақпараттар бойынша жұмыс істеп жатыр, – дейді Әсел Атабаева.

Мысалы, сізге банкроттық рәсімі заңды түрде жүргізіліп, қарыздарыңыз есептен шығарылды делік. Алайда, соған қарамастан, коллекторлық агенттіктер қысым көрсетуін біраз уақытқа дейін жалғастыруы мүмкін. Бірақ, бұл жиі кездесетін жағдай көрінеді. Азды-көпті уақыт өткен соң өздері қоңырау шалуды қояды екен.

Төлем кестесін қайта құру мүмкіндігі

Қазіргі таңда көбісі банкроттыққа тапсыру мен несиеге төлем кестесін қайта құрудың аражігін ажырата алмай жүргені рас. Төлем кестесін қайта құру – жаңадан несие алғанмен пара-пар. Бірақ, кесте құрылған күні сіздің несие тарихыңызда кешіктірілген күндер автоматты түрде жоғалады.

Бірақ, алған несиеңізге банктің қосып берген пайыздары шегерілмейді. Керісінше, қосылады. Яғни, сіз бір банктен 2 млн теңгені 17-23%-бен алдыңыз делік. Бірақ, оны төлей алмай, төлем мерзімін өткізіп алдыңыз. Бірақ, төлем кестесін қайта құру кезінде банк әу баста алған 2 млн теңгеңізді про- центтерімен есептеп береді. Одан қала берді кешіктірілген мерзім күндеріне дейін қосып, жаңа кесте жасайды. Әу баста банк қосымшасында тұрған 2 млн теңгеңіз пайызына қарай 3-4 млн теңгені көрсетіп тұрады. Бірақ, бұған дейін сіз төлеген сома шегеріледі. Айта кетейік, төрт банктегі несиені бір банкке жинақтап, бір жерден төлеу деген жоқ. Әр банк графикті тек өз тарапынан ғана береді. Егер банктің сізге қойып берген жаңа кестесі көңіліңізден шықпаса, істі сотқа жібере аласыз. Яғни, төлемді қайта бастау арқылы несиелеріңізді қайта реттей аласыз.

– Несие рәсімдеп жатқанда банк қызметкерлері келісімшарт ұсынады. Біз соны мүлдем оқымаймыз. Сөйтіп, банктің талабын да, заңды да білмей жүреміз. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде «Төлем кестесін қайта жасап береміз», «Банкроттыққа шыға- рып береміз» деген жарнамалар қаптап кетті. Мұндай қызмет ұсынушылардың бірқатары – бізден үйренгендер. Ал, енді бірі заңды жаттап алып, соны кәсіпке айналдырғандар. Олар білген-түйгенін ақылы түрде саудалап жүр. Ал, біз бұл жұмысты ақысыз, яғни, тегін атқарып келеміз. Өкінішке қарай, көп адам құжат жинауға, істі соңына дейін жүгіріп, уақыт арнауға ниет білдірмейді. Сол себепті ақылы қызмет көрсетушілерге жүгініп, істі соларға тапсыра салады.Бүгінде көбінің таңдауы – осы, – деді Әсел Асанқызы.

Мәселен, жыл басынан бастап, 1 қазанға дейінгі аралықта төлем кестесін қайта қарау мәселесі бойынша 6 мыңнан астам адамнан өтініш түскен. Бірақ, нақты қаншасы мақұлданғаны туралы мәлімет жоқ. Өйткені, өтініш иелерінің басым бөлігі қажетті құжаттар тізімін алған соң кері байланысқа шықпайтын көрінеді…

Офлайн оқу ойға қонбады

«Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанына да биыл үшінші жыл. Жоба алғашқы кезеңінде үйренемін деген ниетті жандардың басын қосып, офлайн форматта дәріс өткізуден басталған. Ол кезде қатысуға өтінім берген азаматтардың қарызы бар-жоғы қаралмаған. Сол жылы офлайн оқуға екі мыңға жуық адам қатысыпты. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі жобадан нақты нәтиже көрсетпеген деседі. Себебі, қатысушылардың басым бөлігінде бұл бағытқа деген шынайы қызығушылық болмаған. Осы жайттарды ескере отырып, жоба форматына бірқатар өзгерістер енгізілген. Енді «Қарызсыз қоғам» жобасына тек банктер мен қаржы ұйымдарына 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтар ғана қатысады. Бұл рәсімді жүзеге асыру кезінде банк пен қарыз алушы арасындағы бұрынғы келісім- шарт заңды күшін жояды. Оның орнына жаңа келісімшарт жасалып, қарыздың тек қалған негізгі сомасына ғана пайыз есептеледі. Жаңа төлем кестесі борышкердің жағдайына қарай қайта қаралып, төлем мерзімін бес жылға дейін ұзартып беретін болады. Мұндай жағдайлар, әсіресе, Шахтинск қаласында жиі кездеседі екен. Онда бірнеше азамат осындай тәртіп пен несиесін қайта рәсімдеп, жеңілдікке қол жеткізген.

