Жырау мұраларының жазба нұсқасы

XIX ғасырдағы алдыңғы қатарлы озық ойлы Еуропа оқымыстылары қазақ халқының шешендік сөздері мен ән өлеңдерін, тұрмыс салт жырлары мен тарихи дастандарын ел арасынан жазып алып, оны орысша, қазақша үлгіде Петербург, Қазан, Уфа, Омбы, Орынбор, Орал, Астрахан, Ташкент, Семей, Алматы қалаларында жариялап отырған. Мәселен, 1866-1907 жылдары Петербург академиясының академигі В.Радлов қазақ халық әдебиетінің негізінде 10 томдық жинақ шығарады. Соның «Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в южной Сибири и Джунгарской степи. Часть 3. Киргизское наречие» деген үшінші томы 1870 жылы Петербург қаласында шықты. Аталған еңбектің айтыс деген тарауында Жанақ пен Түбектің, Ұлбике мен Күдеріқожаның, Шортанбай мен Орынбайдың айтысы және оның «Зарзаман» өлеңі жарияланған.
Ал, фольклорист-оқымысты Г.Потанин 1989 жылы Сырымбет деген жерде Шортанбай мен Шөженің айтысын жыршылардан жазып алған. Сол айтыстың бір үзіндісін «Казак-киргизских преданиях» («Ж.ст. вып. П-Ш) деген еңбегінде жариялаған.
1883 жылы Ташкент қаласында «Кригизское хрестоматия. Сборник образцов народной литературы киргиз Туркистанского края» деген жинақ шықты. Оны құрастырған белгілі ғалым Я.Лютшь. Аталған жинақта Шортанбайдың «Зарзаман» деген өлеңі басылған.
Зарзаман деген сөз шықты,
Заманның қарай түріне.
Қыран құс қарар Қырымға,
Ит баласы – жырымға,
Парақорлар қызықты –
Пайдасы жоқ тиынға.
Сөйтіп, Шортанбай шығармалары XIX ғасырда екі жолмен ел арасына кең тараған: әуелі – ауызша, екінші – жазбаша.
Өлең сөздің асқан шебері Шортанбайдың бірінші кітабы 1888 жылы Татарстанның астанасы Қазан қаласында «Қисса-и Шортанбай, Шортанбайдың бала зары» деген атпен 19 бет болып жарыққа шықты. XIX ғасырда Қазан қаласында қазақ және шығыс елдерінің кітаптарын басатын 13 баспахана болған. Міне, өте беделді осы баспахана 1890, 1901,1906 жылдары қазақ ақыны Шортанбайдың «Қисса Шортанбай. Шортанбайдың бала зары» деген кітабын 3 рет жариялаған. 1897 жылы Қазан қаласындағы М.Чиркованың баспаханасында «Қисса и Шортанбай. Шортанбайдың бала зары» атты кітабы қайталап басылды.

Сұлтанғали СОДЫРБАЙҰЛЫ,
әдебиет зерттеушісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.