Жаңалықтар

Жырау туралы құнды еңбек

Қарағандыдағы Достық үйінде Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Инклюзивті қоғам» тақырыбында семинар өтуде. Шара аясында Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми сараптамалық кеңесінің мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жамбыл Артықбаевтың «Бұқар жырау: Ғұмыр белестері» атты кітабының тұсауы кесілді.

Жиынға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, тарихшылар, әдебиетшілер және кітапханашы мамандар қатысты. Кітаптың тұсауын Бұқар жыраудың тікелей ұрпағы, ұлағатты ұстаз, шежіреші – Ғалымтай Бахтиярұлы мен әлеуметтік ғылымдардың докторы Айгүл Сəдуақасова кесті. Қарағанды облысы əкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын естелік сыйлық тарту етіп, қазақы дəстүр негізінде автордың иығына шапан жапты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылымиағартушылық жобасы аясында «Мағжан» баспасында беттеліп жарық көрген кітапта Жамбыл Омарұлы ХVIII ғасырдағы қазақ идеологиясын жасаушы Бұқар жырау Қалқаманұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, бір жүйеге түсірген. Сондай-ақ, ғылыми сараптамадан өткен толық мұрасы жинақталып, жырау толғауларындағы көнерген ұғымдар мен түсініктерге талдау жасаған. Аталмыш еңбек – бұқартанушылар мен осы тақырыпқа қызығушылығы бар оқырман қауым үшін таптырмас олжа.

  • Қарап отырсам, ХVIII ғасырдағы қазақ өмірінің, бабаларымыздың болмысын жасау жолында біраз еңбектенген екенмін. Бұл кітап та сол жүйелі ізденістің жалғасы. Ерекшелігі – жырау толғауларындағы көнерген сөздерді зерттеу барысында «Көтеріп қазға салармын» деген тіркеске кездестім. Мұндағы «қаз» сөзі азаттық сүйген жауынгер рухты батырлардың жиыны. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда Парламент жиыны дегенге келеді. Осыдан келіп шығып, «қазақ» сөзі де, осы «қаз» сөзінен туындауы мүмкін деген қорытындыға келдім. Жалпы оқимын деген адамға кітапта біраз құнды деректермен қатар Бұқар жырауға арналған пьесам да бар, – деді Жамбыл Омарұлы.

Кеште жиылған қонақтар тақырыпқа сай сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды және де оқырманға жол тартқалы отырған аталмыш туынды туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Кеш соңында жиылғандарға естелікке кітап таратылып, автор қолтаңба берді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button