– Бізге жекеменшік балабақшаның директоры көмек сұрап келді. «Қол астымдағы тәрбиешімнің бірнеше миллион несиесі бар. Шоттары бұғатталған. Еңбекақысын аударсам, ұстапқалады. Өткен жолы маған айлығын қолма-қол беруді өтінген.

Ал, мен олай істей алмайтыным ды айттым. Содан кейін ол «Құжат бойынша мені жұмыстан шығарыңыз. Ал, іс жүзінде жұмыс істей берейін. Айлығымды қолма-қол төлеп отырыңыз» деп өтінді. Маған олай да жасауға болмайды. Егер, сөйтіп істесем, заң бұзушылық тіркеледі. Көмектесіңіздерші» деп бізге келді.

Сөйтіп, ол азаматшаны шақыртып алдық. Жасы 30-дан енді асқан. Ажырасқанына да көп бола қоймапты. Кезінде күйеуі әйелінің атынан көлік алуға несие рәсімдеген. Кейін жол апатына түсіп, көліктің сау-тамтығы қалмайды. Сөйтіп, күйеуі жарамсыз болып қалған көлік үшін несие төлегісі келмейді. Арада жанжал туып, екеуі ажырасып кетеді. Әйел бір баласымен жалғыз қалады. Баланың әкесі алимент төлеуден бас тартқан. Ісі сотқа кетсе, айлығының 50%-ын автоматты түрде ұстап қалады. Қалған ақша екеуінің өмір сүруіне жетпейді. Сөйтіп, біз қажетті құжаттарды жинап, банкке өтініш қалдырдық. Қазіргі уақытта төлем кестесі қайта құрылды. Ай сайын төлейтін 130 мың теңгенің орнына небәрі 45 мың төлеп отыр, – деді Әсел Асанқызы.

«Қайта бастау» – қанатқақты жоба

Қарағанды өңірінде биыл жыл басынан бері облыс әкімдігі мен «AMANAT» партиясы өзара меморандумға қол қойған. Осы меморандум аясында «Қайта бастау» пилоттық жобасы іске қосылыпты. Бүгінде бұл бастамаға облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков тікелей жетекшілік етіп отыр.

– Біз арқылы банкроттық рәсімінен өтіп, оң шешім алғанталай азамат бар. Қазіргі таңда олардың бірқатары жұмыссыз. Сондықтан, біз бұл адамдарды назарда ұстаймыз. Яғни, «Қа- рызсыз қоғам» жобасы арқылы банкроттық рәсімі жүргізілген азаматтарды автоматты түрде облыс әкімдігіне жолдаймыз. Ал, әкімдік тарапынан олар арнайы оқуға жіберіліп, әрі қарай жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылады. Біз оларға мойнындағы қарызынан құтылуға көмектестік. Егер олар сол күйі жұмыссыз жүре берсе, ертең тағы да қарызға батуы әбден мүмкін. Сондықтан, олар несиесіз өмірді бастау үшін екі тарап осындай келісімге келген едік, – дейді Әсел Асанқызы.

Бұл жоба жыл басында пилоттық режимде Бұқар жырау мен Осакаров ауданында іске қосылған. Маусым айынан бастап, өңірдің барлық қала, аудан және ауылында іске асырыла баста- ды. Бүгінде жыл басынан бері 900-ге жуық адам қарыздан құтылып, түрлі салада жұмыспен қамтылыпты. Осы бағытта ең белсенді нәтиже көрсетіп отырған аудан – Осакаров. Аудан азаматтары жаңа жұмыс орындарына орналасып, жаңа өмір бастауда.

Түйін

Қаржылық сауаттылықты арттыру – тек қарыздан құтылудыңғана емес, тұрақты әрі жауапты өмір сүрудің алғышарты. Осы мақсатта qogamfin.kz сайтында арнайы әзірленген 24 бейнеса- бақ жүктелген. Оның 14-і заңдық сауатты арттыруға бағытталған. Бұл бейнематериалдарда барлық ақпарат қарапайым тілмен, бүге-шігесіне дейін түсіндірілген.Алайда, көпшілік бұл мүмкіндікті пайдалануға құлықсыз. Қызығушылық танытып, ден қойып үйренудің орнына қаржылық қателіктерге қайта-қайта ұрынып жатады. Шын мәнінде, қажет білім – қолжетімді. Тек ниет пен жауапкершілік қажет.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button