Жаңалықтар

Қарағандыда отбасы бақытын тапқан

Қарағанды техникалық университетіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ұйымдастыруымен 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Бір шаңырақ астында» аймақтық дөңгелек үстелі ZOOM платформасында өтті.

  • Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен енгізілген Алғыс айту күні – ерекше мейрам. Бұл – елімізде өмір сүретін түрлі этностардың бір-біріне мейірімділік танытып, жер аударылған халықтарды туысындай қабылдаған қазақтарға деген құрметі. Келісім мен тұрақтылық, бай тарихымыз, тамыры тереңде жатқан халық даналығы, ата-бабаларымыздың мейірімі мен кең құшағы бізді біртұтас мемлекет етті, – деді шараны ашқан ҚХА кафедрасының аға оқытушысы Жарқын Түсіпбеков.

Тарихшылар, этномәдени бірлестік өкілдері, оқытушылар және студенттер қатысуымен өткен шара барысында аталған мерекенің маңызына мән берілді. Этномәдени бірлестіктердің тұрақтылық пен келісімді нығайтудағы, рухани құндылықтарды насихаттаудағы рөлі аталды.

Еліміздің көпұлтты болуы – бірнеше жылдар бойы әртүрлі халықтардың жер аударылған көші-қон толқынының нәтижесі. Оларды Қазақстанға қоныстандыру 1936 жылы басталып, 1949 жылы аяқталды. Осы уақыт аралығында елімізге 1 миллион 300 мыңнан астам адам көшіп келген.

  • Біздің арғы аталарымыз қазақ халқының арқасында қиындықтарға қарамай жеңіске жету үшін барлық мүмкіндікті жасады. Бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, гүлденген мемлекет құруымыз үшін жас ұрпақ атабабаларымыздың басынан өткен қиындықтарды білгенін қалаймыз, – деді кәріс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Лилия Ким.

Литвалықтардың «Литуаника» этномәдени бірлестігі жастар қанатының төрағасы Вида Грейчуте өз отбасы туралы әңгімеледі. Ал, Шәкен аға – Грейчуте отбасына өте жақын тұлға. Өйткені, Вида ханымның атасы мен әжесі Литвадан «халық жауы» деген атпен Қазақстанға жер аударылып, қуғын-сүргінге ұшырағанда, қатаң тыйымға қарамастан, олардың некелерін тіркеуге көмектескен. Осылайша олар Қарағанды жерінде отбасы бақытын тапқан.

  • Менің атам 1999 жылы өз тарихи отанында қайтыс болды, бірақ, ол әрқашан қазақ жерін сағынышпен және ерекше құрметпен еске алатын. Балалық шағым, алған білімім және тапқан достарым үшін Қазақстанға өте ризамын, – дейді Вида Евгеняус.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button