Ұлы Жеңіске - 75 жыл

«Өзім оқ, өзім бомба, өзім танк…»

Ақсүйек өнер айтыстың қайта түлеп, жанданған тұсы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен тұспа-тұс келгендігін ешкім жоққа шығармайды. 1943 жылы Алматыда жалауы көтерілген жыр додасы, айтыс ақындарына аса үлкен жауапкершілік жүктеді. Сол тұста жыр алыбы Жамбылдан бастап, жеңіске үн қосқан ақындар аз болмады. Солардың қатарында қалың елді қанаттандырып, жұрттың жігерін жырмен жаныған халық ақыны, әнші, композитор Шашубай ҚОШҚАРБАЙҰЛЫ да болды.

Біз Шашубай ақынның шығармаларынан Совет жауынгерлерін жауға қарсы жігерлендірген өлеңдерін жиі ұшырастырамыз. Тіпті, жауынгерлердің намысын найзағайдай ойнатып, шар болаттай шыңдалуына әсерлі күш болғанын анық аңғарамыз. Соғыс уақытында жырлары газеттерде, оның ішінде «Балқаш жұмысшысы» басылымында үнемі жарияланған. Алдымен от ауыз, орақ тілді ақынның 1943 жылы 14 тамызда Көшен Елеуовпен болған айтысына тоқталайық. Бұл халық ақындарының айтысында Қарағандының намысын Көшен қорғаса, балқаштықтардың атынан Шашубай шығып дүбірді қыздырған.

Көшен:

«Балқытқан мың тонналап болат темір,

 Орасан заводтардың жаны – көмір!

 Майданға қару-жарақ, азық-түлік,

 Таситын темір жолдың қаны – көмір…»

 деп көшелі ойын көркем жеткізеді. сонда Шашубай:

«Жерім бар көз жеткісіз кең шалқыған,

 Дүние таңырқаған зор даңқынан.

Көпіртіп, көк теңіздің көбігіндей,

Сол жерден мың-мың тонна мыс қалқыған» деп соғыс жағдайына тоқталып, әрі қару жараққа қажет өнімдер Балқаш өңірінде өндірілетінін өршіл рухта жырлайды.

Жыр сүлейі Болман Қожабайұлымен болған айтыста Шашекең ақ алмастай өткірлік танытып, соғыс туралы толғаулы ойларын төкпелеп, теңдессіз теңеулерін жеткізген. Ақындар өнеркәсіптердің жетістіктерін, табыстарын жіпке тізгендей баяндайды. Бір-бірінің кемшілік жақтарын да тіліп айтады. Айтыс барысында мол мәліметтер жинап, зор дайындықпен келгендігі байқалады.

Шашубай:

«…Мақтадың, Болман шырақ, комбинатты

Есіңе аламысың майдан жақты.

Алты айда кем бергенін білемісің,

Екі жүз отыз мыңдай снарядты?!

Балқашқа берген кенің тат боп шығып,

 Бес жүз тонна мыс соңынан жетпей қапты» деп шүйліксе, Болман ақын:

…Заводым отырған жоқ отқа қарап,

 Майданның керегіне жатыр жарап.

 Өндіріп жоспардан тыс қаншама мыс,

 Сізді де соңғы екі айда қалды жанап» деп жауап қатады.

Сұсты соғысты әсерлі тілімен жырлаған

Шашубай:

«…Өзім оқ, өзім бомба, өзім танк,

 Өзім кен, өзім қазына, өзім алып.

 Майданға көмегімнің көптігіне,

 Жетеді қашаннан да көзім анық» деп төкпелейді. Сексен жасқа таянған ақынның Болманға айтқан мына бір шумақтарынан шын талантқа тұсаудың жоқтығын анық көреміз:

«…Биылғы жыл табыс пенен жеңіс жылы,

 Биылғы жыл қалмасын фашист тірі.

Жер үстінен зұлым жау өліп бітсін,

Елімде желбіресін Жеңіс туы!

 Балқаш пен Қоңыраттың қыз бен ұлы,

 Өнімді арттыра бер күндіз-түні.

 Майдандағы еріңнің күшін шыңдап,

 Табысыңмен қарсы ал, Жеңісті ұлы!»

 сондай-ақ, 1946 жылы 23 мамырда Балқаш қаласында халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың 100 жасқа толу мерекесіне орай мыс зауытының Орталық жұмысшылар клубында Шашубай мен Болманның толғаулары тыңдалады. Сонда Шашубай:

«…Қырымнан аю көрсе тарпа басар,

 Нұркенім дауылпазым бала қыран:

Арқадан қан майданға түлеп ұшып,

 Тобына қас жауының жай боп түсіп.

 Үйірін озбырлардың жіберді өртеп,

 Жемтігі жатпасын деп жерде  ыбырсып.

Қаһарлы қанды кекпен қанат жайып,

 Нұржанов, Мамыраев, Біреуісов.

 Ақырып арыстандай ұмтылғанда,

 Мыңдаған қаныпезер болған майып.

Қиратып жендеттердің шаңырағын,

 Көрсетті аса қайрат ерге лайық» деп толғайды. Соғыс жылдарында да қолынан гармонын тастамаған ақынның жалынды жырлары «Қосылып дауысына зеңбіректің, Гармонды қолға аламын безеп мен де» деп саяси ауқымда өрбитіндігін байқаймыз.

Қоңырат пен Балқаш жастарының айтысын арнаумен ашқан Шашекең:

«Майдандық батыр ұлдарым,

 Жеңсін деп қас-дұшпанын,

 Сексенге келген мен – дағы,

Сөз найзасын ұштадым», – деген екен. Ақынның арнау, үндеу түрінде келетін қаһарлы жырлары майдан мен тылды тегіс аралап, жауды жеңуге күш беріп, рухтандырды. Шашекең өз заманының атақты адамдарының көбімен сырлас болған. Сол тектілердің өнегелі жолын жалғады. Халқына, ізбасарларына, батыр бауырларына деген ықыласы ерекше ақын Мәлік Ғабдулинмен кездескенде:

«Амансың ба, қарағым, балам Мәлік

 Дұшпанның ордасына ойран салып,

 Ақтағын ана сүтін адал ұлым,

 Бері келші, бір сүйейін алдыма алып» деп емірене құшақтаған сәтін Арқа жұрты әлі күнге дейін аңыз қылып айтады.

 Сағынғали Сейіттің құрастыруымен «Сөйле, Шашеке!» атты жинағы және шашубайтанушы, жазушы Жанболат Башарұлының «Шашубай», «Шандоз» атты кітаптарын парақтап отырып, ақынның сол кездегі журналистердің де қызметін қоса атқарғандығына көз жеткіздім. Шашубайдың сөз барымтасына түскенде айтқан жырларын қара сөзбен баяндайтын болсақ, дерек пен дәйекке толы, ақпараттық сипаты басым көркем публицистикалық шығарма болып шығары сөзсіз. Шайырдың өзі айтпақшы, «Елімнің аяры жоқ, майдан, сенен, Жабдықтайды керектің бәріменен. Дүбірге еңбектегі үн қосамын, Көрсетіп мен де құрмет өлеңменен» деп соғыс жылдары халықты жігерлендіру рухында зор шабытпен жырлағандығын толыққанды айтуға болады.

Сөз соңында айтарым, бүгінгідей елімізде орын алған төтенше жағдай тұсында облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің жазба айтыс ұйымдастырып, ақындарымыздың елдегі жағдайды жаңа мазмұнда жырлауы – Шашекеңдерден қалған сара жол екені даусыз.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button