Жаңалықтар

Бейнелеу өнеріне баулиды

Қарағандыда «Мен – суретшімін» әлеуметтік стартап-мобильді шеберханасы іске асырылуда. Оның бастамашылары – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің философия және психология факультетінің студенттері. Болашақ әлеуметтанушылар – Айдана АЛМАЖАНОВА, Вероника ПЕРОВА, Наиля ҚАСЫМОВА және Назгүл ТЫҢҒЫШЕВА көркемөнер мектебі жетіспейтін Пришахтинск тұрғындарын сурет салуға үйреткісі келеді.

Қыздар идеясын жүзеге асыруға Дүниежүзілік банк және ҚР БҒМ Zhasproject бағдарламасы бойынша грант алған.

– Өз дағдысын басқалармен бөлісуге дайын шығармашыл азаматтар тобын құрдық. Пришахтинскіде балалар тегін баратын бірде-бір сурет мектебі жоқ. Біз сурет салу және шығармашылық қолөнер бағытында шеберлік сабақтарын өткіземіз. Онда әркім өзін суретші сезініп, өз даралығын көре алады, – дейді Вероника Перова.

Сондай-ақ, ол осы жоба болашақ мамандығына байланысты екенін және іс жүзінде қоғамдық қажеттілікті білуге көмектесетінін атап өтті.

Бастамашыл студенттер Zhasproject бағдарламасы хақында жобаның тәлімгері болған, саясаттану және әлеуметтану кафедрасының жетекшісі, доцент Анжела Инджиголяннан білген.

– Студенттерімнің әлеуметтік кәсіпкерліктің бірегей практикалық тәжірибесін алуынан үміттімін. Байқауда жеңіске жету оңай болған жоқ. Олар жабдық пен қажетті материалды сатып алатын бюджетті өз бетінше дайындады. Жоба туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланады. Бұл – болашақ мамандық үшін де, өмір үшін де пайдалы дағдылар, – дейді тәлімгер.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button