Қаңылтыр құюшылар қарқыны – күшті

Қарағандының құрыш құюшылары биылдың екінші тоқсанында қаңылтыр илеуде белгіленген межеден асып түсті. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ №2 қаңылтыр илеу цехы жоспарын 106%-ға асыра орындады деп сүйіншілейді компания.

Компания басшылығының айтуынша, мұндай табысқа жетуге цехтың екінші бөлімшесін оған қажетті шикізатпен толық қамту ықпал еткен. Негізі, цехтың бірінші тоқсандағы жоспары – 155 мың тонна деп белгіленген. Ал, қазір нақты – 165 мың тонна жөнелтіліпті. Қаңылтыр илегінің жоспары жыл басынан бері 52 мың тоннаға, яғни, 122,3%-ға асыра орындалыпты. Наурызда осы жылы алғаш рет айына 100 мың тонна қаңылтыр илегін шығарды.

Компания биыл цехта көптеген күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдейді.

Өйткені, былтыр жоспарланған жұмыстар індет салдарынан іске аспай қалыпты. Дегенмен, қажетті жабдықтар сатып алынған. Сондықтан, 2021 жылдың соңына дейін екі жылдағы жөндеу жұмыстарын еңсеру міндеті тұр.

Қазір 4 негізгі жоба құпталған. Бұл – екі электр машинасының күрделі жөндеуі. Үшінші жоба – жылу бөлімшесінде муфельдерді сатып алу және орнату. Бұл жоба осы учаскенің жоспарланған көрсеткіштерге сәйкес өнімді жөнелтуіне мүмкіндік береді. Ең бастысы – қауіпсіздік басты назарда.

Дмитрий Вальман, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ №2 қаңылтыр илеу цехының бастығы:

– Пандемия бүкіл комбинаттың жұмысына өзгерістер енгізгені белілі. Ондай өзгерістерден №2 қаңылтыр илеу цехы да сырт қалған жоқ. Қазіргі таңда цех қауіпсіздік техникасын сақтанудың ерекше режимінде жұмыс істейді. Цех жұмысшылары уақытының 60%-дан астамын цех алаңында өткізеді. Соған байланысты әр қызметкердің қауіпсіз жұмыс қағидалары туралы ұдайы айтылады. Бұрын ауысымда баршаға бірдей ұйымдастырылса, енді карантиндік шараларға сай әр адаммен жеке оның жұмыс орнында өткіземіз.

Қ.Асқарқызы.