Жыршы-жыраулар сыныбы ашылды

Жыршы-жыраулық дәстүрдің ұмытылып бара жатқаны рас. Сонымен қоса, қазақы болмыс көмескіленіп, ұлттық рухымыз да әлсіреп бара жатқандай… Осы орайда, Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылындағы тірек-мектебінде аудан әкімдігінің бастамасымен Бұқар жырау Қалқаманұлы атындағы жыршы-жыраулар сыныбы ашылды. Бұл сыныпта өнерге бейім оқушылар жыршы-жыраулық пен айтыстың қырсырын меңгеріп, қабілет-қарымын шыңдайтын болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзегімен тікелей астасып жатқан бұл бастама көпшіліктің көңілінен шықты. Өйткені, техника дамып, жас ұрпақ ғаламторға таңылған заманда соқталы сөз зергері Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, бірегей туындыларының нәрін жас буынның бойына сіңіру, жыраулық өнердің құдіретін ұғындырудың өзектілігі артып отыр. Әрине, оқушылардың барлығы жыршы-жырау немесе ақын болып кетпес. Десек те, елін, жерін сүйетін, «сөз қадірі – өз қадірім» деп білетін азамат болып қалыптасары анық.

Жаңадан ашылған жыршы-жыраулар сыныбына танымал ақын Тілеген Әділов ұстаздық етпек. Мұнда оқушылар ақынжыраулар шығармашылығымен танысады, домбыра шертуді үйренеді. Әзірге 9 бала тәрбиеленуде. Басқа мектептерден де келіп, қатысуға болады.

 – Бұл – біз үшін айтулы тарихи оқиға. Екі апта бұрын ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, Абай атындағы коворкинг оқу орталығын ашқан едік. Оқушылар бос уақытында осында кітап оқиды. Мектебімізде талантты балалар баршылық. Болашақта солардың арасынан елді аузына қаратар жыршы-жыраулар шығарына сенемін, – дейді мектеп директоры Сәуле Артықбаева.

Жалпы Бұқар жырау ауданында ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеуге жете мән беріледі. «Руханият» қосымша білім беру орталығы – соның бір айғағы. Бастапқыда 50 оқушы мен 5 мұғалім ғана қызмет еткен тәлім ордасында бүгінгі таңда 600-ден аса оқушы домбыра, қобыз, ән-домбыра, жыршыжыраулар, театр, хореография, спорттық би, фортепиано, вокал, баян-аккардеон, бейнелеу өнерін меңгеруге ден қоюда. Филиалдары Көкпекті, Петровка, Байқадам, Керней, Белағаш, Сарытөбе, Үштөбе, Новостройка, Новоузенка, Заречный, Самарқанд ауылдарында орналасқан. Тәлім алушылар республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Грузия, Түркия, Қырғызстан, Ресей және тағы басқа да мемлекеттерде ұйымдастырылатын халықаралық байқауларда өнер көрсетіп, ел мерейін үстем етіп жүргендері де бар.

«Руханият» орталығы аудан әкімінің қолдауымен ауылдарда жыршы-жыраулар сыныбын ашуды қолға алған еді. Алғашқысы алты жыл бұрын аудан орталығындағы балалар өнер мектебінде ашылып, оған айтыскер Дидар Қами жетекшілік етуде. Былтыр белгілі ақын Айтбай Жұмағұлов жетекшілік ететін жыршы-жыраулар сыныбы Керней ауылында ашылған-тын. Енді, дәл осындай сынып Ғ.Мұстафин ауылында ашылмақ. Оған филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғап ұстаздық етеді. Аталған сыныптарда жалпы 50-ден астам бала тәрбиеленуде.

– Шынымен де осынау игі іске Бұқар жырау ауданының әкімі Шагурашид Мамалинов тікелей мұрындық болып, «кірпігін зорға қағып» жатқан жыраулық өнерге «жан кіргіземін» деп шырылдап жүр. Бұл – бабалар аманаты. Ортақ мүдделі іске үлес қосу ниетімен біз де сол аманаттың «қамытын киіп», атқа қондық. Өзегінде өлең-жырдың ұшқыны байқалатын балалар бар мұнда. Сарыауыз балапандардың бойына ұлы жыраулардың жырын талшықтап сіңіру – міндетіміз. Шетінен ақын, жырау болмаса да, қабырғалы қазақ болып қалыптасары анық, – дейді Тілеген Әділ.

Сыныптың салтанатты тұсау кесу рәсімін кеш қонағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, белгілі жырау Алмас Алматов пен ауыл ақсақалы Жақыпбек Шаяхметов іске асырды.

Өз лебізінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов «Рухани жаңғыру» деп айдар тағылып, ұран сөзге айналып бара жатқан істің нақты бір келбетін көріп отырмыз. Көп сөйлегеннен бір істі тындырған әлдеқайда артық» – деді.

Руханият десе, ішкен асын жерге қоятын Шагурашид Қалиұлының айтуынша, «қазақ ежелден ұл мен қыздың тәрбиесін жіті қадағалаған. Олардың бойына бабалар мұрасын сіңіру арқылы отаншылдыққа тәрбиелеу – қастерлі парыз».

Осы шараға арнайы келген «Қаратау» жыршылық мектебінің көрнекті өкілі, жыршы, термеші Елікбай Иса жас шәкірттерге батасын берді. Аймақтың Қойлыбай Асанов бастаған айтыскер ақындар, ұстаздар мен оқушылар, жалпы өнерсүйер қауым бас қосқан жиынның соңы мектептегі «Әуен» ансамблінің концертіне ұласты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта жыршы-жыраулар сыныбын басқа да ауылдар мен көрші аудандарда да ашу жоспарланған. Бүгінде нақты жемісін бере бастаған жыршы-жыраулар сыныптары болашақта үлкен мектепке айналуы бек мүмкін.

Ұлттық өнер мен салт-дәстүрді қастер тұтып, баба мұрасын құрметтейтін рухани кемел ұрпақ тәрбиелеуге ден қойған тараптың жұмысына біз де сәттілік тіледік.

Жәлел ШАЛҚАР