Қаражал

Қаражалдағы қоныс тойы

Тәуелсіздік көшесіндегі қайта қалпына келтірілген 12 пәтерлік тұрғын үй өз иесін тапты. 8 медицина қызметкеріне пәтер кілті тапсырылды. Қалған төрт пәтер таяуда келетін ақ желеңді абзал жандардың отбасына беріледі. Бір айта кетерлігі, пайдалануға берілген жаңа пәтерлер тұрмыстық техника және үй жиһазымен жабдықталған.

– «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында кейінгі екі жылда көпқабатты төрт үй қалпына келтірілді. Оған бюджеттен 1,5 миллиард теңге шамасында қаражат бөлінді. Биыл Тәуелсіздік көшесіндегі тағы бір үй кезекте тұрғандардың игілігіне айналады. Мемлекеттік бағдарлама аясында шамамен аймақтағы екі жүз отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

– Бүгін пәтер кілтін медицина қызметкерлеріне тапсырдық. Осылай маман тапшылығынан арылуды жөн көрдік. Мұндай маңызды әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға белсенді атсалысқан «Өркен-Атасу» компаниясының басшылығына өте ризамыз. Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен «АрселорМитталТемиртау» АҚ арасында жасалған Меморандумға сәйкес басқа аймақтан шақырылған медицина қызметкерлерінің негізгі жалақысына үстеме қосылады, – деді, жаңа пәтер иелерін қуанышымен құттықтаған қала басшысы Тілектес Досаев. «Өркен-Атасу» компаниясының қаладағы өкілдігінің директоры Марат Бәкенов пен қалалық орталық аурухананың бас дәрігері Асан Қабылов та қуанышқа ортақтасып, құтты қоныс болуын тіледі. Қуаныш иелерінің атынан қалалық орталық аурухананың терапевт-дәрігері Өткір Мамиров пен медбикесі Құралай Жақсылық алғыс айтты.

Әлібек ӘБДІРАШ. 

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button