2019: Аудандарда не жаңалық?

Абай

Биыл Абай қаласында «Спорт аллеясы» және «Коммуналдық қызметкерлер аллеясы» ашылды. Коммуналдық қызмет мамандары, спортшылар, ардагерлер мен қала тұрғындары жаңа аллеяларға 200 қарағай мен терек көшеттерін отырғызды.

Ақтоғай

Ақтоғай ауданында жаңадан салынған екі қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Аудан орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 12 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үй салынып, әлеуметтік қорғалатын азаматтар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балалар мен жас мемлекеттік қызметкерлер баспанамен қамтылды.

Бұқар жырау

Жыл басында Ботақара кентінде әлеуметтік көмекке мұқтаж 16 отбасы баспана кілтіне ие болды. 16 пәтерлік жалдамалы үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып, тұрғын үй кезегінде тұрғандарға берілді.

Жаңаарқа

Жаңаарқалық жергілікті қымыз өндірушілер «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға өз үлестерін қосты. Жаңаарқа ауданының 12 ауылы мен екі кентінен жиналған 1000 адам бір мезетте 10000 литр қымызды күбіге құйып пісіп, әлемдік рекорд орнатты. Сарапшылар сусын көлемін, қатысушылар және күбі санын тіркеді.

Қарқаралы

Қарқаралыда Алаш арыстары – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков және Ахмет Байтұрсынға арналған композициялық ескерткіш бой көтерді. Ескерткіш Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда атқарылатын 19 жобаның бірі ретінде жүзеге асырылып отыр.

Нұра

Нұралықтар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының игілігін алғашқылардың бірі болып сезіне алды. Биыл аталмыш бағдарлама аясында ауданда 6 жоба жүзеге асқан. Оған қазынадан 450 миллион теңгеден астам қаражат бөлініпті. Бұл аудан орталығының ажарын арттыруға айтарлықтай оң ықпал етті.

Осакаров

Осакаров ауданы ПБ жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы Бейімбет Қанжанов «Париж Гранпри» халықаралық турнирінде І орынды иеленді. Дүбірлі дода 2019 жылдың 25 мамырында Франция астанасындағы «Stade Charléty» спорт-ойын-сауық аренасында өткен. Оған 12 елден 32 клуб пен 133 спортшы қатысты.

Ұлытау

Ұлытауда өткен Халықаралық ауыл жастарының форумына бес мемлекеттен және еліміздің 13 өңірінен белсенді жастар жиналды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, қазақ жерінде жерленген Алтын Орданың негізін қалаған хан ұлы Жошыға бүкіл әлемнің назарын аудартып, оның кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру және Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу туралы айтты.

Шет

Шет ауданына қарасты Талды ауылының аумағынан табылған тас пирамиданы археологтар қола дәуірінің Бегазы-Дәндібай мәдениетіне жатқызды. Үш мыңжылдық тарихы бар қорым сол заманның белгісіз билеушісіне тиесілі деген болжам бар.

Аяулым СОВЕТ,

 Сағыныш ӘБІЛ,

Думан ҚАБЫЛ.